Ғылым • 29 Сәуір, 2022

Ғылыми ақпарат тарататын сайт

518 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде отандық ғылымның насихатталуына мүдделі жан­дар­дың бастамасымен жаңа сайт ашылды. Әлеуметтік же­лідегі қарапайым ғылыми топтан бастау алған жоба көп­ші­лік оқырманға арналған. Жаңа сайт gylym.kz деп аталады.

Ғылыми ақпарат  тарататын сайт

Facebook әлеуметтік же­лі­сін­де «Ғылым – күш» дейтін ғы­лыми т­оп бар. Оған 9 мың 300-ден аса адам жазылған. Аталған топта ғылыми жаңалықтар мен зерттеулердің қысқаша мазмұны жазба ретінде беріліп отырады. Жоба жетекшісі, химия ғылымдарының PhD докторы Жексен Тоқтарбай әлеуметтік желідегі танымдық материалдарды қоғамға кеңінен тарату мақсатында сайт ашқанын айтты.

– Сайт табыс табу үшін емес, бар болғаны ғылыми жа­ңа­лықтарды, ғылымды, ға­лым­дар­дың еңбегін кеңінен наси­хаттау мақсатында ашылды. Коммерциялық мақсатта болма­ған­дықтан, арзан атақ үшін ардан безіп көрілім жинамаймыз. Әзірге мұны өзім негізгі жұмысымнан бөлек жүр­гі­зіп жүрмін. Сондықтан күн сайын сайт жаңарып тұрады деп айта алмаймын. Дегенмен ғалымдардан қызықты материалдар көптеп келеді, соны іріктеп, пайдалысын халыққа ұсынамын. Бұл – мен үшін жай ғана азаматтық іс. Әйтпесе бұған ешқандай жалақы алмаймын. Негізі осыған дейін ғылыми жаңалықтарды «Ғылым – күш» тобында жариялап келген едім. Бірақ әлеуметтік желідегі материалдар гуглден іздегенде оңай табылмайды екен. Және керек кезде желіден бұрынғы жазбаларды табу қиын. Сол себепті бәрін бір жерге жинақтап, іздеген адамға оңай табылатын қор ретінде сайт ашуды жөн көрдік, – дейді Ж.Тоқтарбай.

Жоба жетекшісінің айтуынша, gylym.kz сайтында тек қана қазақ тілінде ғылыми жаңа­лық­тар жарияланады. Сая­сат­қа, саяси өзгерістерге, рейтинг қуған жеңіл өнімдерге, шоу­ға, жарнамаларға жол бе­ріл­мейді. Дегенмен барлық сайт қолдану­шы­дан, ғылым­ға ынтасы бар азаматтардан, ғы­лы­ми қауым­дас­тықтан пайдалы, ғылыми ақпа­раттар қабыл­дау­ға ашық.

– Сайттың жұмысына ғы­лым­­­ға жауапты мемлекеттік ұйым­­­дардан әзірге қолдау-кө­­мек берілген жоқ. Жалғыз өзім қосымша жұмыс ретінде атқа­рып отырғандықтан, көп материалға үлгермеуім мүмкін. Сол себепті қазақша ғылыми жа­ңалықтар болса, jeksen.toq­tar­[email protected] электронды поштасына жолдап, сайтты пайдалы ақпаратпен қамтуға қолдау білдіруді сұраймын. Халыққа ең әуелі білім керек. Білім алу үшін алдымен ғы­лым-білімге деген дұрыс түсінік пен ғылымның маңызын тү­сіндіретін құрал қажет болып тұр. Сол жоқтың орнын тол­тыруға ниеттеніп отырмыз, – деді gylym.kz сайтының жетек­шісі.