Аймақтар • 27 Сәуір, 2022

Ұлттық құндылықтар апталығы

541 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында жергілікті жастар басқар­масының ұсынысымен 18-22 сәуір аралығында «Ұлттық құндылықтар апталығы» өтті.

Ұлттық құндылықтар апталығы

Апталық аясында өткі­зілген іс-шаралар облыс орта­лығында салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрыптарымызды, ұлт­тық спорт түрлерін, ұлттық құнды­лықтарды дәріптеп, мерекелік ән-шашуға толы болды.

Мысалы, аптаның бір күні Мұрат Мөңкеұлы кө­шесіндегі саябақта тұр­ғын­дар арасында асық ату, арқан тартыс сынды ұлттық ойындардан жарыс өтті. Осы жерде мерекелік ән шашу да ұйымдастырылды. Спорттық сайыста жеңімпаз болған белсенді жастарға ес­телік сый­лықтар мен дипломдар табыс етілді.

Ал Дина Нұрпейісова кө­шесінде жастар гір тасын кө­теру мен қол күресінен сын­ға түсіп, Gracia шығар­ма­шылық шеберханасы ұлт­тық бұйымдардан көрме ұйым­дас­тырды.

20 сәуір күні Рухани жаң­ғыру музейінде тақия тігу мен құрақ құраудан шеберлік са­ғаты өткізілді. Оралдың шебер қыздарды көзді арбайтын көр­кем өнердің құпияларымен бөлісті.

Ең қызықты шараның бірі 21 сәуір, жұма күні өтті. Орал қаласындағы ең ұзақ бағыт – Сарытау-Ет комбинаты ара­лығында жолаушы таситын №2 автобусы «Жұмадағы жақсылық акциясы» аясында жолаушыларды тегін тасыды әрі Рамазан айының құрметіне «Жарапазан» әні шырқалды.

Осынау мағыналы да мәнді іс-шараларды ұйымдастыруға «Ақжайық жастары», «Орал жастары», «Шабыт» мектептен тыс орта­лығы, «БҚО қазақ күресі» қа­уым­дастығы, Fawaid.KZ дү­кені ұжымы, т.б. атсалысты. Бұл күндері Орал қаласының халық көп шоғырланған жерлерінде қала тұрғындарына ұлттық салт-дәстүр жайында түрлі сұрақ қойылып, түсіндіру жұмыс­тары да жүргізілді.