2002 жылғы 23 сәуірдегі ауа райының қысқа мерзімді жақсаруы сүңгу жұмыстарын жүргізуге және суасты құбырының терминалдық манифольдын ашуға мүмкіндік берді. Бұл көрсетілген айлақтық құрылғыда мұнайды ауыстырып тиеуді қайта бастауға септігін тигізді. Консорциумның ресми сайтындағы мәлімдемеде осылай делінеді. Олардың айтуынша, зақым тиген қалқымалы шлангтарды ауыстыру, қысымды сынап көру және барлық айлақтық құрылғылардың жұмысқа жарамдылығын тексеру сәтті аяқталған.
Қазіргі кезде үшінші айлақтық құрылғыға Delta Commander танкері байланып, оған мұнай тиеу жұмыстары жүріп жатыр. Екінші айлақ уақытша пайдаланудан шығарылған. Ал бірінші айлақ штатты режімде жұмыс істеп тұр екен.
Еске салсақ, 23 наурызда КҚК мұнай тиеу жұмыстарын толық тоқтатқан еді. Олар бұған қолайсыз ауа-райы себеп болды деп хабарлаған. 28 наурызда консорциум минималды қуаттылықпен Теңіз-Новороссийск жүйесінде мұнай қабылдауды қайта бастады. Еліміздің Энергетика министрлігінің хабарлауынша, егер екінші және үшінші жылжымалы айлақтық құрылғының жөндеу жұмыстары сәуір айының соңына дейін созылғанда біздің тәуліктік жоғалтуымыз 320 мың баррельге (1,3 млн тонна) жуық болар еді. Қаржы министрлігінің есептеуінше, КҚК-дағы апат салдарынан ел қазынасына 330 млн доллардан астам қаржы түспей қалды.
Осыдан апта бұрын Энергетика министрі Болат Ақшолақов құбыр желісін жөндеу жұмыстары ары кетсе бір жетіде тәмам болады деген еді.
«Жөндеу жұмыстары аяқталды деуге болады. Ауа райына байланысты жұмыс үзіліспен жүрді. Құбырларды ауыстыру аяқталды. Кеше мұнай төгілуді болдырмау мақсатында проблемалық учаскелерді анықтау үшін сумен толтыру арқылы қысым тексерілді. Біз мамандарымызды жібердік, олар бәрінің сәтті аяқталғанына көз жеткізуі тиіс. Апта соңында айлақтық құрылғылардың бірі қатарға оралады. Тағы бірі жөнделіп жатыр, бірақ ол резервте болған. Терминал әркез екі айлақтық құрылғымен жұмыс істеді», деп түсіндірді Б.Ақшолақов.
«Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығының» дерегінше, КҚК теңіз терминалындағы ахуал тұрақталғаннан кейін Қазақстан тәулігіне 255 мың тонна мұнай өндіру деңгейіне қайтып оралған. Терминал қозғалыссыз қалған бір ай уақыт ішінде еліміздің тәуліктік өндірісі 14 пайызға төмендеп кетті. Energy Monitor сарапшылары үшінші айлақ іске қосылардан бірнеше күн бұрын Қазақстанның тәулігіне 225 мың тонна мұнай өндіргенін және бұл көрсеткіш терминалдағы апатқа дейінгі көрсеткіштен 12 пайызға төмен болғанын айтады. Нәтижесінде, Қазақстан мұнай экспорттаудың балама жолдарын іздей бастады. Сөйтіп, «Теңізшевройл» айына 200-300 мың тонна мұнайды «Атырау-Самара» бағытымен және теміржол тасымалымен жөнелтуді жоспарға енгізді. Қашағанның 40 мың тонна мұнайын ай сайын «Атасу-Алашанькоу» маршрутымен Қытайға экспорттау жайы да осы апат кезінде айтылды.
Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, «Атырау-Самара» маршрутын мұнай тасымалдаудың ең баламалы жолы ретінде айтуға болады. Оның қуаттылығы 7 млн тоннаны құрайды. Сондай-ақ Қазақстан өз мұнайын теміржолмен де таси алады. Бірақ цистерна вагондардың жетіспеушілігі «қара алтынды» шойын жолмен зымыратуға кедергі болып тұр.
Министрдің сөзіне сүйенсек, екі айлақтық құрылғының өзі-ақ мұнай тиеуді 100 пайызға қамтамасыз етеді. Үшінші айлақтық құрылғыны жөндеу жұмыстары мамыр айында тәмамдалуы тиіс.
Консорциум ақпарынша, құбыр желісі арқылы жылына 67 млн тонна мұнай тиеледі. 2021 жылы 60 млн тонна мұнай тиелген, сонда тәулігіне 1,2 млн баррель жөнелткен. 2022 жылдың қаңтар-ақпанының өзінде тиелген мұнай көлемі 10 млн тоннадан асыпты.
Каспий құбыр желісі консорциумы – Қазақстан, Ресей және әлемдік жетекші мұнай өндіруші компаниялары (Shell, Chevron, Lukarco және т.б.) қатысатын аса ірі халықаралық мұнай транспорттық жобасы. Консорциум Қазақстан мен Ресей мұнайын Каспий-Қара теңіз өңіріне тасымалдау үшін құрылды. Қашықтығы 1,5 мың шақырым болатын Теңіз (Қазақстан) – Новороссийск (Ресей) мұнай құбыры Қазақстанның батыс өлкесіндегі мұнай өндіру орындарын (Теңіз, Қашаған және басқа) Новороссийск түбіндегі Южная Озереевка елді мекеніндегі теңіз терминалымен байланыстырады. Ол жерден мұнай танкерлерге тиеліп, әлемдік нарыққа жол тартады. Дәл осы бағытпен Қазақстан мұнайының 90 пайызы тасымалданады. Сонымен қатар ресейлік кен орындарындағы (оның ішінде Каспийде орналасқан Владимир Филановский, Юрий Корчагин атындағы) шикізат жаһан нарығына шығарылады.
Құбыр желісінің құрылысы 1999 жылдың 12 мамырында басталды. 2001 жылдың 13 қазанында терминал алғашқы танкерге мұнай тиеуді бастады. Содан бері бірде-бір дауыл соқпаған теңіз терминалы тап Ресей-Украина зобалаңы басталған мезетте істен шықты. Табиғаттың таза дауылы ма, әлде саясаттың долы «дауылы», оны енді айырып біле қою қиын. Түсінгеніміз – алда да мұндай «дауылдар» болмай тұрмайды. Ондай «дауылдың» екпінінен балама жолды дамытып қорғана алмақпыз.