Ұлттық инвесторлар алдындағы Елбасы сөзі осындай қағидалы ойға жетеледі
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысын өткізді. Онда отандық кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері сөз болды. «Қазақстанда бизнесті өркендету үшін күш-жігерімізді салып келе жатырмыз. Осы бағытта тиісті тапсырмалар беріп, бірнеше рет мораторий жариялап, тексерулерді шектедік. Нарықтық экономикаға көшкеннен бері даму мәселесінде біз бизнеске ұдайы түрде басымдық беріп келеміз. Өйткені, бизнесті өркендетпей экономиканы дамытудың өзі мүмкін емес», деп атап көрсеткен Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруда, ондағы негізгі мақсат әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру ісінде бизнесті дамыту нөмір бірінші мәселе екендігін қадап тұрып айтты. Осы ретте негізгі назар халықтың басым бөлігін қамтитын шағын және орта бизнесті дамытуға аударылатындығына екпін түсірді. «Қазір әңгіме нақ осы шағын және орта бизнесте болып отыр. Адамдар өз ісін ашып, оған 5-10, тіпті 50 адамды еңбекке тартуда. Егер біздің елімізде осындай адамдар қатары көбейе берсе, онда халық та жұмыспен қамтылатын болады. Ал егер мұның өзі бір қызметтен екінші қызметке жеңіл ауыса алатын, яғни бәсекелестік жағдайында өмір сүруге қабілетті ілкімді өндіріс болатын болса, онда тіпті біздің айымыз оңынан туар еді», деп атап көрсетті Елбасы. Осыған мысал ретінде Қытайда қазіргі күні 3D принтерімен үй салу ісінің де басталғандығын келтірді. «Біз ресурстар еліміз. Табиғи ресурстарымызды өндіріп, шетелге саудалап, соның нәтижесінде аяғымыздан қаз тұрып, ірге бекіттік. Енді соның арқауында басқа экономиканы, яғни заман талабына жауап бере алатын экономиканы дамытатын уақыт келді», деді Елбасы. Бұл Ұлттық инвесторлар кеңесінің екінші отырысы. Мұнан кейін сөз кезегін алып, есепті баяндама жасаған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев екі отырыс аралығында жүзеге асқан жұмыстар жайында айта келе, негізгі назарды қазіргі күні отандық кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы шараларға аударды. «Кәсіпкерлік қызметі үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Сіздің Жарлығыңыз отандық бизнестің өміріндегі төңкерісті оқиға болды. Үкімет оны жүзеге асыруға кірісіп кетті. Жылдың соңына дейін тексерулерге мораторий жарияланды. Мұның өзі жай ғана уақытша тоқтата тұру емес. Бұл барлық рұқсат беру үдерістерін жүйелендірудің кезеңі болып табылады. Бизнес саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау әдістері бүтіндей алғанда қайтадан қарастырылатын болады», деп мәлімдеді Б. Сағынтаев. Осы ретте Үкіметтің ыңғайлы нормативтік базаны қалыптастыру бойынша белсенді шаралар қабылдауға кіріскені мәлім. Соның ішінде Елбасының қолдауымен «Рұқсат беру мен құлақтандыру туралы» заң жобасын жеделдете әзірлеп, қабылдау жұмыстары қолға алынған. Бұл жоба қазіргі күні Парламентте талқылануда. Заңның қабылдануы жаңадан рұқсат беру шараларын ойластыруға тұсау салатын болады. Яғни рұқсат беру шараларын шектей отырып, бизнесті дамытудың неғұрлым ашық тетіктерін жасауға ықпал етеді. Түгендеу шарасының қорытындысында Ведомствоаралық комиссия 53 рұқсат беру шарасын қысқарту жөніндегі ұсынысты мақұлдады. Сондай-ақ 737 рұқсат беру мен құлақтандырудан тұратын тізбе қалыптастырылып, заң жобасына енгізілген. Бүгінгі күні 458 рұқсат беру құжатының 300-ге жуығы автоматтандырылған, қалғаны жылдың соңына дейін осындай жағдайға көшірілмек. Ал лицензияларға келсек, оларды беру қазірдің өзінде толық автоматтандырылған жүйе енгізілген. Осы ретте Б.Сағынтаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, барлық заңдарды тексеру жұмыстарының басталғандығын, қазірдің өзінде бизнесті дамытуға кедергі келтіретін 230-дан астам норманың анықталғандығын айта кетті. Бұл нормалардың күші жойылатын немесе олар түзетілетін болады. Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге заңдарға түзету енгізу жөнінде 231 ұсыныс енгізген. Бұл ұсынысты Сарапшылар тобы қарай келе 93 ұсынысқа келісімін берген. Осының барлығы ведомствоаралық комиссияда қаралып, мақұлданған. Сөйтіп, 7 кодекске, 17 заңға және 18 заң аясындағы нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізу көзделуде. Әлемдік алдыңғы қатарлы тәжірибелерді ескере келе мемлекеттік бақылауды кәсіпкердің жауапкершілігін сақтандырумен алмастыру жөнінде мәселе қарастырылуда. Осы жерде Елбасы елімізде қанша компанияның сақтандырылғандығы туралы сұрақ қойды. Өкінішке орай, бұл жайында нақты мәлімет келтірілмеді. Тек, Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов 65 миллиард теңгенің қаржысы сақтандырылғандығын айтты. Осыған орай Елбасы бизнесті сақтандыру ісінің ерекше маңызы бар екендігін, бұл мәселеге мән берілуі қажеттігін ескертті. Б.Сағынтаевтың айтуынша, бизнеске қолдау көрсетудің, олардың алдындағы кедергілерді еңсерудің көптеген мәселелері жоғарыда аталған заң жобасында ескерілетін болады. Сондай-ақ, Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтитын тұжырымдамасы Үкіметке енгізілген, ол жуықта қабылданатын болады. Бұл құжат реттеу ықпалдылығына ашық талдауды (РЫАТ) енгізуді көздейді. Осының нәтижесінде мемлекеттік аппаратта қабылданатын тиімсіз шараларға кедергі қойылмақ. Реттеу ықпалдылығына ашық талдауды енгізу нәтижесінде толық және сенімді ақпараттардың негізінде ыңғайлы да тиімді шешімдер қабылданатын болады. Бұлар бизнестің, тұтынушылар мен мемлекеттік бюджеттің ресурстарын үнемдеуге көмектеседі. Оның үстіне РЫАТ қабылданған шешімдердің тиімділігін шынайы қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Мұның өзі тиісті түзетулер енгізу ісін жеңілдетеді. Б.Сағынтаев өз сөзінде Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкіметтің жекешелендірудің екінші толқынын жүргізуге әзірлікті аяқтап қалғандығын мәлімдеді. 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру жөніндегі кешенді жоспар бекітілген. 32 республикалық меншік ұйымын және 191 квазимемлекеттік сектордағы ұйымды қамтыған тізбе жасалған. Сәуір айында 779 коммуналдық меншік кәсіпорнының тізбесі қалыптастырылатын болады. Маусым айында оларды бәсекелестік ортаға беру жұмыстары басталады. Жекешелендіруге жатқызылатын ұйымдар арасында «Самұрық-Қазына» қорының 119 кәсіпорны, 3 банкі, «Бәйтерек» холдингінің – 12, «ҚазАгро» холдингінің – 47, «Зерде» холдингінің – 2, «Парасат» холдингінің – 8 кәсіпорны бар. Сонымен қатар, бірқатар министрліктер бағынысындағы кәсіпорындар мен ұйымдар, атап айтқанда, 32 республикалық меншіктегі ұйым жекеменшікке тапсырылмақ. Үкімет жекешелендіру жүргізумен қатар жеке бизнес жұмыс істеп жатқан экономика салаларына мемлекеттің қатысуын шектеу жөніндегі жүйелі жұмыстарды да жүргізбек. Қазіргі күні еліміздегі барлық ірі қалаларда кәсіпкерлерге қызмет көрсету мен қолдау орталықтары құрылған. Бірінші маусымға дейін енді осындай орталықтар барлық аудандар мен шағын қалаларда ашылатын болады. Біртұтас бизнес-портал құрылып, оған кәсіпкерлерге кеңес берудің онлайн қызметі енгізілді және бастама жобаларының 100 моделінен тұратын бизнес идеялар жинағы орналастырылды. Портал жұмыс істей бастаған өткен жылдың 20 желтоқсанынан бастап, оған 636 мың адам кіргені тіркелген. