Бүгінгі күні егемен еліміздің іргесі берік қаланып, әлем мойындаған мемлекеттер қатарынан орын алдық. Осы жетістікке – еңсесі биік, ой-өрісі кең халқымыз бен іскер де көреген Тұңғыш Президентіміздің кемел саясатының нәтижесінде қол жеткіздік. Мемлекет басшысының ұтқыр ұстанымдары ішкі саясатта ел экономикасының қарыштап дамуына, халқымыздың әлеуметтік жағдайының, тұрмысының жақсаруына жеткізсе, сыртқы саясатта Тәуелсіздігіміздің қауіпсіздігін нығайтуға негіз болды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстандағы көпэтносты халықты ынтымақ-бірлікке шақырып, еліміздің экономикасын дамыту бағдарламаларын іске асыруға біріге жұмылуына ұйытқы болып, барлық этностық топтардың келешегіне сенім бере білді. Кеңес Одағынан бөлініп шыққан көптеген елдерде орын алған ұлтаралық жанжалдар мен азаматтық қақтығыстардан мемлекетіміздің аман болуының негізгі себебі де осында екені ақиқат.
Қазіргі уақытта да әлемде түрлі толқулар мен қақтығыс-көтерілістер жиі бой көтере бастады. Бұл ретте Қазақ елі саяси тұрақтылық пен толеранттылықты ту етіп, көпұлтты мемлекетіміздегі ел бірлігін барынша қастерлеп келе жатқаны аян.
Бір шаңырақ астындағы береке
«Береке басы – бірлікте» деген халық даналығын сан мәрте есімізге салып, еліміздегі тыныштықты көздің қарашығындай сақтауға арналған шараларының бірі – Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы. Мемлекет басшысы өзі атап көрсеткендей, бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы таза қазақстандық саяси жаңашылдықтың нәтижесінде қалыптасқан өзіндік бірегей институт деңгейіне көтерілді. Ол этносаралық және конфессияаралық келісімнің басты тетігі ретінде ел тарихында маңызды рөл атқарды және атқарып келеді. Бұл үлкен сенімді білдіреді. Елімізде қалыптасқан этносаралық татулық, саяси тыныштық, ынтымақтастық, бірлік соның көрінісі. Осы құндылықтар Қазақстанның саяси өмірінің шындығына айналды.
Жаңа ғасырда жаңа мемлекет құрып отырған еліміздің астанасында алдағы күндері «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбымен 20 жылдық белеске абыроймен жетіп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясы өткізілмек. Елбасының өзі төрағалық ететін бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді. Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Кең байтақ еліміздің көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады. Бүгінде елімізде Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған.
Осы орайда Н.Ә.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісі әлем назарын аударып отырғандығын айта кетуіміз керек. Бұл «қазақстандық үлгі» көптеген елдерде өткен халықаралық форумдарда таныстырылып, оң бағаға ие болды. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун елімізге сапары барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен танысып, Ассамблея принципі БҰҰ-ның жұмыс принципімен толық сәйкес келеді деп айрықша атап өткенін білеміз.
Қазіргі Қазақстан қоғамының жаңару жолымен тиімді дамуы ең алдымен елдегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімге тәуелді. Көпэтностық Қазақстан халқының ортақ құндылықтар мен мұраттар төңірегінде топтасуы болмаса, табыс та болмайтындығын ел-жұрт түсінді. Елбасы қоғамның тынысын ашатын, әлеуметтік салада ойдағыдай рухани ахуал қалыптастыратын этносаралық татулыққа ұдайы көңіл бөліп келеді. Қалай десек те, біздің алға қойған айқын мақсаттарымыз ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық пен татулықтың арқасында іске асатындығы ақиқат. Осы маңызды рухани факторды жүзеге асыруда тікелей қызмет істейтін ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ел қауымының өтінішімен бұл ұйымды Н.Ә.Назарбаев басқарып, оның жұмысының негізгі бағыттарын анықтап отыр. Негізгі мақсат – көпұлтты Қазақстан халқын өзара татулық, әлеуметтік келісім, дінаралық түсіністік және қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу.
