Қоғам • 27 Сәуір, 2022

Қараусыз мал – ұрыға оңай олжа

295 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күні кешегі коронавирустың өршіген кездері көпшілік бұрынғы тіршілік ырғағынан жаңылғаны, шектеулердің көп мәселеде қолбайлау болғаны мәлім. Алайда ұрылар үшін пандемияңыз пәлендей кедергі болмаған сыңайлы. Жуырда Түркістан облысының Ордабасы аудандық сотында бір топ адамға қатысты ірі көлемде мал ұрлығы фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. Облыс аумағында 2020-2021 жылдар аралығында 5 сотталушы алдын ала сөз байласып, жылқы ұрлаған. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық залал – 15 250 000 теңге.

Қараусыз мал – ұрыға оңай олжа

Ұрылардың қылмысы дәлел­деніп, сот үкімімен төртеуі – 5 жыл 6 ай, біреуі 5 жыл мер­зімге бас бостандығынан айы­рылды. Жалпы, облыс поли­цейлерімен соңғы үш айда сегіз қылмыстық топ ұсталған. Оның ішінде 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, мал ұрлығының 19 жайтына қатыстылығы анықталды. Үш айдың қорытындысына сәйкес аудан, ауыл, елді мекендерден ұрланған 302 малдың 139-ы заңды иелеріне қайтарылды. Оның 68-і қора-жайлардан, 42-сі жайылымдардан ұрланғандығы анықталған. Облыс полицейлері мал ұрлығына тосқауыл қою амалдарын қарастырып, алдын алу жұмыстарын күшейтуде. Бұл орайда Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов Ішкі істер министрлігінің «Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында сараптамалар мен талдаулар жүргізіліп, нақты міндеттер белгіленгенін айтады. «Мал ұрлығы, әсіресе ауылдық жерлерде көп болатыны белгілі. Мемлекет басшысының бас­тамасымен Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» туралы жеке бап енгізілген болатын. Соған сәйкес өзгенің күн­көрісіне айналған төрт түлік малын ұрлап, оңай олжаға дәнік­кен барымташыларға жаза күшейтілді. Қазіргі таңда облыста мал ұрлығы қыл­мыс­тарын әшкерелеуге кри­миналды полиция қызмет­керлері, ал бұл қылмыс түрін болдырмауға учаскелік полиция инспекторлары бар күштерін салуда», дейді полиция генерал-майоры.

Жайылымда, жол жиегінде бақташысыз жүрген малдар жиі ұрланады. Бұл тұрғыдан малдарын қараусыз жіберген азаматтарға да әкімшілік шара қарастырылған. Жыл басынан бері облыстың елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидаларын бұзып, жайылымдарда малдарын қа­рау­сыз қалдырған 1 743 тұлға Әкім­­шілік құқық бұзушылық тура­лы кодекстің 408-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тар­­тылған. «Мұндай құқық бұзу­шылықты болдырмас үшін учас­келік полиция инспекторлары тұрғындарға түсіндірме жұмыс­тарын жүргізіп, жоғарыда атал­ған бағдарламаға сәйкес мүдделі органдармен бірлесіп мал иесі, жер­гілікті атқарушы орган және бақташы арасында бүгінгі таңға дейін үш жақты 3 425 келі­сім жасалды», дейді полиция департаментінің басшысы.

Мал ұрлығының алдын алу­дың тағы бір жолы – ұр­лан­ған малдарды көлік құрал­дарымен тасымалдау ықти­мал­­­дылығы жоғары және мал базар­ларға баратын тас жолдарды бақылап, қадағалау. Осы орайда патрульдік полицейлер ветеринария қыз­меті­мен бірге жұмыс атқарады. Соң­ғы 3 ай көлемінде өңірде жүр­гі­­зіл­ген профилактикалық іс-шаралар кезінде 1 756 көлік тоқтатылып, 4 060 мал басы тексерілген. Нәтижесінде, құ­жат­сыз мал тасымалдаған 336 тұлғаға қатысты іс-құжаттар жинақталып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабына сәйкес әкімшілік шара көру үшін ветеринария бөліміне жолданыпты. Соны­мен қатар бүгінгі таңда депар­тамент басшысы Мұрат Қаб­деновтің нұсқауымен мал ұр­лы­ғы қылмыстарын болдыр­мау мақсатында «түнгі топ» құ­рылып, жұмыс істеуде. Тәжі­рибелі тәртіп сақшы­лары­нан құрылған топ облыс көлемінде мал ұрлығына тосқауыл қоюмен айналысады.

Қылмыстың алдын алу іс-шараларының нәтижесінде облыс аумағында жыл басынан бергі көрсеткіштер бо­йынша былтырға қарағанда мал ұр­лы­ғы қылмысының тіркелімі 33,7 пайызға, яғни 92-ден 61-ге төмендеген. Ал мал ұрлығының ашылымы оның ішінде ауыр санаттағы мал ұрлығы 60,4-тен 73,7-ге, орта санаттағы мал ұр­лы­ғының ашылымы 34,8-ден 46,2-ге жоғарылаған. Сондай-ақ наурызда өңірде «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген болатын. Аталған іс-шара кезінде түркіс­тандық полицейлермен 18 дерек жоғалған малдар табылып, иелеріне қайтарылды. Төрт қыл­мыстық топ құрықталып, мал ұрлығының 9 жайты ашылған. «Мал баққанға бітеді дегендей, төрт түліктің қадір-қасиетін білетіндерге оның машақаты жақсы мәлім. Біреудің күнкөріс қылып отырған адал еңбекпен тапқан малына заңсыз қол салып, дайын асқа тік қасық болған ұрылар да баршылық. «Сақтық­та қорлық жоқ» демек­ші, мал ұрлығын болдырмау үшін, жайылымға қараусыз жібер­меген аса маңызды. Сон­дай-ақ әрбір мал басының сырғалап-таңбаланғаны жөн, өйткені бұл мал ұрлығы орын алған жағдайда, қылмыстың ашылуы­на, ұрланған малдың заңды иесіне қайтарылуына көп сеп­тігін тигізеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл қылмыс түрін жоюға аса мән бергендіктен мал ұрлығы­мен айналысқандарға ауыр жаза қолданылады. Бұдан бөлек ендігі жерде мал ұрлағандар мен малынан айырылғандар бұрынғыша өзара ымыраға келе алмай­ды. Оған қатаң тыйым салынған. Кім болса да заң алдында жауап береді», дейді полиция генерал-майоры М. Қабденов.

Айта кетелік, мал ұрлығы қыл­­мысын ашу мен алдын алу, ескерту мен ауыл шаруа­шы­­лы­ғы малдарын бірдей­лен­­діру мақсатында жуырда Мақтаарал ауданының поли­цей­лері кеңейтілген кеңес ұйым­дас­тырды. Жалпы, облыс поли­цейлері мал ұрлығының көбеюі­не себеп – тұрғындардың сал­ғырт­тығы мен қараусыз қал­дыруы екендігін де айтуда.