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Елбасына қарата айтқан сөзінде: «Бір жыл бұрын Сіз Үкіметке «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырған едіңіз. Бұл заң қабылданды. Қыркүйек айынан бастап, біз өз қызметімізге кірісіп кеттік», дей келе, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қалыптасу кезеңінің қалай жүргізіліп жатқаны жөнінде баяндап берді. Оның айтуынша, бүгінде еліміздің барлық өңірінде 16 өңірлік палата құрылған. Олардың әрқайсысында кемінде 20-ға тарта сарапшы жұмыс істесе, болашақта олардың қатарын өңірлердегі кәсіпкерлердің санына байланысты көбейту ескеріліп отырған көрінеді. «Мәселен, біз Алматы, Астана секілді ірі қалаларда сарапшылардың санын 40-50-ге дейін көбейтуді көздеп отырмыз. Бұған қоса, біз Сіз берген тапсырмаға байланысты кәсіпкерлікті әрбір ауылды жерлерге, елді мекендерге дейін жандандыруды жоспарлап отырмыз. Сол арқылы біз ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді, ауыл жастарын бұл салаға мейлінше тартуды мақсат тұтып отырмыз», деді бұл орайда А. Мырзахметов. Қазір әр өңірде 20 адам ғана жұмыс істейтінін айттым. Себебі, біз алға қойған мақсаттарымызды асықпай, біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Бұл мәселе біздің бақылауымызда тұрады. Яғни ақшаның қайда, қандай мақсатқа бағытталып жатқаны әрдайым назарымызда. Бұл кері байланыстың болатынын да көрсетеді. Сондай-ақ, ол орталық аппаратта 16 комитеттің құрылғанын, олардың 14-і салалық мәртебеге ие екенін атап өтті. Бұл комитеттер негізгі тетік пен басымдыққа ие салалар бойынша жұмыстарды жүзеге асыратын болады. Ал қалған екеуі жалпыфункциялық комитет болып саналғандықтан, олардың біреуі шағын және орта бизнесті дамыту, екіншісі кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі сынды мәселелерді назарда ұстамақ. «Біз қазіргі таңда аудандық филиалдарды ашу жұмыстарын да біртіндеп қолға алып келеміз. Мәселен, 130-ға тарта аудан орталығында филиалдар ашылды. Бүгінде ол жерлерде кадрларды іріктеу, қабылдау жұмыстарын да жүргізудеміз. Бұл филиалдардың мақсаты – біріншіден, жаңа бизнестің ашылуына қатысты туындаған идеяларды назарда ұстау болса, екіншіден, біз, осы филиалдардың базасында сервистік, яғни қызмет көрсету орталықтарын ашуды көздеп отырмыз. Бұл орталықтарда азаматтардың кәсіпкерлікке тартылуына бағыт-бағдар беріледі, мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан іс-шаралар бойынша жергілікті тұрғындарға қолдау көрсетіледі», деді А. Мырзахметов. Ол өзінің сөзінде сондай-ақ, индустрияландыру бағыттарын одан әрі жандандыру, жаңа салаларды дамыту мәселелерін де назарда ұстайтынын жеткізді. «Бүгінде біз Үкіметпен белсенді түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Барлық жерлерде жұмыс топтары құрылған. Біздің барлық салалық комитеттерімізді білікті кәсіпкерлер басқарады. Басым бағытқа ие салалар бойынша бағдарламалар қолға алынып, әзірлену үстінде. Өңірлік кластерлерге де айрықша мән берілуде. Сол арқылы біз Үкіметпен бірлесіп өңірлік кластерлердің дамуына жағдай жасайтын боламыз», деді ол. А.Мырзахметов қаржылық құрылымдардың қолжетімділігі мәселесінің өте өзекті екеніне де тоқталды. «Бұл ретте жүзеге асырылып жатқан арнайы бағдарлама бар. Ол, әрине, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы. Бірақ та, жергілікті жерлерде, әсіресе, ауылдарда кепілдікке қойылатын мүліктерге қатысты мәселе туындап жатады. Бұл орайда, біз түріктің тәжірибесін назарға алып отырмыз. Алдағы уақытта, Үкіметке өз ұсыныстарымызды жеткізетін боламыз. Бұл бастама «Даму» қорымен, банктермен бірге жүзеге асырылмақ. Жалпы алғанда, біздің негізгі мақсатымыз – заң аясындағы