«Заң жобасында негізгі биологиялық қауіптер ескерілген. Біріншіден, аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтарына мән беріліп отыр. Аса қауіпті инфекциялардың ошақтары ел аумағының жартысына таралған. Мысалы, оба 10 облыстың аумағында, туляремия 12 облыстың аумағында, геморрагиялық қызбалар 4 облыстың және Шымкент қаласының аумағына тараған. Сондай-ақ екі мыңдай күйдіргі бойынша қолайсыз елді мекендер бар. Екіншіден, қауіпті инфекциялардың сырттан әкелінуі мәселесіне тоқталсақ, Қазақстанның халықаралық туристік іскерлік байланыстарды кеңейтуі нәтижесінде жыл сайын тырысқақтың әкелінуі жағдайлары тіркеледі», деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Заң жобасы бойынша биологиялық қатерге қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін мынадай бағыттардың аясында құру жоспарлануда: Бірінші бағыт - стратегиялық жоспарлау, биологиялық қауіпсіздікті болдырмау, биологиялық қауіпсіздік саласындағы басым ғылыми-зерттеу бағыттарын айқындау жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу.
Екінші бағыт - мемлекеттік басқарудың үйлестірілген ведомствоаралық жүйесін құру және оның профилактикалық функциясын күшейту. Уәкілетті орган енгізіледі, оның негізгі міндеті - ведомствоаралық өзара іс-қимылды және мемлекеттік органдардың іс-қимылдарының келісілуін қамтамасыз ету, биологиялық қатерлердің алдын алу жөніндегі уақтылы әрі тиімді шараларды әзірлеу үшін әртүрлі салалардан ақпарат жинау және талдау жүргізу.
Сонымен қатар, 13 мүдделі уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган өкілеттіктерінің құзыреттері айқындалады. Профилактикалық функцияны күшейту аясында алдын ала ескертусіз аса қауіпті патогендермен жұмыс істеуге қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздік саласында жедел назар аудару және профилактика шаралары көзделеді. Үшінші бағыт - бейінді қызметтер мен халықтың ықтимал төтенше жағдайларға дайындығын қамтамасыз ету.
«Әрбір ықтимал қауіп үшін биологиялық қауіпсіздік саласында назар аудару хаттамалары (сценарийлері) әзірленеді, онда мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар іс-қимылдарының, олардың төтенше жағдайлар кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимылының алгоритмдері жасалады. Аса қауіпті патогендермен жұмыс істеу үшін даярлықтан өткен білікті мамандардан кадр резерві қалыптастырылады, қажет болған жағдайда олар аса қауіпті патогендермен жұмыс істеуге (төтенше жағдайлар, пандемия, басқа елдерге көмек көрсету) жұмылдырылады. Патогенді биоагенттермен жұмыс істейтін объектілерді материалдық-техникалық жарақтандыру халықаралық стандарттарға сәйкес келтіріледі. Ғылыми-техникалық әлеует пен ресурстарды мемлекеттік қолдау шараларын күшейту жоспарланып отыр. Пандемия сабақтарын ескере отырып, заң жобасында халықтың хабардар болу деңгейін арттыру және оның қауіпті биофакторлардың әсеріне назар аударуға дайындығы жөніндегі шаралар қарастырылған. Сондай-ақ кадрлық әлеуетті сақтау және нығайту үшін ынталандыру шаралары көзделген. Мемлекеттік ұйымдардың тәуекелге неғұрлым бейім мамандары мен қосалқы персоналына еңбекақы төлеу арттырылады, сауықтыру жөніндегі жәрдемақылар белгіленеді», деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларының қызметін реттеу ескерілген. Микроорганизмдер коллекцияларын жүргізудің жалпы талаптары енгізіледі, ұлттық және жұмыс коллекцияларының мақсаты нақты анықталады. Мұндай коллекциялар микроорганизмдердің сипаттарын зерттеу, оларды жүйелеу және олардың теріс әсерін азайту жолдарын жасау үшін маңызды.
«Негізгі заң жобасы жоғарыда көрсетілген бағыттарды іске асыруға бағытталған 8 тараудан және 32 баптан тұрады, сондай-ақ қолданысқа енгізу үшін алты айлық өтпелі кезеңді және патогенді биоагенттермен жұмыс істеуге рұқсаттарды ресімдеу мен қайта ресімдеу үшін қосымша 6 айды көздейді», деді ведомство басшысы.
Мұнымен қоса палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе құжат екі оқылымда қаралып, қабылданды.
Ілеспе заң жобасы 3 кодекс пен 11 заңды қоса алғанда, 14 заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді көздейді.