Спорт • 28 Сәуір, 2022

Маусымдағы «майдан»

151 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жайма-шуақ жаздың алғашқы айында әлемнің әр қиырында аралас жекпе-жектен өтетін аса жауапты жарыстарда Қазақстанның бірнеше танымал спортшысы өнер көрсетеді. Миллиондаған жанкүйер солардың арасынан UFC промоушені ұйымдастыратын бәсекелерді тағатсыздана күтуде.

Маусымдағы «майдан»

Әлемдегі ең белді ұйымның жарысында жерлестеріміздің арасынан алғашқы болып 33 жастағы Жалғас Жұмағұлов (14-6) жекпе-жекке шығады. 5 маусымда ол АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін турнирде жергілікті спортшы Джефф Молинамен күш сынасады. 24 жастағы америкалық сайыпқыранның осы спорт түрін серік еткелі бес жылдан асты. Сол аралықта 12 кездесу өткізіп, 10 рет жеңіске жетті. Бір қызығы, Молина алғашқы үш бәсекенің екеуінде жеңілістің кермек дәмін татты. Есесіне одан кейін қатарынан тоғыз айқаста өзінің мықтылығын мойындатты. Ол бразилиялық джиу-джитсуды жақсы меңгерген. Өте жылдам және аяқпен де, қолмен де жақсы жұмыс істей біледі. Джеффтің қандасымызға қарағанда бойы біршама ұзын. Жалғаспен жекпе-жекке шығатынын естіген бетте Молина қатты қуанған көрінеді. Ол: «Өте жақсы болды. Мен Жұмағұловты зейнетке жіберемін», деп мәлімдепті.

Лас-Вегаста Жалғасқа жеңіс ауадай қажет. Себебі Ақтөбенің тумасы UFC-де өткізген төрт кездесудің үшеуінде жеңілді. Соңғы рет былтырғы желтоқсан айында анголалық Манель Капеден ойсырай ұтылды. Егер осылай жалғаса беретін болса, америкалық промоушен Жұмағұловпен келсімшартты ұзартпауы да мүмкін.

Дәл сондай жағдайды Ақтөбенің тағы бір өкілі Сергей Морозов та басынан кешіруде. Биыл жазда 33 жасқа тол­ғалы отырған ол UFC-дегі үш бәсекенің екеуінде қарсыластарына есе жіберді. Биыл қыста бразилиялық Дуг­лас Сильва де Андраде отандасымыз­ды қылқындырып тастады. Бұл жолы Морозов 25 маусымда өтеді деп жоспарланған бәсекеде Раулиан Пайвамен күш сынасады. 26 жастағы Бразилия өкілінің осыдан екі жыл бұрын біздің Жалғас Жұмағұловты ұпай санымен ұтқаны есімізде. Октагонға барлығы 25 мәрте шыққан Андраде соның 21-інде басымдық танытты. Жеті бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады.

26 маусымда Шавқат Рахмонов жартылай орта салмақтағы үздіктер тізімінде тоғызыншы орында тұрған АҚШ-тың белді спортшысы Нил Мэгнимен айқасады. Кейінгі екі жыл аралығында алты кездесу өткізіп, соның бесеуінде басымдық танытқан 35 жастағы бразилиялық джиу-джитсу шеберінің мықтылығы еш күмән туғызбайды. Барлығы 34 бәсеке өткізген Мэгни 26 мәрте жеңіс тойын тойлады. 10 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Егер Шавқат білгенінен жаңылмай, осы жолы да қарсыласын оңдырмай сабаса, онда қазақтың қайсар ұлы өз салмақ дәрежесіндегі «ТОП-10» саңлақтың санатына қосылуы да ғажап емес. Осылайша, ешкімнен жеңіліп көрмеген 27 жастағы Рахмонов бірте-бірте чемпиондық тұғырға жақындайды. Сол сәтті күллі Алаш жұрты көптен бері тағатсыздана күтуде. Әзірге ол рейтингте 15-орында тұр. Бұл – Қазақстанның спортшылары арасындағы ең үздік көрсеткіш.

