Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
«Мәміле заңды тұрғыдан аяқталғаннан кейін ЦентрКредит банкі банктің ребрендингін жүргізеді. Осылайша, ол жеке және заңды тұлғаларға арналған барлық банктік қызметтерді көрсететін тұтастай қазақстандық банк болады. ЦентрКредит банкі банкке депозиторлар алдындағы барлық міндеттемелерін орындау және қазіргі кездегі клиенттері үшін орын алған жағдайды шұғыл түрде шешу үшін меншікті қаражатының есебінен қосымша өтімділікпен қолдау көрсетуге дайын», делінген БЦК мәлімдемесінде.
«Банк ЦентрКредит» АҚ отандық банк секторында 1988 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ардагер қаржы институты саналады. Оның филиал желілері еліміздің барлық өңірінде бар. 130-дан аса бөлімшесі арқылы заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсетеді.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, БЦК-ның бұлай күшеюі отандық банк секторы үшін пайдалы болмақ. «Мұндай мәміле банктің капиталын арттырып, несиелеу бойынша позициясын бұрынғыдан да нығайта түседі. Шағын және орта бизнесті несиелеу бойынша лидерлердің бірінің қатарға оралуы ел экономикасы үшін де маңызды. Сондай-ақ бұл келісім санкциядан кейін туындаған өтімділік проблемасын да шешеді», дейді.
Қаржы сарапшыларының айтуынша, «Сбербанк» АҚ еншілес банкі несие портфелі бір бөлігінің Halyk Bank-ке өтуі, «Альфа-банктің» сатылуы несие нарығында аздаған теңсіздікті туғызады. Қанша дегенмен қазақстандық қаржы институттары бұған дейін ресейлік еншілес банктерге үлестіріліп келген несие сұранысын бірден игере алмайды. Бірақ біртіндеп жергілікті банктер сұранысты толық көлемде өтей бастайды, дейді.
AERC сарапшысы Евгения Пактің айтуынша, қысқа мерзімде сұраныс пен несие қаражатының ұсынысы аралығында дисбаланс туындайды.
«Бұл теңсіздік негізінен жеке тұлғаларға қатысты болмақ. Өйткені банктер берген ақшаның тең жартысы – жеке тұлғалар еншісінде. Тұтынушыларды қаржыландыру бойынша ұсыныстардың қысқаруы да пайдалы. Бұл ретте тұтынушылық сұраныс көлемі төмендейді. Ол өз кезегінде елдегі инфляциялық қысымды азайтады», дейді ол.
2021 жылы «Альфа-банкте» «С» «С-», «D» және «E» рейтингіне ие корпоративті қарыз алушылар үлесі 9,2 пайызды құраса, мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан жеке тұлғалар үлесі небәрі 2,5 пайыз шамасында болған.
Телеграмдағы Risk Takers каналы санкциялар қысымына тап болған «Сбербанк» пен «Альфа-банктің» Қазақстандағы еншілес ұйымдары сәтті таңдау жасай білді дейді. Канал сарапшыларының айтуынша, 2019 жылғы AQR-ден (активтер сапасын тексеру процедурасы) кейін БЦК-да капитал бойынша қиындықтар бар екені белгілі болды және олар әдеттегі уақытта өзге банкті жұтып алу мәселесін күн тәртібіне қоймас еді.
«Бірақ қазіргідей «Альфа-банктің» басына күн туған сәтте оның құны күрт төмендеп кетті. Санкцияға ұшыраған банктер дисконтпен сатып алынады және бұл БЦК-ға өзінің капиталын ұлғайтып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жақсы құрылған процеске де ие болады. Алайда соңғы жылдардағы тәжірибеге қарап Альфа процестерінің БЦК-ға өтпеуі де мүмкін. Дегенмен Альфаның корпоратив мәдениеті «Банк ЦентрКредитке» жұғысты болады деп үміттенеміз. Біздің ойымызша, бірлескен банк құрамына банктің одан әрі орнықты болуына көмектесе алатын төлем қабілеті мол акционер кіруі тиіс. Қазіргідей жағдайда екі банк арасындағы мәміленің жылдам жүзеге асқаны таңғалдырды. Әдетте активтерді бағалау процесі мен өзге де процедуралар ұзақ уақытқа созылатын. Бұл жолы олай болған жоқ. Бұл «Альфаны» сатуға деген құлшыныс айтарлықтай жоғары болғанын білдіреді», деп жазады сарапшылар.
Қаржылық тәуекел менеджері Берік Бейсенбеков екі банктің осыған дейінгі бағыты екі түрлі болғанын айтады.
