Аймақтар • 27 Сәуір, 2022

Тұлға тойы Тараздан бастау алды

521 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл атақты актер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов 85 жасқа толады. Қазақ театры мен киносына ерекше еңбек сіңірген өнер корифейінің елдік тойы туған жерінен бастау алды. Абыз Асанәлі көне Тараз шаһарына келіп, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында көпшілікпен кездесті.

Тұлға тойы Тараздан бастау алды

Кездесу барысында Жам­был облысының әкімі Нұржан Нұржігітовпен бірге қазақтың тұңғыш театр режиссері Асқар Тоқ­пановтың ескерткішіне гүл шоқ­та­рын қойды. Сондай-ақ келу­шілер­мен бірге театрдың фойе­сінде ұйымдастырылған Асанәлі Әші­мов музейін та­ма­шала­ды. Айтулы тұлға өнер туралы, өнердегі дос­тары туралы ұмы­тыл­мас естеліктерімен де бөлісті.

Өнер иесінің мерейтойына орай Асқар Тоқпанов атын­дағы облыстық қазақ драма театрын­да Халық әртісінің шәкірт­тері­нен құралған «Жаңа ғасыр» театры­ның актерлері Бақыт Бе­дел­хан­ның «Тағдыр тақтасы» ат­ты по­этикалық дра­масын сахналады. Атал­ған қойы­лым Асанәлі Әшімов­тің қилы тағдыры мен шығарма­шылығына арналған. Сахнада қойылған шахмат тектес алаң үстінде шым-шытырық, қым-қиғаш тағдыр баяндала­ды. Қатар жүретін бақ пен сор, өкініш пен үміт сияқты дүниелер көрерменді абыз Асанәлі әлемімен жақын таныстырды. Сол шахматтың тақтасында Шәкен Айманов, Нұр­мұхан Жантөрин, Асқар Тоқ­панов, Әнуар Молдабеков, Ра­йымбек Сейтметов және өзге де көрнекті тұлғалардың бей­нелері асқақтап көрінді. Жал­пы, бұл драма тұлғаның күн­деліктері мен естелік жазбаларын қамтиды. Сондай-ақ мәң­гілік сағынышқа айналған зайыбы Майра Айманова, өмірден ерте кеткен қос ұлы Мәди мен Сағи Әшімов бейнелері де кө­рініс табады. Сахнадағы Асан­­әлі олармен мұңдасады, сырласады. Қойылымды белгілі режиссер Жұлдызбек Жұман­бай сахналаған. Ал қарапайым Асанәлі рөліндегі Қуаныш Құдайберген, актер Асанәлі рөліндегі Қасымбек Демеуов, Майра рөліндегі Наз­ерке Но­ғай­­баева сияқты актер­лердің ойын­дары да көпшілікті бейжай қалдырмады. Сағи мен Мәди рөлін сомдаған Мұх­тар Қосыбай мен Мадияр Жол­­дас­бек те талантты сахнашеберлері екенін танытты.

Бұдан кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Асанәлі Әші­мовті келе жатқан мерейтойымен құттықтап, актердің еліміздің рухани-мәдени өмі­ріне қосқан зор үлесін атап өтті. Сондай-ақ жамбылдық жұрт­шылық та біртуар тұлғаға деген ықыласын жеткізді.