11 Сәуір, 2014

Өмір күзетіндегі күрес

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Жедел жәрдем» атты жаңа отандық телехикая көрерменге жол тартып отыр. Телехикая қазақстандық денсаулық сақтау саласының заманауи жетістіктері мен өз қамын ұмытып, өзгенің өмірі үшін арпалысатын дәрігерлердің күн сайынғы ерліктері туралы баяндайды. «Жедел жәрдем» стансасындағы адам өмірі үшін күрескен ақ желеңді абзал жандар жайында көптеген шетелдік сериалдар түсірілгені мәлім. Мысалы, Американың «Жедел жәрдем», Ресейдің «Самара», «Самара 2» сериалдары көпшілік  тарапынан қызығушылық туғызған таңдаулы жобаларға жатады. Ал қазақстандық төлнұсқа өзгелердің көшірмесі емес, оқиға желісі айықпас жүрек ақауынан алты жасар қызы операция үстелінде көз жұмған ерлі-зайыпты Ілиясовтардың ымыраға келмейтін күрделі қарым-қатынасы арқылы өрбиді. Олар басқа түскен ауырт­палықты бірге көтеруге қауқар­сыздық танытады. Сол күйі олар өзекті өртеген өкініш, кінәлау сезімі, бір-біріне наразылық пен қыздарын құтқарып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істей алмаған шарасыздық ауыртпалығынан арыла алмайды... Сондықтан да Алма жүрек ақауынан зардап шеккен бөтен қыз баланы асырап алғысы келеді. Бұл ұсынысқа Ермек үзілді-кесілді қарсы болады. Ал, шынтуайтында, Ермек бұрынғы жарын баяғыша сүйеді, сондықтан да, қайғылы оқиғаның қайталанғанын қаламайды. Осындай шиыршық атқан күрделі сезім мен эмоция сыртқа шыққан сайын көрермен көңілін аударып, оқиға желісі жетелеп әкетіп отырады. Өткен өмірі, қайғысы ортақ ерлі-зайыптылар сан түрлі сынақтан өтеді. Бірақ, ақыр-соңында асырап алғысы келетін қыздың өмірін сақтап қалған олар, бір-бірін кешіре ала ма? Оқиға бұдан әрі қалай өрбиді? Кейіпкерлер тағдыры қай жолда тоғысады? Міне, бұл сұрақтың шешіміне көрермен «Қазақстан» ұлттық арнасынан сәуірдің 9-нан бастап, сағат 21.50-де көрсетілетін «Жедел жәрдем» телехикаясын тамашалау арқылы көз жеткізеді. Танакөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ, «Қазақстан» АҚ» республикалық телерадио кешенінің баспасөз хатшысы.