«Достық» ассамблеясына – 10 жыл
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы студенттерге тәрбие беру жүйесіндегі жаңаша бағыттардың тағдырлық маңызын терең түсінеді. Біздің оқу орнында қазір 27 ұлт пен ұлыс өкілдерінен құралған студенттер мен магистрлар білім жетілдіруде. Университеттегі «Достық» студенттік ассамблеясының құрылғанына биыл 10 жыл толды. Жастар қоғамдық бірлестігі ретінде құрылған ұйымның осы мерзім аралығында жасаған жұмыстары қуантарлық. Ұйымның қызметі студенттік өзін өзі басқару қағидатына негізделген. Ол университеттің студенттік «Достық» ассамблеясы» қоғамдық бірлестігі туралы ережесін басшылыққа алады. Бакалавриатта, магистратура мен докторантурада оқитын түрлі ұлт өкілдері өз халқының дәстүрлі мерекелерін факультеттер, немесе жалпы университеттік деңгейде атап өтеді. Барлық тәрбиелік өзегі бар шараларды студенттер өздері ұйымдастырып, өздері жүргізіп, ерекше белсенділікпен қатысады.
Бұл ретте жастарды этносаралық достық рухында тәрбиелеу аса маңызды. Бүгінгі күні университетіміз тәрбие жұмысын инновациялық тұрғыдан ұйымдастыруды қолға алды. Мысалы, университет Қазақстанның жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып Елбасы идеясынан туындаған «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығын құрды. Студенттік «Достық» ассамблеясының жұмысы да «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығы қоятын талаптар пішініне көшірілді. Жаңа бағыттағы негізгі талап – қазақстандықтардың мемлекетшіл, патриот жаңа буынын қалыптастыру, жеке бастың табысқа жету жолдарын үйрету әдістемесін дамыту, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірлік ұстанымдары, жасампаз қызметі мен болашаққа қызмет ететін идеяларын пайдалану арқылы студенттерді тың бастамаларға қанаттандыру. Мақсат – студенттердің бойында Елбасының мемлекетшілдік, отаншылдық және еңбекқорлық үлгісімен лидерлік, көшбасшылық сапаларды тәрбиелеу, өмірі мен қызметін қазақстандық патриотизмнің негізі ретінде насихаттау.
Хакім Абай айтқан «Кемел адам» болудың қазіргі замандағы бір жолы – өзіңмен қатар өмір сүріп келе жатқан ұлт пен ұлысты білу, олармен достық және сыйластық қатынастар орнату. Ел бірлігі мен татулығы көпұлтты Қазақстанның күш-қуатының қайнар көзіне айналатын тұсы да осы. Ерекше атап өтетін жайт, университетте тәрбие жұмысын, әсіресе, этносаралық мәдениетті қалыптастыру мәселесін Президент атаған жеті жалпықазақстандық басты құндылықтарға сәйкес келетін, «Қазақстан жолы» тәрбие-білім беретін орталығының алдына қойған міндеттерді тікелей шешуге көмектесетін 7 жаңа тәрбие орталықтары жұмыс істейді. Олар: «Қазақстан тәуелсіздігі» студенттердің дебат орталығы, Ұлттық білім мен келісім орталығы, Руханият орталығы, Құқықтық мемлекеттегі инновациялық экономика орталығы, Еңбек қоғамы және саламатты өмір салты орталығы, Мәдениет және тіл орталығы,Ұлттық қауіпсіздік орталығы.
Әрбір орталық Қазақстан қоғамының өміріндегі аса маңызды әлеуметтік-саяси мәселеге байланысты құрылып отыр. Студенттік ассамблея жұмысы да осы басым бағыттармен үндес. Оқу орнындағы шаралардың барлығы студенттік өзін өзі басқару арқылы жүзеге асырылады. Демек, студенттер саяси өмірді басқарудың дағдыларын осы бастан үйрене бастайды. Әр орталыққа университет жанынан құрылған О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты құрамына кіретін 4 кафедра және мәдениеттану кафедрасы әдістемелік көмек береді. Бұл бағытта университеттегі тәрбие жұмысы инновациялық әдіс-тәсілдермен жүргізілуде.
Университетіміздегі студенттік «Достық» ассамблеясы Алматы қаласындағы орыс, украин, күрд, ұйғыр, корей, чешен, түрік, поляк, белорус этностарының Кіші ассамблеяларымен бірігіп, осы этностардың этнографиясынан, тарихынан, мәдениетінен, шаруашылығы мен дәстүр-салттарынан мағлұматтар беретін жекелеген экспозициялар ұйымдастырды. Кез келген мемлекеттік мереке мен әр ұлтқа тән ұлттық мейрамдар мен атаулы күндердің қай-қайсысы болсын, студенттік ассамблея тарапынан жан-жақты атап өтіледі. Бұған қоса, оқу орнындағы әр ұлттың студенттері төл салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын насихаттап, көрмелер мен түрлі мәдени шаралар, арнайы акциялар өткізіп келеді. Бұл ретте оқу орнында студенттік ассамблея негізінде «Жас аспаздар мектебінің» ұйытқы болуымен ұлттық тағамдар байқауының да табысты ұйымдастырылып келе жатқандығын айта кетуіміз керек. Аталған шаралардың барлығына Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысып, байқауларға қазылық жасайды.
