Қоғам • 29 Сәуір, 2022

Ауылдың алтын қазығы

364 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Олар – үлкен ортаның, биік мінбердің, мәдениеттің, саясаттың, экономиканың адамы емес шығар, бірақ елдің азаматы. Ең үлкен атау да осы сияқты, тіпті. Үлкен орта, мекеменің басшысы, бәлен-түген дегеннен гөрі ел іргесін, бүтіндігін ұстап тұрған, қажет жерінде қойдан жуас, қажет жерінде ауылдың айбар-сесіне айналатын ауылдың, елдің азаматтарынан артық емес сияқты маған.

Ауылдың алтын қазығы

Ол – бірде Есенқұл Жақыпбектің өле­ңін­дегі «Біздің елдің жігіттері», бірде Есенғали Раушановтың «Мұратбергені». Есенқұлдың айтқаны – 1989-1990 жылдардағы алмағайып заманда елді басынып, билеп-төстегісі келгендерге сес көрсетіп, елдің, жердің иесі кім екенін танытқан қазақтың батыр ұлдары. Ұлттық санасы жоғары атқамінер азаматтар. Қандай жолмен болса да өз ұлтының жел жағынан пана бола алған қазақ жігіттері. Қай заманнан солай болған. Аспаған, таспаған, біреудің ала жібін баспаған. Сырттан келгендермен де сыйласа білген. Бастысы, сыйласа білген. Бірақ басындырмаған. Кейін келе-келе үзіліңкіреп бара жатқандай сол үрдіс. Бірақ әлгіндей азаматтардың заманында ерлік көрсеткендері туралы көп айтыла бермейді. Өкініштісі де сол. Олар туралы айтудың заманы енді келетін сияқты. Өткенде қарасам, осы «Біздің елдің жігіттері» әнінің тууына себепкер болған азаматтардың аты аталыпты. Елдің іргесі сөгілмеуі жолында ерлік көрсеткендердің есімі аталмай кетсе не болғаны? 

Ауылды ұстап қалған, жалпы, қазақты ұстап қалған осы жігіттер, негізі. Қазақты ұстап қалған дегенім сол қазақылық, мың­даған жылдар бойы қалыптасқан ұлт­тың болмыс-бітімі, төл қасиеттері де. Ондай қа­сиет­тер өлген күні не болатынын ой­лау­дың өзі қиын.

Ауылдағы қара қазақты (негізгі қазақ) сақтап тұрған екінші түрлі жігіттер – Есен­ғали Раушановтың кейіпкері Мұрат­берген екені тағы рас. Ол туралы кезінде белгілі публицист Бауыржан Омаров жеріне жеткізіп жазған-ды. «Өз жұмысын білетін, өз жөнімен жүретін, елтең-селтеңмен онша шаруасы жоқ, көп сөзге үйірсектігі де шамалы мұндай кейіпкер кез келген ауылдан табылатын. Әлі күнге дейін Мұратбергендер қазақ ауылының діңгегін ұстап тұр. Сол Мұратбергендер у-шуы көп қалаға мүлде көндіге алмай жүр. Ол – қаймана қазақ. Ол – ауылдың алтын қазығы. Ол – даланың даңғайыр диханы. Ол сылдырап аққан арықтың да, арқырап аққан сарқыраманың да мехнатын талайдан тартып келе жатқан шағын бөлімшенің ширақ мұрабы», дейді Бауыржан ағамыз.

Иә, қай ауылды болсын ұстап отырған осындай елдің азаматтары, сол топыраққа кіндігінен байланған жердің азаматтары тұрғанда, қазақ та жасай береді деген ойдамыз.