Таным • 29 Сәуір, 2022

Мейірім соты

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мейірім деген не осы? Сезім бе, қасиет пе, әлде эмоция ма? Мүмкін көңіл күйдің әсерінен туындайтын мінез шығар? Сол мейірім адамда таусыла ма екен? Бәлки, жүрек қатайып, ыстық сезімдер өшкен кезде мейірім де мұзға айналар. Егер ол тек саналы жанға тән қасиет болса, онда неге әлемде соғыс болып жатыр? Неге адамдар бір-біріне әділетсіз? Осы жолдарды жазып отырып, мейірім деген сөзді гуглдан іздеп көріп едік. Сығанақ 19 көшесіндегі «Мейірім» медициналық орталығы атып шықты. Ал біз ізгі мінез туралы сөз қозғап отырмыз...

Мейірім соты

Жұмыр жердің бетінде тір­шілік басталған уақыттан бері айтылып келе жатқан жалғыз сұрақ бар: әлемді не ұстап тұр? Бұл тіпті адамзаттық сауалға ұласып, түрлі ғылым саласында һәм әдебиетте де, өнерде де, кинода да мәңгілік тақырыпқа айналды. Оған әркім әртүрлі жауап берер: біреу әлемді қара жер ұстап тұр десе, біреу Құдай, біреу адам дер. Бәлки, ақша, бәлки, ауа. Путин деп те айтатындар табылар (таңғалмаңыз). Кей адам дүниенің кілті ізгілікте дейді: жақсылық пен жылулық, мейірім мен сезім. Ал махаббат ше? Енді біреу әлемнің ұстыны адамдардың бірлігі дер. Иә, Украинадағы екі айдан астам уа­қыттан бері болып жатқан қақ­ты­ғыстар жүрек ауыртар әсерінен бөлек барша әлемге бір ұғымды ұғындырған сияқты. Бірлік.

Бірлік деген де ұлттық мінезге жататын һәм қанмен сіңетін қасиет болса керек. Байқасаңыз, ұлт­шыл, патриоттық рухы биік ха­лық­тардың бірлігі мығым болады. Мәселен, іргеміздегі Өзбекстан. Украиндарды да дәл қазір үрей мен қорқыныштан алшақ ұстап тұрған осы – бір­лік. Яғни бірлік – тек бес-алты адамның бірігіп жұмыс істеуі емес, кейде тұтас бір ұлттың, мемлекеттің тағдырын шешетін сәтте де күш беретін қасиет. Тарихқа көз салсаңыз, ұлттың ұйыған бірлігімен аман қалған, яки азат болған елдер көп. Сонда бірлік ортақ келісім, ауыз­бір­шілік сынды ұғымдардан бұрын ұлт­тық мінезден туады. Яғни нағыз бірлік адамға тек қанмен келеді.

Егер осы ұғымдар әлемді ұс­тап тұрған болса, адамды адам қылып тұрған не деген ойға да қаласың. Әрине, адам­дық қасиеттер, ақ адал көңіл, кең пейіл, ыстық жүрек, суық ақыл деп бәріміз айтамыз ғой. Алайда кейде қоғамдағы сұмдық жағдайлар осы ізгі мінездерді бір сәтте жоқ қылады. Бір жағынан адамдар тек жақсы, мейірімді болуы керек деген заң жазылмаған. Сондықтан да ауруханадағы кезек үшін төбелесетін, он минут күтіп қалса, шапыраштана жөнеліп, тар өмірді одан сайын тарылтатын адамдарды соттай алмайсың. Тіпті сәлеміңе аузын жыбырлатып, самарқау амандасатын әріптесіңе де ештеңе дей алмайсың. Айналаңдағы барлық келеңсіздік, соғыс, апат, қайғы, әділетсіздік адамдардың қатқан жүрегінен жасалып жатса да ешкімге сот жоқ. Бұл қоғамда адамдар тек Қылмыстық кодексте жазылған қылмысы үшін ғана сотталады. Мейірімсіздігі үшін емес.