Медицина • 27 Сәуір, 2022

Білікті хирургке арналған жиын өтті

275 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бар ғұмырын балалар саулығына арнап, дәрігерлік ғұмырында 10 мыңнан аса операция жасап, мыңдаған баланың өміріне араша түскен алтын қолды дәрігер Нұрлан Ахпаровты медицина саласында білмейтін адам кемде-кем. Ол – операцияның 21 түрін Қазақстанда алғаш рет енгізген новатор-ғалым. Бүгінде халықаралық дәрежедегі ғалымның шәкірттері балалар дәрігері болып қызмет етіп жүр.

Білікті хирургке арналған жиын өтті

Биылғы жас педиатрлардың конференциясы елімізге белгілі балалар хирургі, алтын қолды дәрігер, Педиатрия және ба­ла­лар хирургиясы ғылыми орталығының хи­рургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, АҚШ-тың Цин­циннати клиникасының құрметті про­фес­соры, Еуропа жаратылыстану ғы­лым­дары академиясының академигі Нұрлан Ахпаровты еске алу құрметіне арналды. Өкінішке қарай, дәрігердің 2021 жылдың қазан айында мезгілсіз қайтыс болуы медицина қауымдастығы үшін орны толмас қаза болды.

Конференцияға ТМД, Қазақстан және шетелдерден 100-ден аса жас педиатр мен балалар хирург-дәрігері қатысты. Басқосу офлайн және онлайн түрінде өтті.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғы­лыми орталығының басшысы Риза Боран­баева Нұрлан Нұркинұлының хирургия бөлімінің алғашқы ұжымын өзі құрып, орталықта балалар хирургиясы саласын дамытуға зор үлес қосқанын атап өтті. «Ол 10 мыңнан аса операция жасап, мыңдаған баланың өмірін алып қалды, ең ауыр, күрделі операцияларды жасады. Дәрігерді еліміздің әр аймағынан арнайы іздеп келе­тін. Ол балаларды емдеумен қатар, білім мен ғылымға ерекше назар аударды. Ғылым рейтингісі бойынша хирургия бөлімі ұзақ жылдардан бері тек бірінші орында тұрды. Жаңа ғылыми тың идеялардың генераторы, жаңашылдыққа ұмтылған жарқын да дарынды тұлға болды. Бірнеше буын білікті хирургтерді, мықты мамандарды тәрбиелеп шығарды. Оның көпшілігі бүгінде жоғары басшылық лауазымда қызмет істейді. Орта­лықта Н.Ахпаров мектебінің негізі қалан­ған», деп атап өтті.

Іс-шара барысында көп жыл қызметтес болған әріптестері мен шәкірттері жылы есте­лік­терімен бөлісті. Әріптесі, Ақтау об­лыс­тық көпбейінді балалар ауруха­насының балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Сұлтанбек Тұмашев Н.Нұркинұлы шынында алтын қолды дәрігер, алтын адам, көңілі дарқан, пейілі таза, адамгершілігі мол, нағыз зиялы болғанын еске алды. «Өз ісіне деген ұқыптылығы мен адалдығының арқасында әріптестері арасында аса беделді, абыройлы болды. Ол өз ісінің білгірі, жұмысына қалтқысыз берілген, уақытпен санаспайтын еді. Қашан хабарлассаң да, күн-түнге қарамастан көмек қолын созуға әзір тұратын нағыз балалар жанашыры болатын. Түнгі үште хабарлассаң да, телефонын көтеретін. Көпжылдық тәжірибесін де жас мамандарға үйретуден әсте жалықпай өтті. Нұрлан Нұркинұлы 2021 жылы біздің өтінішімізбен Ақтауға келіп шеберлік сабағын өткізгені есімізде мәңгі қалады. Бірге екі балаға күр­делі операция жасадық. Сол жылы соңғы рет көретінімді кім ойлаған. Біз үшін ауыр қаза болды, әлі сене алар емеспіз. Көзі тірі болғанда әлі қаншама балаға көмегі тиер еді. Әттең, бейнетінің зейнетін көрер шағында өмірден өткені өкінішті-ақ», дейді.

«Біз 30 жылдан аса бірге жұмыс істедік. Мен ғылым бойынша директор орынбасары қызметін атқарған жылдары ол кандидаттық және докторлық диссертациясын қорғады. Бүкіл зерттеулер мен операцияларды өзі жасады. Нұрлан Нұркинұлының арқасында хирургия бөлімі беделді бөлімге айналды. Ол жауапкершілігі мол, өз ісіне адал, көңілі дарқан, жүрегі таза, кеңпейіл жан еді. Тәрбиесі мен мәдениеттілігінің арқасында дәрігерлердің аға буынына да, жас буынға да ерекше құрметпен, ілтипатпен қарайтын. Өзінің бар білгенін жастарға үйретуден жалықпайтын. Бүгінде оның шәкірттері барлық хирургиялық ем-домды меңгерген. Ол академик Камал Сәруарұлының сүйікті шәкірті еді, маған бауырымдай болды, үнемі қамқорлығын, құрметін көрсетіп жүретін», деп еске алады Педиатрия орталығының профессоры, онкогематолог дәрігер Күлән Омарова.

Осымен бесінші жыл қатарынан өткен конференцияның басты мақсаты – жас ға­лым­дардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы сала­сын­дағы өзекті мәселелерді көтеру, дамуы мен келешегін саралау, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы инновациялар бойынша жас ғалымдар арасында тығыз халықаралық қарым-қатынас орнату, жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру.

Нұрлан Нұркинұлы медицина саласында 40 жылдан астам уақыт қызмет етсе, оның 28 жылын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына арнап, 1994 жылдан бастап балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Осы арада хирургия бөлімі 1994 жылы академик Камал Ормантаевтың жетекшілігімен ашыл­ғанын, Камал Сәруарұлы Нұрлан Нұркинұлын бөлім басшысы етіп өзі та­ға­йын­дағанын еске ала кету керек. Ол әріп­­­­­­тестерінің арасында алғашқылардың қа­­­та­рында жалпы хирургия мен балалар ко­лопроктологиясы бойынша АҚШ-та ар­найы курстан өтіп, Ресей қалаларында «Гармоник» ультрадыбыстық скальпелді меңгеру мен лапороскопиялық хирургиядан дәріс алды. Америкадан кейін қолы жеңіл хирург Қазақстанда тұңғыш рет аноректалды мальформация ақаулары бар (іш қуысы мүшелерінің қатерсіз және қатерлі ісіктері) балаларға арналған жаңа операция жасау түрін Педиатрия орталығында ғана емес, еліміздің барлық облысына енгізді. Ресейде мұндай операция түрі бір жарым жылдан кейін ғана енгізілген.

Халықаралық деңгейде өткен конференцияда педиатрия және хирургия саласының барлық қырын, өзекті мәселелерін қам­титын 100-ден астам ғылыми жоба мен баяндама ұсынылды. Ғылыми жобаларды педиатрия және хирургия саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады. Конференция соңында ұсынылған жұмыстар «Үздік баяндама», «Үздік мақала», «Үздік постерлік баяндама» аталымдары бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталды. Ал үздік баяндамалар мен ғылыми мақалалар «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми журналында жарияланады.

Халықаралық жиын аясында Нұрлан Нұркинұлының құрметіне ескерткіш тақта ашылуын әріптестері оның отандық ғылым мен білімге, медицина саласына қосқан зор үлесіне деген ізеттің жарқын көрінісі деп қабылдады.