Спорт • 28 Сәуір, 2022

Ұлттық құрамаға қандай бапкер керек?

254 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Осы аптада Қазақстан футбол федерациясының УЕФА құрамына кіргеніне 20 жыл толды. Тәуелсіздік жылдарынан бергі футболдағы ең ірі жетістігіміз қандай деп сұрасаңыз, көбі УЕФА-ға қосылғанымызды айтатыны белгілі. Бірақ кейінгі екі-үш жылда жанкүйерлер де, футбол мамандары да Азия конфедерациясына қайта оралу керек деген мәселені жиі көтеріп жүр. Қазақстан құрамасы осы жылдар ішінде УЕФА-да ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетпесе де, бапкер ауыстыру жағынан Еуропа құрамаларын шаң қаптырып келеді.

Ұлттық құрамаға қандай бапкер керек?

Мәселен, әзірге соңғы әлем чемпио­ны саналатын Франция құрамасын 2012 жылдан бері бір ғана бапкер, яғни Дидье Дешам жаттықтырып келеді. Осы уақыт аралығында ол Франциямен бірге Еуропа чемпионатының (2016) күміс, әлем біріншілігінің (2018) бас жүлдесін жеңіп алды. Ал былтырғы Еуропа біріншілігінде үздік шыққан Италия құрамасын 2018 жылдан бері 57 жастағы Роберто Манчини баптап келеді. Ол «Скуадра Адзурралықтарға» араға 52 жыл салып Еуропа чемпионы деген атақты алып берді.

Жалпы, Еуропа құрамаларында бапкер ауыстыру жағдайы өте сирек кез­деседі. Өйткені тұрақтылық өмір салты деп білетін Кәрі құрлық елдері шыдам­дылықтың түбі нәтиже беретінін біледі, тағайындаған бапкердің біліктілігіне сенеді. Ал бізде бәрі керісінше. Федерация басшылығы бапкер ауыстырған сайын жаңа жетістікке жетеміз деп ойлап келе жатқанына 30 жылдан асты. Әлгі «футболда бар мәселені қаржы шешетін болса, онда арабтар жыл сайын әлем чемпионы болар еді», дейтін әзіл-шыны аралас әңгіме сияқты, бапкер ауыстыру бар мәселені шешетін болса, онда Қазақстан құрамасы әлем, Еуропа біріншіліктерінде Франция, Бразилия, Испания, Аргентина сияқты елдерге күш бермейтін еді ғой.

Осы жерде қызық үшін, кейінгі 30 жылда Қазақстан мен Еуропа елдері­нің құрамалары қанша бапкер ауыстыр­ғанын салыстырып көрейік. Үш онжыл­дықтың ішінде Қазақстан құрамасында 19 бапкер жұмыс істепті. Олардың ішінде Владимир Фомичёв (2000 жыл), Бауыр­жан Баймұхамедов (1994), Сергей Горо­ховодацкий (1998) және Андрей Карпович (2022) ең аз уақыт қызмет еткен бапкерлер қатарында. Алғашқысы ұлттық құрамада бір матчта ғана жұмыс істесе, кейінгілері де ұзаққа барған жоқ. С.Гороховодацкий 12 күн, А.Карпович 20 күн бас құрамада еңбек етті. Ал ұлттық құраманы ең көп жаттықтырған бапкерлердің қатарында Серік Бердалин (1995-1997), Арно Пайперс (2006-2008), Бернд Шторк (2008-2010), Мирослав Беранек (2011-2013) және Талғат Байсуфинов (2020-2022) бар. Олардың әрқайсысы ұлттық құрамада екі жылдан аса қызмет атқарды.

Ал Еуропа құрамаларына келер болсақ, 30 жылдың ішінде Англия құрамасын – 13, Бельгияны – 11, Нидерландты – 17 (оның ішінде Дик Адвокат пен Луи ван Гал үш реттен, Гус Хиддинк екі мәрте бас бапкер болған), Чехияны – 11,  Португалияны – 13, Италияны – 12, Германияны – 6 бапкер жаттықтырған екен. Енді мына қызықты қараңыз, бір ғана Йоахим Левтің өзі Германия ұлттық құрамасында табаны күректей 15 жыл (2006-2021 жылдар аралығы) жұмыс істеген. Көрсеткен нәтижесі де жаман емес. Атап айтар болсақ, 2010 жылғы (ОАР) әлем біріншілігінде қола жүлде жеңіп алса, төрт жылдан кейін Бразилияда өткен ала доп аламанында әлем чемпионы атанды. Ал 2008, 2012 және 2016 жылдары қатарынан үш жыл Еуропа біріншілігінде Германияға бір күміс, екі қола медаль әперді.

