Таным • 28 Сәуір, 2022

Жыр жүйрігі Қашаған…

3752 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», демей ме ұлы Абай. Ендеше, өнегелі ісіңмен, өмірде қалдырған ізіңмен ғұмырың жалғасады екен. Мұны айтып отырған себебім, 1929 жылы өмірден озған Қашаған жыраудың шығармаларын оқып, зерделеп отырып, Маңғыстау халқының жүрегінде орнаған сүйіспеншілік сезімге қайран қалдым. Міне, мәңгілік жасайтын адам осындай болмақ деген ой еріксіз өзіне тартады.

Жыр жүйрігі Қашаған…

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазақ әдебиетінің тарихында асқан дара талантымен аты қалған Қашаған Күржіманұлының өмір-мектебі – тереңнен толғап, алыстан барлап, биіктен самғап, талғаммен талғап барып оқылып, жазылатын тарих. Жыр дүлдүлі атанған дарабоз ақынның соңында қалған асыл дүниелері жақсылар мен жайсаңдар, зерделілер мен зейінділер, білгірлер мен білімділер бас қосқан жерде талдауға түсіп, мақтауға тұратын салмақты шығармалар. Жыр жампозының қай өлеңін алып қарасақ та, жер қойнауында сирек кездесетін маржан тастар секілді өте құнды. Ақын өлеңдерінен оның мінез-құлығы, табиғи жаратылысы көрінеді.

Өмірі туралы жырларының бірінде:

Атам бір қайтып дүниеден,

Бес жаста жетім қалдырды.

Басыма қайғы салдырды.

Анам көрді жесірлік,

Сөйтіп басым қаңғырды, –

деп сөз өрнегінде көзін ашпай жетімдіктің салмағы мойнына түскенін баяндайды. Өмір өгейсіткенімен, өлеңі өгейлемей, тыңдаған құлақтың құрышын қандырған ақынның әдемі жырлары жүре келе көпшілік жиналған жерде елдің қуаны­шына айналып, жұртшылықтың құрметіне бөленді. Тіпті оны жалшылық жұмыстан босатып, жұртшылық бас қосқан жерде өнерін жырлатып, тамашалайтын болды.

Айтулы жыраудың басына қонған бағы – өнермен қалай серік болғаны туралы жыршы, немере інісі Шәдімен Үсембаев өз естелігінде былай дейді: «Жаз. Шілде. Өкшесі ойылып, табаны сойылып, мал соңында азап шегіп, арып-ашқан Қашаған бала таяғын жерге шаншып, шапанын күрке етіп жата қалса, көзі ілініп кетеді. Түс көреді. Түсінде бір қара кісі келіп, баланың қолынан тартып тұрғызып: «Дорбалап аласың ба, қапшықтап аласың ба?» деп сұрайды. «Бергеніңді аламын» дейді Қашаған. Қара кісі қолын жайып, бата береді: «Өнер бердім, елге шаш» дейді. Қашағанға жырдың бағы осылай қонған екен. Дауылпаз ақын өзінің төкпе жырының бірінде таланты туралы айтқаны өте сәтті, нанымды шыққан дүние:

«Менің атым Қашаған,

Тәңірім артық жасаған.

Адай түгіл Алшынның,

Алшын түгіл Алаштың,

Айтқышы едім қашаннан».

Қашағанның туған жеріне қатысты бірнеше пікір бар. Бірінде («Маңғыстау энциклопедиясы», 2009 ж.) бейбіт кезде де, ел басына күн туған қиямет-қайым шақта да ауылы аралас-қойы қоралас түрікмен халқының жерінде өмірге келгендігі айтылса, екіншісінде «Маңғыстаудың, Адай уезінің Жаңғақ жерінде туған, бұл жер кейін Түрікменстан құрамында қалған» делінеді.