«БЦК негізінен бөлшек несиелеуге, шағын және орта бизнеске және ірі бизнеске мән берсе, Альфа жеке тұлғалармен көбірек жұмыс істеді және корпоративті бизнесті несиелеуге аса құлық танытқан жоқ. Сондай-ақ БЦК 2017 жылы банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасына қатысып мемлекеттік қолдауға ие болды. Енді қызық жағдай туып отыр, мемлекет құтқарып қалған банк өзінен әлдеқайда кіші банкті сатып алмақ. Бұл мәміленің қандай ақша арқылы іске асары әлі белгісіз. Әрине, БЦК үшін Альфаның қосылуы тек жағымды әсер береді. Себебі, Альфа құны айтарлықтай жеңілдіктерді ескере отырып белгіленетіні анық және бұл айырмашылық меншікті капиталдың құнын арттырады, БЦК-ның қаржылық көрсеткіштерін жақсартады. Әдеттегі нарық жағдайында мұндай келісімнің жүзеге асуы екіталай еді. Алайда РФ әрекеті бизнеске, оның ішінде банк бизнесіне үлкен әсерін тигізді. Сонымен қатар Альфа акционерлері ауысса санкция алына ма деген сұрақтың да әлі басы ашық күйінде қалуда. Дегенмен қадағалаушы Қазақстандағы банктердің барлығы дерлік санкция мен шектеу атаулыдан алшақ болуы үшін қажет жұмыстың бәрін атқарады деп ойлаймын», дейді Б.Бейсенбеков.
Альфаға қарсы нағыз майдан банк санкциялық SDN тізімге қосылғаннан кейін, 6 сәуірден кейін басталған еді. АҚШ Қаржы министрлігі контрагенттермен мәмілелерді аяқтап алу үшін тура бір ай уақыт берді. 6 мамырдан кейін шетелдік валютамен есеп айырысу, халықаралық төлем жүйелері арқылы аударым жасау, америкалық банктердің корреспондент шоттарын пайдалану мүмкін болмайды.
13 сәуірде S&P Global Ratings рейтинг агенттігі осыған дейін Альфаға берген бүкіл рейтингтерінің күшін жойды. Олар – «В» эмитентінің ұзақ мерзімді несие рейтингі, «В» эмитентінің қысқа мерзімді несие рейтингі және «kzВВ+» ұлттық шкаласы бойынша рейтинг.
Жалпы, санкция салынғанға дейін Альфаның жағдайы тәп-тәуір болды. «Ұлттық банк жария еткен қаржылық жағдай туралы есепте банктің бүкіл активінің көлемі 908,6 млрд теңге деп көрсетілген. Актив көлемі бойынша «Альфа-банк» отандық банк секторында 11-орында (22 банктің арасында) тұр. Банктің қарыз портфелі 564,4 млрд теңгені құрайды. Ұлттық банк мәліметінше, былтыр банктің қарыз портфелі 206 млрд теңгеге (немесе 58,5 пайызға) көбейген. 2021 жылғы таза табысы – 33 млрд теңге.
Ай ортасында Moody’s рейтинг агенттігі БЦК-ның ұзақ мерзімді рейтингін растап, «Тұрақты» (В1) деген баға берген еді. Бұл бағалау банктің несие қабілеті жоғары тәуекелдерге төзімді екенін көрсетеді.
Ұлттық банк дерегінше, дәл қазір БЦК актив көлемі бойынша (2,19 трлн теңге) жетінші орында. Қарыз портфелінің өзі 1,24 трлн теңгені құрайды. Ақпан айының қорытындысы бойынша меншік капиталы 141,94 млрд теңгені құрап, 2021 жыл бойынша таза табысы 18,7 млрд теңгеге жеткен.
20 мамырда «Банк ЦентрКредит» АҚ акционерлерінің жиналысы өтеді. Онда банктің 2021 жылғы қызметінің нәтижелері, шоғырландырылған және жекелеген жылдық қаржылық есептілікті бекіту мәселесі, 2021 жылғы таза табысты бөлістіру тәртібі қарастырылады және директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау өтпек.
Еске салсақ, осыған дейін Halyk Bank ресейлік еншілес «Сбербанктің» несие портфелін сатып алған еді. Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, мәміле аясында Қазақстан даму банкі жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында рәсімделген автонесиелер, кепілсіз несиелердің бір бөлігі, мәжбүрлі қажеттілікке алынған займдар және ипотекалық несиелер «Халыққа» ауысқан. Сондай-ақ екі банк арасында ШОБ секторының 7 500-ге жуық кәсіпорнына несие беру туралы мәміле жасалған. Оның шартына сәйкес, Сбердің 105 млрд теңге көлеміндегі сапалы коммерциялық портфелінің бір бөлігі және «Даму» қорының мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілген 4,9 млрд теңге көлеміндегі несие портфелі Halyk Bank-ке жіберілген.
Ресейлік еншілес банктерді сатып алу туралы ұсыныстар түскеніне қарамастан, біз мұндай нұсқаны қарастырған жоқпыз, деді Ү.Шаяхметова.