Міне, әлем елдері алды 15 жыл, ең аз деген бес-алты жылдан кейін ғана бас бапкерін өзгертетін болса, Қазақстан ұлттық құрамасы кейінгі бес жылдың ішінде бақандай бес бапкер ауыстырып үлгерді. Яғни жыл сайын біздің құрамада жаттықтырушы өзгеріп отырады. Ал одан нәтижеміз нашарламаса, ешқашан жақсарған емес. Осы уақыт аралағында жеткен ең ірі жетістік (егер солай айтуға болатын болса) – Ұлттар лигасының D лигасынан С лигасына дейін жоғарылағаны. Оның өзінде биыл сол лигадағы орнымызды сақтап қалу үшін Молдова құрамасымен електік ойын өткізіп, ілініп-салынып әрең дегенде матчтан кейінгі пенальти сериясында жеңіске жетті. Әйтпегенде биылғы Ұлттар лигасының жаңа маусымында Андорра, Лихтенштейн, Латвия секілді құра­малармен бір топта өнер көрсетуіміз әбден мүмкін еді. Ал осы екі ойынға федера­цияның жаңа президенті Әділет Бәрмен­құлов 2020 жылдың соңынан бері ұлт­тық құрамада жұмыс істеп келе жатқан Тал­ғат Байсуфиновты орнынан алып, былтыр «Қызылжар» клубын Конференция лигасына шығарған Андрей Карповичті уақыт­ша бас бапкердің міндетін атқарушы етіп тағайындады. Бұл – бұдан былай ұлт­тық құраманың тізгінін А.Карпович ұстай­ды деген сөз емес. Қазіргі таңда кейбір қа­зақстандық БАҚ өкілдері ҚФФ басшылығы жаңа бапкер іздестіріп жатқанын жазып жатыр. Енді дәл осы жерде «Қазақстан ұлттық құрамасына қандай бапкер керек?» деген заңды сауал туындайды.

Осы сұрақ төңірегінде футбол сарапшысы, комментатор Ербол Қайыров өз ойын былай білдірген болатын. 

– Маған жанкүйерлер жиі хабарласып, ұлттық құраманың бапкерін ауыс­тыру керек пе деп сұрап жатады. Менің Андрей Карповичпен жеке бас таныстығым, аралас-құраластығым жоқ. Сондықтан мен оны орнында қалсын немесе қалмасын деп айтпаймын. Бәрін ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұловтың өзі шешеді. Егер Бәрменқұлов ұлттық құрамаға жаңа бас бапкер керек деп, оны ауыстыратын болса, оның орнына кім келеді – мәселе осында. Мен қазіргі бас бапкерді міндетті түрде ауыстыру керек деп ойламаймын.

Жалпы ұлттық құрамада жұмыс істеу оңай шаруа емес. Оны Карповичтің өзі де айтты: «Құрамадағы жұмыс мүлде басқа. Клубтағы жұмыспен салыстыруға келмейді. Бұл жақта ойыншыларды күн сайын көре алмайсың, сол себепті маған қиын». Оның бұл сөзімен толық келісемін. Сондықтан бізге жаңа бапкер керек болса, тек бірнеше құрамада жұмыс істеген, жоғары нәтижеге жеткен бапкерді ғана жұмысқа шақыру керек. Мәселен, босниялық Вахид Халилходжичті алайық. Ол төрт ұлттық құраманы (Кот-д’Ивуар, Алжир, Жапония және Марокко) әлем чемпионатының топтық кезеңіне шығарды. Сондай-ақ 2000 жылы Словенияны Еуропа чемпионатына алып шыққан Сречко Катанец (былтырдан бастап ол Өзбекстан ұлттық құрамасын жаттықтырып жүр) және словакиялық Владимир Вайссты шақыруға болады. Ал қазір осындай мықты мамандарды таба аламыз ба?  Бұл – қиын, әрине. Бірақ басшылар дұрыс шешімін табады деген ойдамын.

Егер лайықты бапкер табылмаса, онда Андрей Карповичке мүмкіндік беріп, кемінде 2-3 жыл орнынан алмай, сенім білдіру керек. Сонда ғана нәтиже көрсете аламыз. Және де Германия, Ресей, Украина, Чехия секілді елдерде тұратын, Қазақстанға қатысы бар футболшыларға азаматтық беріп, ұлттық құрамаға шақырту керек. Егер солай істейтін болса, онда ұлттық құрамамыз биыл-ақ Ұлттар лигасында нәтиже көрсетеді, – дейді Е.Қайыров. 

Ал футбол комментаторы Ермұхамед Мәулен өзінің телеграм арнасында әзірге Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері кім болатынын білмейтінін, бірақ Андрей Карпович қызметінен кететіні анық деп жазады. «Себебі ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов Молдоваға қарсы матчта ұлттық құрамада оң өзгеріс байқай алмаған сияқты. Оның үстіне бастапқыда-ақ Карпо­вичті «міндетін атқарушы» деп жаздыртты. Шамасы, құрамаға шетелдік маман келетін сияқты. Өйткені Қазақстанда құра­ма тізгінін ұстайтын бапкерлерден кім бар? Әзірге ешкім жоқ. Горовенко, Фера­понтов, Москаленко кандидатуралары әл­сіз. Нүркен Мәзбаев туралы әзірге әңгіме жоқ. ҚПЛ-дағы басқа клубтардың бәрін­де шетелдік бапкерлер. Олардың ішінде де қа­рық қылып жүрген ешкім жоқ. Тек Құрбан Бердыевпен келісімге келмесе. Бірақ ол кісінің өзі қайтсем «Қайратты» жоғары орындарға жеткіземін деп басы қатып жүр.

Демек Ресей немесе Украинадан маман келсе таң қалмаңыздар. Әсіресе қазір­гі жағдайда кез келген украиналық Қазақ­станға келуден бас тартпайтын сияқты. Футбол төңірегіндегі адамдар Станимир Стойловтың Қазақстанға оралуы туралы да ақпарат таратып жатыр. Себебі оның агенті Мирчо мырза Қазақстан футболына ықпалы бар адам», дейді футбол комментаторы.