жұмыстарымызды әрдайым жетілдіріп отыру. Мәселен, кез келген өзекті мәселелерге байланысты электронды реестр жасалады. Оған кез келген кәсіпкер кіріп, өзін толғандырып жүрген мәселелерге байланысты сауалдарын жолдай алады. Бұл бағытта жұмыс істейтін біздің департаменттеріміз бар. Олар реестрге келіп түскен сауалдарды зерделеп, сараптан өткізіп, мәселелердің жүйелі түрде шешімін табуына қолдау көрсететін болады. Бүгінде еліміздің кәсіпкерлік саласы өз аяғынан нық тұрды. Қазіргі таңда, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің бастамаңызбен құрылған Ұлттық кәсіпкерлік палатасы бұл саланың одан әрі жандануына қатысты өз мойнына жауапкершілік алып отыр», дей келе А.Мырзахметов кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға қолдау көрсету бағытында мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстардың қолға алынып жатқанын, бұл ретте, Үкіметтің бизнес-қауымдастыққа қатысты барлық мәселелерді зерделеп, саралап шыққанын атап өтті. Ол сондай-ақ, отандық кәсіпкерлер үшін Еуразиялық экономикалық одақ құрудың артықшылықтары туралы да айтып берді. Р.Ошақбаевтың айтуынша, барлық сарапшылар мойындап отырғандай, Қазақстан бизнес-ахуалда айтарлықтай көшбасшылық беделге ие. «Бізде салық төмен, жекеменшік құқығы жақсы сақталады, реттеушілерімізде анағұрлым қолжетімдірек. Жалпы алғанда, кез келген кәсіпкерлік субъектісі, егер онда қандай да бір проблема туындай қалса, өз ұсыныстарын Үкіметке жолдай алатындай заңмен қорғалған мүмкіндіктері бар, ал Үкімет өз кезегінде оны барлық мүмкіндіктерді пайдаланып шешетін болады. Мәселен, қандай да бір шешімді қабылдау транспаренттілігі жөнінен, Қазақстандағы бизнес-қызығушылықты есепке алу деңгейі жағынан еліміз Беларусь пен Ресейден жоғары екен. «Осылайша, бізде өзімізге барынша мол инвестиция тартуға мүмкіндігіміз көбірек», деді Р. Ошақбаев. Отырыс аясында сөз алған «Қазақстанның Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова ел экономикасының тұрақты дамуы үшін ең алдымен бәсекеге қабілетті банк жүйесі болуы қажеттігіне тоқталды. «Елбасының, Үкіметтің, Ұлттық банктің қолдауы нәтижесінде еліміздің банк жүйесі ғаламдық қаржылық дағдарыстан туған қиыншылықтарды еңсерді. Алайда, уақыт біздің алдымызға жаңа міндеттерді тартып отыр. Ал жалпы ел экономикасы мен қаржылық сектор дамуы үшін арнайы тетіктерді іске қосуды ұмытпаған жөн. Мәселен, бүгінгі таңда біз Ұлттық банкпен бірге қаржылық-несиелік саясатты тұрақтандыруды қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Әрине, ел экономикасының ғаламдық экономикалық дағдарыстан айналып өтуіне мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылық қолдау айтарлықтай көмек болды», деді Ү.Шаяхметова. Сондай-ақ ол, қазіргі таңда отандық қаржылық секторға дағдарыстан кейін өздерінің ұстанымдарын қалпына келтіру үшін, сонымен қатар, қаржылық сектордың тұрақты даму траекториясына өтуі, ғаламдық экономикадан, Еуразиялық экономикалық кеңістіктен өз орнын алуы үшін де қолдау қажеттігіне тоқталды. «Біз 2009 жылғы дағдарысты еңсердік. Бұл кезеңде дағдарысқа қарсы іс-шаралар ойдағыдай жүзеге асырылды. Сондықтан, қазіргі таңдағы ғаламдық макроэкономикалық жағдайдың тұрақсыздануына байланысты біз Үкіметпен, бизнеспен бірлесіп, сол кездегідей тиісті шараларды қолға алып, мәселелер түйінін тарқатуға күш салатын боламыз», деді «Қазақстанның Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы. Жиында сөз алған «Казавтобизнес» ассоциациясының президенті, «Аллюр Авто» АҚ-тың бас директоры Андрей Лаврентьев: «Сіздің тікелей қолдауыңыздың арқасында соңғы 5 жыл ішінде біз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Мәселен, 2008-2013 жылдар аралығында біздің өндірісіміздің мөлшері 5 есеге дейін артты. Бұл 156 млрд. теңгені құрайды. 