Аймақтар • 27 Сәуір, 2022

Ақын атындағы мектеп аянышты күйде

260 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Хакім Абайдың қасиетті қара өлеңі, ұлағатты сөзі, бүтін болмысы, барлығы да қазақ халқының рухани биігі, кемел дәрежесі деу­ге болады. Ұлы Абайды ұлықтау, қадір тұту – бүгінгі ұрпаққа парыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұлы тұлғаның 175 жылдық мерейтойы елімізде жоғары деңгейде аталып өтті. Мемлекет басшысы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты еңбегінде де хакім Абайдың даналық сипатына кеңінен тоқталған болатын. Әрине, Абай сияқты алып тұлғаны ұлықтау мұнымен бітпейді.

Ақын атындағы мектеп аянышты күйде

Елімізде талай жас өскін ха­кім тағылымын жадына тоқып, оның шығармаларында кезде­се­тін өмірлік қағидаттарды ілім ретінде игеруде. Елімізде көп­те­ген мектеп Абай атымен аталады. Бұл да елдің ертеңі болатын ұландарға жоғары жауапкершілік жүк­тейтіні анық. Десе де, бір жағынан ұлы тұлғаны ұлықтап жатсақ, екінші жағынан ұмытып бара жатқандаймыз. Бұл орайда, көзден таса, көңілден ұмыт қалып отырған күрделі мәселе де бар. Талай жылдан бері көпшілікті тол­ғандырған түйткілдің түйіні әлі тарқамай келеді.

Жаңа ғасырда еліміз жаңаша бетбұрыс­тарға барып жатқан ке­зең­де, білім саласы да айтар­лық­тай дамып отырған уақытта Шу қаласындағы Абай атындағы орта мектептің жағдайы тым мү­ш­кіл болып тұр. Талай жылдан бері еш көңіл бөлінбеген білім ошағының бүгінгі жағдайы ая­нышты күйде. Басқа-басқа, білім ошағының басынан бағы тайғандай күй кешуі, хакім атын­дағы мектептің аянышты күйге түсуі ешкімді де бейжай қал­дыр­масы анық. Аз-кем мектеп тарихына тоқталсақ, бұл нысан 1929 жылы салынған. Білім оша­ғының тоқсан жылдығы өткен соң әйтеуір әупірімдеп жүріп біраз жөндеу жұмыстары жүргізілгені болмаса, мектепке осы уақытқа дейін ешқандай кө­ңіл бөлінбеген. Қазіргі уақытта нысан құлаудың аз-ақ алдында тұр. Ішінің де, сыртының да бұл күнде тоз-тозы шыққан. Басқа барар жер жоқ болған соң, қазіргі кезде балалар да қауіпті нысанда білім алуға мәжбүр.

«2019 жылы мектептің тоқсан жылдығын өткіздік. Сол уақытқа дейін мұнда ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бү­гінде мектепте 702 оқушы оқи­ды. 59 мұғалім еңбек етеді. 31 сынып бар. Бірақ өздеріңіз көріп тұрғандай, жағдайы нашар. Барлық мектепте бар спорт залы бізде жоқ. Бірақ білім сапасы өте жақсы деп айта аламын. Биыл мектепті 3 үміткер «Алтын белгіге» бітірді. Оқушылардың талпынысы көңіл қуантады. Енді бізге жаңа ғимарат керек. Осы мәселеге жоғарыда отырған азаматтар назар аударып, оңынан шешіп берсе екен дейміз. Аудан әкімдері де келіп, көріп кетеді. Біз басшылардан жақсы нәтиже күтеміз», дейді Абай атындағы орта мектептің директоры Унас Халықова.

Жалпы, бұл мектептің білім сапасының жоғары екені жиі айтылады. Тіпті, жергілікті ата-аналар да балаларын осы білім ошағына беруге талпынады екен. Талай оқушы республикалық, облыстық пән олимпиадаларында жүлдегер атанып жүр. Сондай-ақ спортта да балалардың жеткен жетістіктері аз емес.

