Ғылым • 29 Сәуір, 2022

Жәндіктің жаңа түрі

398 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Отандық ғалымдар елімізде көбелектің жаңа түрін тапты. Бұл – елімізде бұрын кездеспеген, ерекше лепидоптера жәндіктері. Ғылым тілінде мұны түнгі Catocala helena көбелектері деп атайтын көрінеді.

Жәндіктің жаңа түрі

Көбелектің мұндай түрін Қа­рағанды даласынан Торай­ғы­ров университетінің энтомологы Сергей Титов және оның Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы мен Ғы­лым комитетіне қарасты Зоология институтындағы әріп­тес­тері ашты.

«Бұрын Catocala helena Ресейдің Қиыр Шығысында, Кореяда, Қытайда және Моң­ғо­лияда жалпақ жапырақты ормандарда өмір сүрген. Соңғы жылдары ол Забайкальеде, Батыс Сібірде байқала бас­тады және Қазақстанды айналып өтіп, Catocala helena Оңтүстік Оралға және Ресейдің еуропалық бөлігіне Еділ бо­йына жетті. Алайда қазір біздің зерттеулеріміз көбелектердің бұл түрі Қазақстанда да пайда болғанын көрсетіп отыр. Біз бұл инвазивті түрдің болашақта Қазақстан табиғатына қалай әсер етуі мүмкін екенін анықтау үшін Catocala helena-ның әрі қарай еліміздің аумағында да, шетелде де өмір сүру салтын бақылаймыз», дейді Сергей Титов.

Сондай-ақ ғалымдар Cato­cala helena-ның неліктен Шы­ғыс­тан Батысқа қарай қоныс аудара бастағанын және бұған дейін біздің фаунамызға белгісіз басқа инвазиялық жәндіктер осы көбелектерге ілесе ме, жоқ па, соны анықтаумен айналысып жатыр.