Халқымыздың талантты ұлы 1841 жылы туып, жетімдіктің тақсіретін тарт­қанын деректерден білеміз. Бір жағынан қыс­са, екінші жағынан үйіп-төгіп бере салатын кең Алла оны әкеден айырып, мал-мүлікке кенде қылғанмен, қабілет-қарымға бай қылды. 15-16 жасында жалданып, көпестің малын бақты. Одан әрі өмірінің өзегі, күнелтісінің арқауы өнер-өлең болды. Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе өңірлерін, Хорезм аймағын аралап, ел арасындағы белгілі өнер майталмандарымен танысқан, олардан үйрене және өзін мойындата ержетті. Ақтан, Бала Ораз, Нұрым, Қалнияз, Құрманғазы, Аралбай, Қашқымбай, Мұрат, Ығылман, Қоспақ, Өмір секілді сол заманның сөз иелері Қашағанның қарымын бірден білді, қапысыз таныды. Аяқ алысына, сөз саптауына сүйсінді. Барлық өлеңі құймақұлақ, өлеңсүйгіш азаматтардың айтуымен ауызша тарап, Қазан төңкерісі жылдарынан соң ғана қағаз бетіне түсе бастады. Ең алғаш баспа бетінде жарық көруі ақын қайтыс болған соң алты жылдан соң, яғни 1935 жылы «Әдебиет майданы» журналында жариялануы еді.

Дарынның алмас жырларының қата­рында «Нұрым мен Қашаған» айтысы, «Қа­шаған мен Ізбас» айтысы, дастан-жыр­ларының сүбелісі «Адай тегі», «Ата­мекен», «Топан», «Қарасай-Қази» және т.б. шығармалары халық арасына кеңінен тарап, өзінің лайықты бағасын алған.

Баршамызға белгілі Қашаған Күржі­манұлының 170 жылдық мерейтойы 2011 жылдың тамыз айында Маңғыстау өңірінде тойланды. Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың жыр дүлдүлінің сол мерекесінде: «Қашағанды көргендерден адам қалмай барады. Ат көтере алмайтын болғасын қара бурасына мініп, қаракөлден жасаған тығырық бөркін едірейте киіп, ел аралап жүрген қара шал деседі. Қасына Аралбай, Сәттіғұл, Мұрын, Түмен, Сүгір, Шамығұлдар еретін көрінеді. Қашаған өлгесін ол салтанат та көзден бір-бір ұшты. …Қазіргі қолда бар Қашағанның шығармалары негізінен марқұм Қабиболла Сыдиықов ағамыздың еңбегі. Оған Мұрын, Жанжігіт, Шамығұл, Шәдіман, Құмар, Назарбек, Әлқуат, Қобылаш, Сұлтандардың Қашағаннан айтқан жырларының қаншалықты толық екендігін ешкім білмейді. Біздіңше, талай өлеңінің тек сұлбасы ғана жүрген сияқты. Қашаған жырлаған жырлар да толық сақталмаған. Қашаған тіріліп кетсе, өзінен қалған асыл мұраларды ұрпағына жеткізген Қабиболла Сыдиықовтай асыл ағамызға әбден риза болар еді» деп айтқаны көңілге түрлі ой салар орынды әңгіме.

Жыр дүлдүлі Қашағанның жыр мек­тебін қалыптастыруға ықпал еткен ал­дыңғы аға толқын ағалары – Махам­бет пен Абылдың мектебі деседі зерт­теу­шілер. Дауылпаз ақынның жырлары Қазақ­станның батыс аймақтарына, қарақалпақ, түрікмен елдеріне кең тараған. Табиғаты зерек ақын ескі жыраулардың әдісімен ауызша жаттап алып, жырлаған.

Көзі тірісінде жампоз жыраудың өз аузынан жыр, дастандарын жазып алған Көшен Өсербаев пен Темірғали Күнтуғановтар болатын. Рухы биік қазақ тағдыры қандай күйге түссе де, ұлттық рухани байлығын жоғалтпай, көзінің қарашығындай сақтаған халық. Осы сөзімізге Қашағанның бүгінге жеткен айтыстары мен сүбелі шығармалары айғақ.

Қашаған Күржіманұлының ең өресі биік, сүбелі бірқатар шығармасы туған ел мен өскен жерге арналған. Арқалы ақын көзбен көрген көріністі сол қалпында-ақ боямасыз бере салады. Мысалы, «Топан» дастанында:

«Мынау Еділ мен Жайық, Жем екен,

Бұл жетімдерге дем екен,

Жесірлерге кең екен,

Шөбі малға май болар…» дейді

Ақын – ел адамы. Оның көкірек-сандығынан туған жырлар өзі өмір сүрген ортамен бірге өріліп отырады. Бұл табиғи заңдылық. Ақынның даралығы, ерекшелігі сол, ол туған халқынан бір сәт те ажырамауы керек. Төпелетіп жырлаған «Топан» дастаны 1900 жылы Жем өзені тасыған сәттегі оқиғаға арналған.

