Өзгерістер саяси институттарға айтарлықтай әсер етеді. Негізгі Заңға депутаттарды, оның ішінде бір мандатты округтерден сайлауды көздейтін жаңа сайлау жүйесі енгізілетін болады. Бұл өзгеріс жас кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстан бірінші кезекте Әділетті Қазақстан екенін атап өтті. Сондықтан Конституцияға енгізілетін түзетулерде көзделген адам құқықтарын қорғау мәселесі қоғамның өзгеруіне, жаңа сатыға көтерілуіне сеп болары даусыз.
Конституциялық өзгерістер Конституциялық сот сияқты жаңа құрылымдар құруды қарастырады. Бұл жаңашылдық азаматтардың құқықтарын қорғау қағидаттарын едәуір дәрежеде күшейтеді. Қатардағы азаматтар мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің оған жүгіну мүмкіндігі, бұл қазақстандықтардың мүдделерінің, құқықтары мен бостандықтарының сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Қазақстанның өлім жазасынан толығымен бас тартқанын, енді бұл жаза нормативтік-құқықтық деңгейде айқындалмағанын атап өткен ләзім. Бұл норма өте қарапайым болып көрінеді. Өйткені мұндай жаза шектеулі екені рас. Бірақ оның толық жойылуы біздің қоғамды адам құқықтарын сақтау ісінде жаңа биікке бастайды.
Әрқайсымыз өзгерістерге тікелей жауапты екенімізді түсінуіміз керек. Біз бәріміз осы елде және осы қоғамда өмір сүреміз, сондықтан Жаңа Қазақстан идеясы баршамызға ортақ. Біздің болашақты қалай құратынымыз, әділетті қоғамды қалай қалыптастыратынымыз тікелей өзімізге байланысты.
Тимур ЖҰМЫРБАЕВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы
Кеңесінің мүшесі,
«Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы