Республикалық пәндік олимпиаданың төртінші қорытынды кезеңінде аймақтық Ustudy орталықтарында өңірлердің ең үздік оқушылары білімін электронды форматта таразылады. «Бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидасы бойынша барлық облыс орталығы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында өткен олимпиадаға республиканың әр өңіріндегі 679 білім беретін ұйымнан 2 044 оқушы қатысты.
Ашықтық пен академиялық әділдікті сақтау мақсатында олимпиаданың барысы бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілді.
Қатысушылар 2 турда классикалық олимпиадалық тапсырманы орындады. Яғни әр олимпиадашы oqylyq.kz платформасындағы жеке кабинетіне кіріп, теориялық және практикалық тапсырмалар бойынша білімін сынады. Олимпиада қорытындысында 919 қатысушы жүлделі орыннан көрінді. Талдайтын болсақ, олимпиадашылардың 183-і алтын, 274-і күміс және 462-сі қола медальға ие болды. Нәтижесінде, медальдар саны мен сапа коэффицентін ескере отырып білім беретін ұйымдардың рейтингісі түзілді. Осыдан пәндік олимпиада білім беру саласының сапасына тікелей әсер ететінін көруге болады.
Рейтингісі қалай шығарылады? Соған тоқталсақ. Әр команданың медаль сапасын оның қатысушыларының жалпы санына қатысты көрсетеді және формуласы бойынша есептеледі (Ko=алтын*3 ұпай+ күміс*2+қола*1 ұпай). Бұл бойынша ең жоғарғы көрсеткішті «НЗМ» ДББҰ көрсетті. Олардың тәлімгерлері 29 алтын, 44 күміс және 42 қола медаль жеңіп алды. Одан кейінгі позицияда 16 алтын, 27 күміс және 44 қола медаль жеңіп алған Алматы қаласы және 13 алтын, 19 күміс және 27 қола медаль алған Ақтөбе облысының командасы көрінді.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең үздік 100 мектептің рейтингісі жасалды. Рейтинг білім беру ұйымдарының Олимпиададағы көрсеткіштерінің сапасын ескере отырып құрастырылды және арнайы формула (KaSh= алтын * 3 ұпай + күміс *2 + қола *1 ұпай) бойынша есептелді. «Республикалық физика-математика мектебі» КеАҚ Алматы қаласы бойынша филиалы (10 алтын, 9 күміс және 19 қола медаль) үздік олимпиадалық мектеп болып танылды.
Енді алдағы үлкен міндет – республикалық пән олимпиадасының жүлдегерлерін жинап, оқу-жаттығу жиынын өткізіп, соның нәтижесінде шетелде беделді интеллектуалды олимпиадаларда елдің намысын қорғайтын үздіктерін іріктеп алу. Яғни Қазақстан ұлттық командасын жасақтау.
Қазақстандық білімпаздар елдің намысын абыроймен қорғайды, оған мемлекеттік деңгейде жасалатын жағдайлар күш-жігер береді деп ойлаймын. Өздеріңіз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары біржолғы ақшалай сыйақы тағайындау және конкурсқа қатыспай-ақ жоғары оқу орындарына түсу үшін грант беру заңнамалық түрде реттеледі. Бүгінде Парламент Санатының қарауында.
Заң жобасына сәйкес Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін ынталандыру және қолдау үшін алтын медаль иегерлеріне 1 500 АЕК, күміске – 1 мың АЕК, қолаға 500 АЕК көлемінде сыйақы тағайындау жоспарланып отыр.
Озық оқушыларды даярлаған мұғалімдерді моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыру мақсатында Халықаралық олимпиадада алтын медаль иегерін дайындаған ұстаз 150 АЕК, күміс медаль – 100 АЕК, қола медаль 50 АЕК көлемінде сыйақы қарастырылып отыр.
Одан бөлек, «Педагог мәртебесі туралы» заңның 9-бабы 3-тармағында: «Жергілікті атқарушы органдар біржолғы сыйақы төлей отырып немесе онсыз, жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды тағайындау және ынталандырудың өзге де нысандары арқылы, оның ішінде Қазақстан Республикасында белгіленген мерекелік күндерге орай педагогтерді көтермелеудің қосымша шараларын белгілеуге құқылы», делінген.
Мұның бәрі халықаралық пәндік олимпиаданың жүлдегерлеріне және оларды дайындайтын ұстаздарға үлкен қолдау екені анық.
Адами капиталдың деңгейін көрсететін халықаралық пәндік олимпиадаларда елдің білімпаздары даралануына жан-жақты жағдай жасай береміз.
Тимур НҰРКЕШОВ,
«Дарын» республикалық
ғылыми-практикалық орталығының директоры