11 Сәуір, 2014

Жетімі жоқ жер

507 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Соңғы жылдары өңірде жетім балаларға қамқорлық жасау қолға алынып, бұл тарапта бірқатар жобалар жүзеге асырыла бастады. Әлеуметтік саланы әлеуеттендіру жөніндегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген маңызды міндеттердің қатарында жетім балаларды жебей жүру де бар. Бұл ретте аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың тікелей жетекшілігімен «Мейірім» жобасы қолға алынғанына біршама уақыт болды. Аталған акция аясында аймақтағы асыраушысынан айрылған бүлдіршіндерге бірқыдыру көмек берілуде. Мысалы, «Мейірім» акциясы шеңберінде облыс көлемінде 1 815 бала қамқор­лыққа алынып, патронаттық тәрбие беретін ұйымдар санын арттыруға қол жеткізілді. Тағдырдың талқысымен түр­лі жағдайда ата-анасынан айрыл­ған балалар қай жерде де кездеседі. Бұл – тіршілік заңы. Ал оларды жетімсіретпеу өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның ізгілігін көрсетеді. «Жетім қозы – тасбауыр, түңілер де отығар» деген халықтық тәмсіл де тасбауыр жан тәрбиелемеуге шақырған адамгершілік ұраны болса керек. Сондықтан аймақта облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен ұзақ мерзімді «Жетімі жоқ аймақ» жобасы жүзеге асырыла бастады. Бұл жобалардың барлығы жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың күнделікті өміріне, білім алуына және тәрбие­сіне көмек көрсетуді көздейді. Сондай-ақ, асырап алу арқылы жетімдердің санын азайту мен балалардан бас тартудың алдын алуға бағытталған. Шығыс өңірінде жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жолға қойылып келеді. Атап айтқанда, бүгінге дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі бойынша балалардың есеп-шоттарында қордаланған қаржы көлемі 167 млн. теңгеге жетті. Республика көлемінде алғаш­қылардың бірі болып, жеті­мін жебей жүруге ұмтылыс жаса­ған бағдарламаның нәтижесі айтар­лықтай. Соңғы жылдардың өзінде жетім балаларға 133 пәтер берілді. Оның ішінде 117 пәтер мемлекеттік бағдарламалар бойынша, 16 пәтер демеушілердің көмегі есебінен сатып алынды. Биыл да бұл тараптағы қамқорлық шаралары жалғасын табады. 2014 жылы Риддер қаласында – 24, Аягөз ауданында – 2 жетім бала­ға пәтер кілтін табыс ету жос­парланып отыр. Облыстық білім басқар­масы­ның басшысы Асқар Нұрға­зиевтің айтуына қарағанда, «Жетімі жоқ аймақ» жобасы – ұзақ мерзімді бағ­дарлама. –  Басты мақсатымыз жетімдерге арналған интернаттардың санын азайту. Облыста мұндай тәжірибе бұрын да болған. Сараптама нәти­жесі көрсеткендей, балалар үйінің санын жыл сайын бір бірлікке азайту жұмыстары бойынша оң үдеріс байқалып отыр. Мәселен, 2013 жылы 23 тәрбиеленушіні интернат қызметкерлерінің қамқорлыққа алуы арқылы Шүлбі балалар үйі жабылды. Осы орайда айта кету керек, шығыс өңірінде асырап алған балалар саны 7,6 пайызға, патронаттық тәрбиеге берілген балалар саны 23,3 пайызға ұлғайды, – деді басқарма басшысы. Алдағы уақытта жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған мекемелер жүйесінің санын азайтуға бағытталған жұмыстар жалғасын табады. Бүгінгі күннің өзінде Зырян, Шемонайха, Үржар, Аягөз аудандарынан отбасы үлгісіндегі балалар үйін ашу туралы ұсыныстар аз емес. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».   ӨСКЕМЕН.