Аймақтар • 28 Сәуір, 2022

Кітапханадағы экотүн

334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайдағы Лев Толстой атындағы облыстық кітапханада «Кітапхана түні» атты оқырмандар мерекесі өтті. Пандемия кезіндегі шектеуге байланысты екі жылдай үзіліп қалған дәстүрлі шара биыл табиғат байлығын қорғау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау сияқты экологиялық маңызы бар мәселелерге арналып отыр.

Кітапханадағы экотүн

Кітапхананың бірінші қабатында балалар киімінің экодефилесі, «Табиғат тартуы» сияқты іс-шаралар, ал екінші, үшінші қабаттарда «Капрон қуыршақтар» бұрышы мен «Әлем мен табиғат үйлесімі» эковикторинасы, «Органик маркет» көрмесі, «Фандрайзинг ЭКО-бастамалар» панорамасы ұйымдастырылды. Іс-шараға арнайы шақырылған эколог мамандар жиналғандарға «Табиғат тазалығы – тән тазалығы» тақырыбында дәріс оқып, қызықты тапсырмалар орындатып, зияткерлік ойындар өткізді.

Наурызым қорығының қызметкерлері оқырман­дарға емдік қасиеті бар шөптерден дайындалған шай ұсынып, бұл шөптердің көмегімен қандай ауруларды емдеуге болатынын айтып берді. Ал Қостанайдағы «Озат» мектебінің оқушылары көпшілікке химия пәні бойынша жасаған экожобаларын көрсетті.

л

Кеш қонақтары түнгі шамның сығырайған сәуле­сімен күңгірт тартып, құпия сырға бөккен сирек кездесетін кітаптар қорына түсіп, осында сақтаулы тұр­ған көне газет тігінділе­рімен және құнды құжат­тармен танысты.

Ұйымдастырушылар кішкентай оқырмандарды да назардан тыс қалдырмай, балалардың көңілін аулайтын көптеген қызықты танымдық ойындар ойластырып қойыпты. Балғындардың бір тобы таңғажайып сиқыршылардың өнерін тамашалап қуанышқа кенеліп жатса, екіншілері қолөнер шеберлерінің залына өтіп, қыштан ыдыс жасамақ болып әуреге түсіп жатты.

Ал оқырмандар залында өткен «Жауқазын-ғұмыр» атты поэзия кешінде жергілікті ақындар жас­тық шақ, туған жер, махаббат тақырыптарына арналған лирикалық өлеңдерін оқыды.