11 Сәуір, 2014

Қазақ өнерін Еуропаға танытты

474 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жақында Атыраудағы Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі шетелдік гастрольден оралды. Атыраулық оркестрді гастрольдік сапарға бастап барған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның айтуынша, қазақ өнерін шетел жұртшылығына кеңінен таныту. Академиялық оркестр құрамындағы халық аспаптарын шебер меңгерген өнерпаздар наурыздың соңғы он күндігінде әуелгі гастрольдік сапармен Түркияның Маниса қаласында өнер көрсеткен. Одан соң Ыстамбұл қаласындағы 5000 орындық «Тоткапы» мәдениет орталығында да қазақтың ән-күйін қалықтатты. Оркестрдің бұдан кейінгі гастрольдық сапары Еуропа елдерінде, нақтылай айтқанда, Германияның Берлин және Австрияның Вена қаласында сәтті жалғасыпты. Көркемдік жетекші және бас дирижер Орақ Жауыров «Еуропа елдерінде ұлы күйші-сазгер Құрманғазы мен Динаның, Түркеш пен Тәттімбеттің күмбірлеген күйлеріне, Ықыластың қобыз сарынына дүбірлете қол соғылды. Біз сонымен бірге, Е.Құсайынов, А.Сайжан, А.Жайымов шығармаларымен шектелмей, шетелдік композиторлардың да туындыларын орындадық», дейді. Күй анасы Динаның есімін асқақтатып жүрген академиялық оркестр құрамындағы Аманжан Басығариев, Маржан Төреханова, Гарибжан Мұқанғалиев, Ақмарал Ноғай­баеа, Қайрат Какимов сынды өнер иелері тыңдармандарын қазақ ән-күйлерімен сусындатыпты. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.