Небары 13 жасар автор бүгінгі таңда әдебиеттің айрықша сұранысқа ие және барынша пайдалы түрін қалыптастыру бағытында шеберлік сағаттарын өткізді. Даниэль Ахмед Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында болып, сапар соңында Бурабайға соққан. Ондағы мақсаты осы өңірдегі жастарға комикстерді қалай салуға болатынын үйрету. Коммерциялық емес қоғамдық ұйымның қолдауымен ұйымдастырылған шығармашылық сәт өте тартымды өтті. Сөз арасында әлемге аты шыққан жас автормен кездесу туралы идея Гильдия делегациясының биыл наурыз айында облыс әкімі Ермек Маржықпаевпен кездесуі кезінде туындаған. Бұл індет құрсауынан шығып келе жатқанда жастардың жанын жадырататын жағымды жаңалық болды.
Табиғаты тамылжыған Бурабай баурайында Гильдия ұжымының белді өкілі Юсуф Крыкбесовтың қолдауымен өткізілген шараға 11 мен 25 жас аралығындағы 200-ден астам жас қатысып, комикстерді жасау негіздерімен танысты.
– Біздің жолымыз болды. Бурабай баурайына Даниэль Ахмед келді, – дейді Юсуф Жағыпарұлы, – балалардың ағылшын тілінде сөйлесіп, пікір алмасуының өзі көп жайды аңғартатын еді. Шығармашылық қызметтің еуропалық модельдері өте маңызды.
Алғашқы шеберлік сыныбы жоғары технологиялық колледжде басталды. Бұл жерде болашақ бағдарламашылар мен дизайнерлер комикстер жасау тәсілімен танысты. Мектеп оқушылары тарапынан үлкен қызығушылық туындады. Білім ошағының директоры Қуанышбек Шаяхметов Гильдия командасына алғыс айта отырып, басқа да жобаларға қатысқысы келетіндіктерін жеткізді. Дәл осындай кездесу «Арман» өнер мектебінде де сабақтасты. Жас тыңдаушылар кейіпкерлердің бет-әлпетін суреттеудің техникалық егжей-тегжейіне үңілді. Бір айта кетерлік жайт, Даниэль шеберлік сыныптарын өте қызғылықты өткізеді. №1 гимназия оқушылары Ұлыбританиядағы білім беру мекемелерінің тәжірибесін сұрап, қызығушылық танытты. Қай жерде болсын шығармашылық атмосфера кілкіп тұрған болатын. Балалардың ішіндегі батылдары Даниэльден қолтаңба да сұрап жатты.
Жоғары педагогикалық колледжде Даниэль студент аудармашылармен тіл табысып, емін-еркін әңгімелесті. «Hertfordshire Press» баспасының негізін қалаушы және жетекшісі, ECG (London) вице-төрағасы Марат Ахмеджанов дарынды жастар қатыса алатын жобаларды, сондай-ақ, комикстің өзін жеке таныстырып өтті.
– Көбінесе мұғалімдер мен ата-аналар күлкілі кітапты зиянды деп санайды, – деді Марат Ахмеджанов, – статистикаға жүгініп көріңізші, 2020 жылы АҚШ комикстерінің бүкіл индустриясы шамамен 800 млрд теңге табыс тапты. Енді ойлаңыз, 1 млрд доллардан артық ақша табу жаман ба?
2021 жылы сатылымдар көлемі 70 пайызға өскен. Сатылған комикстер саны да көп. Қазір бұл сала жаңа алтын ғасырды басынан өткеріп жатыр.
Әлемнің әр қиырындағы үздік жаңалық Алаш баласы үшін де жат болмауға тиісті. Жақсы іске ұмтылу, ұқсап бағу неге жаман болсын. Үздікке еліктеу түптің түбінде жас қиялға қанат бітіріп, ұшпаққа шығармай ма?!
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы