Тақырыпты кеңінен тарқату үшін Нұр-Сұлтан қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдерімен сөйлесіп, жүзеге асқан және атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық.
Басқарма берген мәлімет бойынша, қазіргі уақытта елордада дене шынықтыру және спорт саласында 11 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 2 олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы, спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы, олимпиадалық резервті даярлау орталығы және теннистен «Дәулет» спорт кешені жұмыс істейді. Олардың контингенті 60 спорт түрі бойынша 8 655 спортшыны қамтиды. Қаланың құрама командасында 5 мыңнан аса спортшы бар. Ал штаттық құрама командасында 150 адам бар. Айта кететін жайт, 2022 жылы жазғы спорт түрлері бойынша Ұлттық құрама командасы құрамындағы елордалық спортшылар саны 1 165 спортшыны құрайды. Олардың ішінде олимпиадалық түрлері бойынша – 641 адам, олимпиадалық емес спорт түрлерінде – 497 адам, ұлттық спорт түрлері бойынша – 27 адам, паралимпиадалық спортта – 39 адам, сурдолимпиадалық спорт түрлерінде 17 адам бар. Жаттықтырушылардың жалпы саны – 408 адам. Оның 336-і – олимпиадалық және 72-сі – олимпиадалық емес жаттықтырушылар. Ал штаттық негізде 286 адам.
Жалпы, елордада 113 спорт түрі және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 36 спорт түрі дамып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық спортты дамытудың басымдығын ескере отырып, 2021 жылдан бастап 775 млн теңге (2020 жылы – 1,975 млн, 2021 жылы – 1,2 млн) көлеміндегі қаражат кәсіби спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық спортқа бөлінген.
«Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтарды қамтуды ұлғайту мақсатында «Қолжетімді спорт» бағдарламасы әзірленді. «Қолжетімді спорт» жобасы елорданың спорт залдарында жүзеге асырылды. Спорттың 6 түрі (фитнес/зумба, скандинавиялық жүріс, каратэ, жүгіру, тоғызқұмалақ, үстел теннисі) бойынша сабақтар қала бойынша 40-тан астам жерде өткізілді. Мысалы, скандинавиялық серуендеу саябақтарда таза ауада өтті. Кез келген адам спорт түрін таңдап, аптасына 3 рет жаттығу жасай алады. Жоба жоғары санатты жаттықтырушылар, спорт шеберлері және білікті нұсқаушылармен жүргізілді. Жаттығулар клуб аулаларында, спорт орталықтарында және спорт сарайларында, соның ішінде QAZAQSTAN жеңіл атлетика манежінде, Тәуелсіздік сарайында, «Алау» мұз сарайында өткізілген еді. Күн сайын Instagram-да жаттығулардан бейнелер мен фотосуреттер жарияланды, жазылушылар өз пікірі мен тілегін қалдырды. Қатысушылардың жалпы саны 5 мыңнан аса адамды құрады», деді дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары.
Сонымен қатар басқарма тарапынан 2022 жылы жобаны жүзеге асыру маусымнан желтоқсанға дейін жоспарланып отырғаны туралы мағлұматқа қанықты. Баса назар аударатын жайт, елордада алғаш рет бокс орталығы, көркем гимнастика орталығы, жауынгерлік өнер орталығы, жекпе-жек залы ашылды. Аталған орталықтарда жаттығулар қаланың құрама және барлық спорт мектебінің спортшылары үшін тегін өткізіледі. Жаңа бокс орталығында бір уақытта 500-ден аса адам, ал жауынгерлік өнер орталығында мыңнан аса адам спортпен шұғылдана алады. 2021 жылы басқарма ведомстволық бағынысты ұйымдармен және спорт түрлері бойынша қалалық федерациялармен бірлесіп 237 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізді. Қатысушылардың жалпы қамтылуы шамамен 15 мың адамды құрады.
Мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде 4-17 жастағы балалар контингенті бар спорттың 24 түрі бойынша 502 спорт секциясы қызметін жүзеге асырады. 36 мыңнан аса ваучер алған балалар спорт секцияларына тегін қатысады. Әр баланың спорттық және шығармашылық бағытта 2 ваучер алуға мүмкіндігі бар екенін айта кету керек.
«Қалада 28 аула клубы бар. Қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік осал топтарынан 3 мыңнан аса бала тегін білім алуда және жаттығуда. 2021 жылдың қорытындысы бойынша қалада жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар саны 406 552 адамды құрады. Бұл тұрғындардың жалпы санының 33,08%-ын құрайды (2020 жылы – 340 459 адам немесе 29,7%), өсім – 3,38 %. 2025 жылға дейін қамтуды 35%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Осы жылы тұңғыш рет «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша үмітті спортшыларды оқытуға бағытталған әкімнің 50 грантына ақшалай қаражат бөлу жобасы іске асырылды. Алдағы уақытта жас мамандарды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылады», деді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары.
Нұр-Сұлтан қаласында 1 016 спорт ғимараты жұмыс істейді, оның ішінде күніне 7 мыңнан аса адам шұғылданатын 32 ірі спорттық нысандар бар.
Тұңғыш Президент – Елбасының 2018 жылғы 12 қазандағы №772 Жарлығымен бекітілген, 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 46-2 тармағына сәйкес, елорданың төрт тұрғын алабында, атап айтқанда, «Көктал-2», «Өндіріс», «Үркер» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарында бүкіл халық үшін жаппай дене шынықтырумен айналысуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланған. Олардың екеуі, яғни «Көктал-2» және «Өндіріс» алаптарындағы ДШСК пайдалануға беріліп, оқу-жаттығу сабақтары жүргізілуде. «Үркер» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарындағы ДШСК құрылысын аяқтау 2023 жылға жоспарланып отыр екен.
Қала маңындағы тұрғындардың спортпен шұғылдануына, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың, халықтың әлеуметтік осал топтарының спортпен шұғылдануына қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету, спортты дәріптеу, саламатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті төмендету, өмір сапасын арттыру, қала тұрғындарының бос уақыты мен демалысын өткізуге қолайлы жағдай жасау мақсатында елорданың басқа да аса мұқтаж аудандарында спорт ғимараттарын салуды жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Қ.Мұңайтпасов атындағы футбол стадионы мен «Қазақстан» спорт сарайын қайта құру және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды аяқтаудың жоспарланған мерзімі – 2023 жыл.