Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қызметкерлері ай сайын ойыншықтардың қауіпсіздігіне мониторинг жүргізеді. Осылайша, 2022 жылдың 2 айында республика бойынша 397 үлгі іріктеліп, зерттелді, оның 173-і талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды.
«Ойыншықтарды әркім өз қалауымен таңдайды: біреу белгілі бір өндіруші компанияға, басқалары бағаға, ал кейбірі сыртқы келбетіне назар аударады. Алайда сатып алу кезінде барлық ата-аналар сатушылардан бірдей қуыршақтардың немесе ойыншық машиналардың қауіпсіздігін растайтын құжаттарды талап етпейді. Бірақ балалар ойыншықтары, ең алдымен, заң бойынша қауіпсіз болуы керек. Ойыншықтарды еліміздің аумағында сатпас бұрын Кеден одағының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіндегі қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек. Санитарлық-эпидемиялық қызметтің қызметкерлері ай сайын ойыншықтардың қауіпсіздігіне мониторинг жүргізеді. Осылайша, 2022 жылдың 2 айында республика бойынша 397 үлгі іріктеліп, зерттелді, оның 173-і талаптарға сәйкес келмеді, бұл 43,5%-ды құрады. Оның ішінде, отандық – 1 (0,5%), ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер – 16 (9,2%), басқа елдер – 156 (90,1%). Негізінен, бұзушылықтар: таңбалауға қатысты – 100%, органолептикалық көрсеткіштер бойынша – 3,4%, санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша – 8% (ойыншықтың құрамында Қытай мен Өзбекстан Республикасында өндірілген ойыншықтарда фенол, формальдегид, бензол, метил спирті, гептан деңгейінің артуы анықталды)», деп атап өтті Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мамандары.
Сонымен қатар санитарлық сала мамандары тексеріс нәтижесінде сауда кәсіпорындарынан екі айда сатудан 3,6 кило ойыншық алынып тасталғанын айтты.
«Балаларға қауіпсіз емес тауарларды сатумен айналысатын барлық кәсіпкерлік субъектілеріне бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Сауда кәсіпорындарында екі айда сатудан 3,6 кило ойыншық алынды. Бұл құжаттарсыз сатылған және талаптарға сәйкес келмейтін тауарлар. Олардың ішінде, FREEZE II қуыршағы, өндіруші ел Қытай, бензолдың концентрациясы 4,25 мг/дм3, рұқсат етілген концентрациясы 0,01 мг/дм3 аспайды, «Лариса MONSTER GIRL» қуыршағы, өндіруші: Қытай, 0,049 мг / дм3 бензол концентрациясы анықталды, рұқсат етілген концентрациясы 0,01 мг/дм3 аспайды, метил спиртінің концентрациясы 2,98 мг/дм3, рұқсат етілген концентрациясы 0,02 мг/дм3 аспайды, «Мини W ТОБОТ» автомобиль трансформаторы, өндіруші ел – Қытай, формальдегидтің концентрациясы 0,2 мг/л, рұқсат етілген концентрациясы 0,1 мг/л-ден аспайды, «Әскери жиынтығы» өндіруші мемлекет – Қытай, гептан концентрациясы 0,163 мг/дм3, рұқсат етілген концентрациясы 0,1 мг/дм3 аспауы тиіс. «Вкусняшка» антистресс ойыншығы, өндіруші ел – Қытай, фенолдың концентрациясы 1,08 мг/м3, рұқсат етілген концентрациясы 0,05 мг/м3 артық емес, Funny Musician балалар ойыншығы формальдегидтің концентрациясы 0,12 мг/л, рұқсат етілген концентрациясы 0,1 мг/л-ден аспауы керек. Mittivoy балалар ойыншығы формальдегидтің концентрациясы 0,18 мг/л, рұқсат етілген концентрациясы 0,1 мг/л. Пластмассадан жасалған балаларға арналған машиналар жиынтығы GT.POLICE CAR, SUPER RACING SET, 3 жастан асқан балаларға арналған, шығарылған елі – Қытай, 0,039 мг/дм3 бензол концентрациясы анықталды, рұқсат етілген концентрациясы 0,01 мг/дм3», делінген комитет өкілдері таратқан мәліметте.
Сондай-ақ Қырғыз Республикасы Экономика және коммерция министрлігінің уәкілетті органы ойыншықтар бойынша берілген сәйкестік сертификаттарын кері қайтарып алған.
Huoerguosiboqi international trading limited өндірушісінен – жұмсақ ойыншықтар, әртүрлі батарея ойыншықтары, қуыршақтар, темір жолдар, әртүрлі ойыншық көлік техникасы, дизайнерлер, музыкалық ойыншықтар, доп ойыншықтары, ойыншық жабдықтары, балалар ыдыстары және т.б. бар. Айта кететін жайт, ойыншықтар кейде адам өліміне алып келуі мүмкін. Сондықтан оны таңдауда мұқият қарау керек, сатушылардан оның қауіпсіздігін растайтын құжаттарды талап етуді ұмытпаңыздар. Өйткені сіздің таңдауыңыз – балалар алдындағы үлкен жауапкершілік», дейді Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қызметкерлері.
Иә, ойыншық баланы жан-жақты тәрбиелеу мақсатына пайдаланылады. Оның дүниетанымын кеңейтуге көмектеседі, белгілі бір мақсаттағы, ойластырылған әрекетке үйретеді, қиялын жетілдіріп, еңбекке сүйіспеншілігін, техникаға қызығушылығын, білуге құмарлығын, аңғарғыштығын қалыптастырады, талғампаздыққа тәрбиелейді, өнерге ынталандырады. Ойыншықпен ойнауға белгілі жағдайда педагогикалық, эстетикалық, гигиеналық, техникалық талап қойылады, сондай-ақ ол баланың жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отыратыны жасырын емес.
Бұл ретте психолог мамандар ойыншықпен ойнау баланың дамуына оң әсерін тигізіп қана қоймай, оның қоршаған ортамен тығыз байланыс орнатуына көмектесетінін алға тартады.
«Өйткені ойыншықпен ойнау айналаны тануға көп көмектеседі. Ойнау арқылы қолдың моторикалары мидың жақсы жұмыс істеуіне әсер етеді де, балада логикалық ойлаулар пайда бола бастайды. Сол логикалық ойлаудың негізінде балалар қуыршақтармен сөйлеседі. Ойыншықтарға өзінің әңгімесін айтады, реакциясын, қарым-қатынасын көрсетеді. Соның негізінде бірте-бірте тұлға болып қалыптасып, айналасымен де сөйлесіп, араласа бастайды. Ойыншық таңдағанда ең бірінші баланың өміріне қауіпсіз болуын қадағалау қажет. Денесін немесе басқа жерін зақымдамайтындай үшкір ойыншықтар алмаған абзал. Сонымен қатар химиялық тұрғыдан залал келтірмейтін, әртүрлі бояулар болмайтын, өткір иістері шықпайтын ойыншықтар таңдаған дұрыс. Балалардың жас ерекшелігіне қарай кішкентай балаларға жұмсақ және аузынан үлкен ойыншықтар алу керек. Өйткені олардың жұтып қою қаупі бар екенін ескерген жөн», дейді PhD доктор, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші эксперті Балабек Кеніштайұлы.
Баланың қалыпты дамуына әсер ететін ойыншықтың да түрі көп. Мысалға, дидактикалық ойыншықтар баланың ойлау қабілетін, дұрыс сөйлеу мәнерін дамытуға, оның білімін, шеберлігін және дағдысын қалыптастыруға көмектеседі. Ойнай жүріп бала затты танып біледі, оның түрін, түсін, көлемін ажыратады, есептік арақатынасымен, санымен, кеңістік жайлы түсінікпен танысады. Дидактикалық ойыншықтарға бір түсті және түрлі түсті сақиналардан жасалған конусты күмбездер, бірінің ішіне бірі салынатын әртүрлі тостағандар, бөшкелер, шарлар, матрёшкалар, әртүрлі серіппелі, бұрандалы ойыншықтар жатады. Сонымен қатар бейнелік ойыншықтардың да тәрбиелік маңызы зор. Оған (киім-кешек, үй жиһазы, ыдыс-аяқ) адамдар мен жануарларды, табиғат элементтерін бейнелейтін фигуралар жатады. Бұл қуыршақтармен ойнаған балалардың қоршаған орта жайлы түсінігі айқындалып, ұғымы кеңейе түседі, ой-өрісі мен қиялы дамып, сөздік қоры артады. Балалардың ойын барысында көп күш жұмсамай-ақ еңбек процесін бейнелеуіне мүмкіндік беретін техникалық ойыншықтардың да пайдасы зор. Ойын баласының көп қызығатын, көп қолданатын ойыншықтарының бірі – конструкторлық ойыншықтар. Олардың өзі – (құрастырмалы, алмалы-салмалы) тақырыптық, сұлбалық немесе әмбебап конструкторлар болып бөлінеді. Құрастырмалы алмалы-салмалы ойыншықтар мектеп жасына дейінгі балаларға арналады. Олар арнаулы бекіткіштер арқылы құрастырылатын аздаған бөлшектерден тұрады.
Ал сіз ойыншықты қалай таңдайсыз?