Бір рулы елдің тарихына арнаған «Адай» деген дастанының жазылу тарихы батыс өңіріне белгілі ақын Таз Қашқынбайдың: «Адайдың әкесі кім?» деген сұрағына жауап ретінде шығарылған дүние екен. Қылжақты сұраққа ақынның салмақты өлеңмен жауап беруі – біріншіден, ел тарихына немқұрайды қарамағандығы болса, екіншіден, ақынның тегіне нұсқан келтіргісі келген менменсіген көкірекке өзінің биіктігін көрсеткен терең астарлы, мағыналы өлең. Бұл – елдің намысын қорғап, арын арлаған өршіл өлең деп айтуға тұрарлық шығарма.

Айтыс додасында алдына жан сал­маған Қашағанның сөз саптасы, сөз қайыру мақамы сөз өнерінің шексіз мәңгілігімен тұтасып жатқан дүние. Ойнақы орам, шұрайлы сөз бір-бірімен қабысып, ақылмен астасып тұрған парасатты ойды туғызады. Мысалы, өзін төмендетіп, тұқыртқысы келген Ізбасқа:

Сен бір жабы, мен – тұлпар,

Сен бір қарға, мен – сұңқар,

Тоғыңды шайқап бүлінбе.

Мен – мұхит жатқан тереңмін,

Шамшырақ жанған түбімде.

…Мен қайыртпай кеткен Қашаған,

Анау Таз Қашқынбай, Тама Ізімге,

Ұлық болар, Ізбас-ау,

Таласқан бізбен білімге! –

деп қайырған шумақтар жақсының жаға­сына жармасқан жаманның маңдайынан атқан оқпен бірдей.

Қашағанның өзіндік ерекшелігі – ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың 30-жылдары аралығында Батыс Қазақстан аумағында айтыс өнерінде алдына жан салмауында жатыр. Оның жалпақ жұртқа жайылған атақ-даңқына іштей де, сырттай да бақталас кейбір әріптестері оны ойламаған жерден, тұтқиылдан басып қалып, оңтайлы тұста опық жегізуге, сөйтіп ел мақтаған Қашағанды сүріндіруге, сол арқылы өздерінің абыройын асыруға әрекеттенген. Оған ойда жоқта соқтыққан Сақып, Ізім, Ізбас ақындардың әрекетін осылай демеске амалымыз жоқ.

Қашаған мұрасын жинап, ел кәдесіне таратуда елдің белгілі азаматы, марқұм Таңаш Меңдібаев жемісті еңбек етті. Әдебиетке құштар оның «Сырласың да, мұңдасың да заман» атты кітабы басылып шықты. Мұнда Қашаған ақын жайлы бұрын-соңды жарық көре қоймаған дүниелердің болуы – кітап мазмұнын арттыра түседі. Т.Меңдібаев дерегіне сүйенсек, Қашекең серігімен бірге шағын ауылдың үстінен түседі. Олар ат басын тіреген отауда жалғыз бойжеткен отыр еді. Жолаушылар отауға бас сұғып, дауыстап сәлем береді.

– Бұл үйге қонуға болмайды, – дей салады бойжеткен. Біраз өтініш-тілектерден соң бейтаныс бойжеткен:

– Тоқтаңыз, – дейді. – Қонақ болсаңыз қоятын екі шартым бар. Бірі – сұрақ, бірі – жұмбақ. Осыны шешсеңіздер ғана қонуға рұқсат.

Бірін-бірі танымайтын Қашаған ақын мен бойжеткен қыз сөз сайысына түседі. Сұрақ-жауап өрбітеді, жұмбақ айтысады. Екі жақ та бірін-бірі жеңе алмайды. Ал бойжеткен болса, ақын кісінің жай адам емесін сөзіне қарай топшылап біледі. Қашаған ақын болар деп тоқтайды. Ақынды сый-құрмет көрсетіп, ауылдың жақсыларын жинап, екі-үш күн қонақ қылады.