Елдің жаңа дамуы кезеңіндегі идеологиялық міндеттер туралы Президенттің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында кеңінен айтылған. Біз осындағы қағидаттық идеяларды басшылыққа алудамыз. Жастар болашақ маман ретінде күрделі әлемде болатын үрдістерді, қауіптер мен қатерлерді дұрыс түсіне білулері керек. Қазақ елін күшейте түсетін, оның әлемге танымдылығын арттыра түсетін бүгінгі студенттер – ертеңгі ауыл шаруашылығында, агроөндіріс кешенінде жетекші қызмет атқаратын мамандар. Сондықтан да студент жастар үшін, жалпы қоғам үшін ең басты құндылық мемлекеттілігімізді сақтап, дамыту екені даусыз.
Бірлікке бастайтын бағыт
Ұлттық бірлік пен келісім орталығы аясында белсенді қызмет етіп келе жатқан студенттердің «Достық» ассамблеясы университеттің имиджін көтеріп, жастарға патриоттық тәрбие беруде көптеген мәдени-танымдық шаралар өткізуде. Бұл студенттік ұжым тәрбие мен өнерді ұйымдастыруда қомақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мысалы, студенттердің өзара тілдік қарым-қатынастарын дамыту аясында университетіміз арнайы байқауға қатысып, «Русский мир» халықаралық қорының грантына ие болған. Аталған грантты ұтып алу үшін білікті қазылар алқасына ТМД елдерімен қатар, Еуропа, Азия, Австралия және Америка елдерінен 405 жоба ұсынылған. Нәтижесінде университетіміздің студенттік «Достық» ассамблеясы дайындаған жоба жеңімпаз деп танылды.
Студенттік ассамблея аясында құрамы түрлі ұлттар өкілдерінен тұратын «Достық» би ансамблі университет, аудан, қала, облыс, республика көлемінде өткізілетін мәдени іс-шараларға, би байқауларына үнемі қатысып, оларды өткізуге белсене атсалысып келеді. Ансамбльдің репертуарында әлем халықтарының 30-ға жуық хореографиялық қойылымдары бар. Аталған өнер ұжымы Ресей мен Түркияның бірнеше қалаларында өткен беделді байқауларда талай мәрте топ жарды.
Университетіміздің бүгінгі мәдени өмірінде студенттік ассамблеяның алатын орны ерекше. Әрбір академиялық топта, факультеттерде, университет көлемінде ассамблея мүшелері өз құндылықтарын насихаттайды. Тәрбие мен білім беру үрдістерін тең ұстай отыра университет еліміздің болашағы саналатын жаңа буынды қалыптастыру жолында аянып отырған жоқ. Оқу үдерісіне Елбасы Н.Ә.Назарбаев өмірі мен қызметі туралы арнаулы курстар мен арнаулы семинарлар енгізуді жоспарлаудамыз. Ондағы мақсат – студенттерге еліміздің Тұңғыш Президенті жасаған қазақстандық жолдың ерекшелігін және идеологиялық философиясын түсіндіру. Студенттер Қазақстан Тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері қарай жүргізіліп келе жатқан реформалар саясатының логикасы мен эволюциясын дұрыс ұғынулары маңызды.
Бүгінгі студент – мемлекетімізде қабылданған стратегиялық маңызы бар бағдарламаларды іске асыратын болашақ тәжірибелі маман. Бұл орайда, Елбасымыздың республикамыздың даму стратегиясын айқындап, жүйелеу кезінде жоғары білімнің сапасын бірінші орынға қоюы қолға алған әрбір істің нәтижелі болуына алып келуде. Бұл жолда Елбасы бастамасымен негізі қаланған Қазақстан халқы Ассамблеясына әлі де жүктелер міндет көп. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттік «Достық» ассамблеясы да өз жұмысын үлкен Ассамблея қызметімен ұштастырып, мемлекет қойып отырған межелі мақсаттарды кезең-кезеңімен жүзеге асыруда бар ықылас-ниеті мен күш-жігерін жұмсауда.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,
академик.