Негізінен аталған білім оша­ғы әуелі 460 балаға арнап са­лынған. Басында бұл Қазақстан темір жолына қарасты №307 мектеп болған. Кейіннен әр жылдары №32, №37 мектеп болып аталған. Ал тоқсаныншы жылдардың со­ңын­да Абай Құнанбайұлының есімі берілген. Бірақ сол білім ошағының бұл күнде атына заты сай болмай тұр. Шынын айт­қанда, салынғанына бір ға­сырға жуықтаған, жөнді жөн­деу көрмеген мектептің жағ­да­йына жергілікті ата-аналар да алаңдаулы екен. Беті аулақ, бірақ бәрінде балаларды ескі ғимарат қай күні басып қала­ды деген қауіп басым. Оның үс­ті­не, мектептің жылу жүйесі де дұрыс жұмыс істемейді. Мектеп басшылығы жоқтан бар жасап, балалардың денсаулығы үшін иілгіш түтікке ыстық су жіберіп, сол арқылы нысанды «жылытып» күн көруде. Оны терезеден сыртқа асып қойған. Кезек-кезек түтіктегі суық суды ағызып, орнына ыстық су құйып әуреге түсіп жүрген ел. Ал бастауыш сыныптың оқушылары кеңес ке­зі­нен қалған, тақталардан жа­сал­ған парталарда отырып оқуға мәжбүр. Одан басқа мүм­кін­дік те жоқ. Бұдан бөлек, бұл күнде бала саны да артқан. Өзі шағын, өзі ескі ғимаратта таласып-тармасып күн көруде.

«Менің қызым осы мектепте биыл 11-сыныпта оқиды. Мектептің берген білімі жақсы. Бірақ материалдық базасы өте нашар. Оқушылар 5-сыныптан бастап 10-сыныпқа дейін бір корпуста оқиды. Ал қыста суық. Жылу жүйесі дұрыс ор­на­тылмаған. Бастауыш сыныпта оқитын балаларға тіпті обал. Бөлмелері тар, парталары ескі әрі төмен. Бірақ амал жоқ оқу­шы­лар осындай күйде білім алуда. Балалардың болашағы үшін билік басында жүрген азаматтар заман талабына сай бір мектеп салып берсе екен дейміз», дейді ата-ана Нағима Бектиярова.

Сонымен қатар шулық ата-аналар өрт мәселесіне де алаң­дай­тынын жеткізді. Оның себебі, балаларды тамақпен қамту үшін мектепке электр қуаты жоғары пештер қойылған. Сондай-ақ мек­тепте интерактивті тақ­талар жұ­мыс істейді. Ал екеуі қо­сыл­ған­да, тозығы жеткен электр сым­­дары бір-біріне шағы­лы­сып, өрт шығу қаупі күшейеді екен. Яғни әбден тозығы жеткен мек­­тептің электр сымдары жо­ға­ры электр қысымына шыдас бермейді.

Хакім Абайдың аты берілген мектептің бүгінгі жай-күйі осындай. Қазіргі кезде Шу ауданында ұлы ақынның атында екі мектеп бар. Оның бірі Абай ауылындағы Абай атындағы мектеп болса, екіншісі Шу қаласындағы Абай атындағы осы мектеп. Бірақ Шу қаласына арнайы барып, аталған білім ошағының жа­йы­мен танысқанымызда, мә­­­се­­­ле­нің өте күрделі екеніне көз жеткіздік. Тұрғындардың айтуын­ша, мектепте әжетхана мә­се­­ле­сі шешілмей тұрғанда Шу ауда­­нының сол кездегі әкімі Қайрат Досаев бұл мәселені ше­шіп беріпті. Бірақ мектеп іші­нен әжетхана салынғанымен, оның іші мұздай. Одан кейін, бұл білім ошағының мәселесі қанша көтерілсе де, ешкімнің назарына ілінбеген. Жуырда аудан­ның қазіргі әкімі Сәкен Арубаев аталған мектепке арнайы келіп, жай-күйімен танысып кетіпті. Әкім бұл мәселені тиісті орындарға жеткізетінін де айтқан. Жалпы, Шу қаласының тұрғындары әбден тозығы жеткен ғимараттың орнына жаңа мектеп салынса дейді. Хакім Абайдың атына берілген бұл мектептің аянышты халі көпшіліктің ар­қа­сына да аяздай батуда. Білім ошағының бергі жағын сырлап, әрлеп қойғанымен, жалпы, тозығы жеткен нысан екені кө­рі­ніп тұр. Әрі-беріден соң бұл апатты жағдайда тұрған нысан. Себебі, салынғанына бір ғасырға жуықтаған нысанда қауіпсіздік туралы айтудың өзі қиын. Хакім Абай­дың өзі айтқан «Ішім өлген, сыртым сау», дегенін еске салып тұрғандай...

 

Жамбыл облысы,

Шу ауданы