Қоштасарда бойжеткеннің көңілі Қашаған ақынға құлайды. Сонысын бойжеткен:

– Аға, маған не айтасыз? – дейді.

Сонда Қашекең:

– Он – ит, жиырма – қасқыр, отыз – арыстан, қырық – жолбарыс, елу – тұсау, алпыс – шідер, жетпіс – кісен, сексен – көсеу, тоқсан – торғай, жүз – жұмыртқа... – деп жауап қатып жүре беріпті. Бойжеткен не айтарын білмей, дел-сал күйде болып тұрғанда, қасына келген жеңгесі былай депті:

– Сәулем, қапа болма, ақын өз өмірін айтты ғой. «Он жаста ит қуған бала едім, жиырмада қасқырдай жігіт болдым. Отызда арыстандай, қырықта жолбарыстай айбынды едім, елу келді, аяққа тұсау түсті. Енді алпысың шідер емей немене? Жетпісте кісендеулі болмаймыз ба? Сексен келгесін мен де бір, ошақ басындағы көсеу де бір. Тоқсанға келсең, торға түскен торғайсың. Жүз де бір, жарылған жұмыртқа да бір. Көңіліңді түсірген тағдырдан, уақыттан мықты емеспін» дегені. Өміріңе қиянат жасауға ақынның ары бармады. «Қош» дегені деп жұбатыпты.

Қашаған – қанша айтсаң да таусылмайтын телегей теңіз ақын. Оның ірілі-ұсақты шығармалары – қазақ әдебие­тіне қосылған алтын арна. Қашаған рухы алдында шәкірті, халық ақыны Сәт­тіғұл Жанғабылұлы көп тер төгіп, оның шығармаларын жинақтап, қағазға түсірген болса, беріде өлкетанушы, фи­ло­логия ғылымдарының кандидаты Қа­би­бол­ла Сыдиықұлы сүбелі үлес қосты. Ол Алматы қаласынан «Топан» атты жыр кітабын бастырып, «Алқаласа әлеу­мет» деген кітапқа кейбір туындыларын енгізді.

«Алтын кездік қын түбінде жатпас» дегендей, Қашаған Күржіманұлының есімі республика көлеміне тарап, Маңғыстауда мерейтойы, оның атындағы байқаулар өткізіле бастады. 1991 жылы тойланған 150 жылдағы аясында «Қырықкез» қауымындағы басына күмбезді там салынды, ескерткіш тақта қойылды. Ақтау қаласында тұрғызылған ескерткіш те осы сәтте жұмыстың жалғасы. Ә.Кекілбаев Қашекеңді дария деп бекер атамағаны белгілі. Түбіне тұнғаны көп дариядай терең, айдыны шалқар жыраудың, айтары мол ақынның артында қалған мұраларын зерттеп, жинақтау – бүгінгі ұрпақ парызы. Анығын айтсақ, күні бүгінге дейін осы парызды орындай алмай келеміз. 2011 жылы «Жазушы» баспасынан 2000 таралыммен жарық көрген «Қайыртпай кеткен Қашаған» кітабы үлкен жұмыстың орнын көрсетіп ұшқан балапан дейміз. Алда қыранның қанат қағысындай алымды, бүркіттің бағындырған белесіндей биік істер тұр. Тек ұрпағымыз баба атына адал, ата мұрасына құштар болсын. Жыр атасы Жамбыл:

Сүйінбай мен Қашаған,

Қара өлеңді матаған,

Атын жаттап балалар,

Әлі күнге атаған, –

деп жырға қосса, тағы бір қазақтың сыршыл ақыны Ілияс Жансүгіров:

Атырау – алыс бізге, жердің түбі,

Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі.

Шашқанда күйден көбік Құрманғазы

Қашаған – жырдан төккен

маржан-дүрді, –

деп шабыттана жырлауы тегін емес. Бұл алыстағы ағайын тарапынан айтылған әділ де жүрекжарды жоғары баға.

Уақыт – өтпелі, дүние – жалған. «Ға­лымның хаты, ақынның аты өлмейді» дегендей, Қашаған жырларымен бірге жасап келеді, халқын болашаққа бастап барады. Қашаған ақынның өмірі мәңгілік деуіміздің сыры осында.

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы,

профессор