5 маусымдағы Мовсар Евлоев пен 19 маусымдағы Дамир Исмағұловтың жекпе-жектерін де жерлестеріміз тағатсыздана күтуде. Бұл спортшылар Ресей­дің туы астында өнер көрсетіп жүрге­німен, екеуінің де Қазақстанға бөтен­дігі жоқ. 31 жастағы Дамир Орын­бор­дың қазағы. 2014 жылдан бері ММА-мен айналысып жүрген ол 24 кез­десу өткізіп, 13 мәрте мерейі үстем бол­ды. 13 бәсекені мерзімінен бұрын аяқ­тады. Исмағұлов UFC-де төрт жек­пе-жек өткізіп, барлығында басым­дық танытты. Алайда оның рейтингте тым баяу жоғарылауының себебі – белді промоушендегі өз бәсекелерінің барлы­ғын ұпай санымен ұтқандығы. Сонымен қатар былтыр қандасымыз салмақ лимитін сақтай алмай, соның салдарынан ресейлік Магомед Мустафаевпен жекпе-жекке шықпады. Бұл жағдай да кері әсерін тигізді. Бір қуантарлығы, Дамир барлық жарыста октагонға Ресеймен қоса, Қазақстанның да Көк байрағын көтеріп шығады. 

Лас-Вегаста Исмағұлов Грузияда туып-өсіп, кейіннен Швецияға қоныс аударған 30 жастағы Гурам Кутате­лад­земен күш сынасады. Қарсыласының рекорды – 14 кездесу, 12 жеңіс (8 нокаут), 2 жеңіліс. Соңғы рет Швецияның өкілі 2020 жылдың 17 қазанында Абу-Дабиде өткен жекпе-жекте польшалық Матеуш Гэмротты ұпай санымен ұтты.

Ингушетияда дүниеге келген 28 жастағы Мовсар Евлоев қазақстандық Arlan MMA Pro Team клубының туы астында өнер көрсетуде. Кезінде оның Сергей Морозовты айқын ұтып, М-1 ұйымының алтын белбеуін сәтті қорғағаны қалың көрерменнің есінде. Әзірге Мовсар ешкімнен жеңілген емес. Лас-Вегаста ол жергілікті спортшы Дэн Игемен (15-5) шеберлік байқасады. 

UFC-ден бөлек, басқа да белді ұйым­дар бірнеше жоғары деңгейдегі жарыс­тар өткізуді көздеп отыр. Мәселен, АСА ұйымы жеңіл салмақта күш сынасып жүрген ең үздік сегіз спортшының ба­сын қосып, Гран-При додасын ұйым­дас­тырмақ. Жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрап отырған жарыста 30 жас­тағы Артем Резников өнер көрсетеді. Шығыс Қазақстан облысының Риддер қала­сында туып-өскен отандасымыз – ресейлік промоушендегі ең мықты файтерлердің бірі. Жалпы саны 28 жекпе-жек өткізген ол соның 22-сінде басым болды. 17 қарсыласын есінен тандырды. Бір ғажабы, Артем соңғы бес жыл ара­лығында сегіз рет айқас алаңына шығып, барлығында жеңіс тойын тойлады.

17 маусымда Сочидегі  Red Arena кешенінде өтетін турнирдің алғашқы айналымындағы басты жекпе-жегінде Резников Дави Рамоспен айқасады. 35 жастағы Бразилияның беткеұстары кезінде UFC мен Bellator сынды атақты промоушендерде айқасты. 14 кездесудің 10-ын жеңіспен аяқтады. Соның сегізінде айқын басымдыққа ие болды. Бір айта кететін жайт, ол төрт жеңілістің барлығында ұпай санымен есе жіберді. Соңғы екі кездесуінде Ресей жұлдыздары – Ислам Махачев пен Арман Царукянға жол бергеннен кейін өзінің спорттық мансабын АСА-да жалғастыруды жөн көрді.

Даңқы жер жарған Хабиб Нурма­гомедов іртегасын қалаушы және қо­жайыны болып табылатын Eagle FC лигасында сәуір айында жалауы желбірейді деп жоспарланған жарыстың кейінге шегерілгені белгілі. Шамасы ол мамырдың соңы немесе маусым айының алғашқы жартысында өтеді. Аталған турнирде Қазақстанның екі танымал спортшысы Дәурен Ермеков (15-5) пен Игорь Свирид (18-10) сайысқа түседі деп күтілуде. Дәурен осы ұйымның чемпионы Фарудин Одиловпен (12-2-2) айқасады. Тәжікстанның өкілі осыдан төрт жыл бұрын біздің Шавқат Рахмоновпен кездесіп, үшінші раундта есе жіберген болатын. Ал қандасымыздың Фарудиннен басқа қарсыластарының барлығын бірінші немесе екінші кезеңде ұтқанын жанкүйерлер жақсы біледі. Осы жайттың өзі-ақ тәжіктің осал еместігін аңғартады. Ал кезінде ONE Championship промоушенінің чемпиондық белбеуін иеленген Свирид ресейлік Гамзат Хирамагомедовпен (9-1) жұдырықтасады.            

Соңғы жаңалықтар