2013 жылы Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында 38 мыңнан астам жеңіл автокөлік құрастырылған. 2013 жылы барлық кәсіпорындардың айналымы 1 млрд.-тан астам долларды құрады. Біз жалпы қазақстандық нарықтың 22 пайызын құрайтын өнім өндірген екенбіз. Егер, әлемдік тәжірибені алатын болсақ, 4 жылдың ішінде 22 пайызға қол жеткізу – үлкен жетістік», деді. Осылай дей келе, ол алдағы уақыттарда 300 мыңға тарта автокөлік сату жоспарланып отырғанын, бұл 6 млрд. АҚШ долларын құрайтынын жеткізді. «Ал бұл автокөліктердің 40 пайызға жуығын біздің отандық кәсіпорындар жасайтын болады», дей келе, ол болашақта Кеден одағына мүше елдерге өз өнімдерін экспорттау мәселесіне де назар аударылатынын, жалпы алғанда Қазақстанның бәсекеге қабілетті автокөлік саласын дамытуға мән берілетінін атап өтті. «Бұған біздің мүмкіндігіміз жетеді. Себебі, біздің кәсіпорындарымыз жаңа. Бізде бұрыннан қалған ескі жүйе жоқ. Тиісінше, бұл саланы модернизациядан өткізудің де қажеті жоқ. Кәсіпорындардың барлығы жаңа заманға сай құрылымдармен жабдықталған. Сондықтан, болашақта біз бұл саланы дамыту бағытында айтарлықтай басымдықтарға ие бірқатар жобаларды жүзеге асыратын боламыз», деді А.Лаврентьев. Бұл күні «Ютария ltd» ЖШС бас директоры Сәуле Шауенова да сөз алды. Ол өзінің сөзінде Елбасына өзінің кәсіпорнының атынан Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсетіліп жатқаны үшін алғысын білдірді. «Бізді бұл бағытта арнайы бағдарламаның бар екендігі қуантады. Көптеген кәсіпорындар өздерінің бизнесін ашуға қол жеткізді. Өндірістік әлеуетін дамытуға мүмкіндік алды. 2003 жылы мен тәуекелге барып, Жезқазған қаласында шағын ғана кәсіпорын аштым. Біз көзге онша көрінбейтін азын-аулақ жұмыстардан бастадық. Олар: дизайн, жарнама, шикізат жеткізу, т.б. Егер, шынымды айтсам, алғашында өте қиын болды. Себебі, қаржыдан таршылық көрдік, кепілдікке қоятын мүлік болмады, тексеріс те көп болды. Бірақ, мен үлкен, ауқымды кәсіпорынды ашуды үнемі армандап жүрдім. Сондықтан, мемлекеттің қолдауы арқасында, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламалардың қабылдануының арқасында біз бірқатар инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асырдық», дей келе олардың «Бизнестің жол картасы -2020», «Жұмыспен қамту-2020», «Кәсіпорындардың инфрақұрылымы», «Субсидияландыру», «Дуалды жүйе негізінде оқыту» сынды бастамалар мен бағдарламалар негізінде жүзеге асырылғанын атап өтті. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, 2010 жылы Металлургтердің І форумында Сіз біздің көрме экспозициямызды тамашалап, өнімдерімізбен танысқан едіңіз. Сол кезде Сіз: «Мен әрқашан бизнес бастамаларға қолдау көрсетемін. Ештеңеден қорықпаңыз. Мен сізге сәттілік тілеймін», деп айтқан едіңіз. Сіздің бұл сөзіңіз бізге үлкен қолдау болды», деді С.Шауенова. Осылай дей келе, ол 2011 жылы Жезқазған қаласында тігін фабрикасының құрылысын аяқтап, оны іске қосқандарына тоқталды. «Бұл кәсіпорын біз үшін өте маңызды. Фабрика 250 жаңа жұмыс орнын қамтиды. Біздің фабрикамыздың жүйесі толықтай автоматтандырылған. Қазіргі таңда біз кез келген тігін өнімдерін жасап, дайындай аламыз. Бұл біз үшін, әрине, мақтаныш. Біз өзіміздің инновациялық жобаларымызды «Қазақмыс» корпорациясының қолдауы негізінде де жүзеге асырдық. Бұл корпорация ұзақ мерзімдегі жобаларды жүзеге асыруға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Сол арқылы біз өндірістік әлеуетімізді көтердік, дуалды жүйе арқылы оқытқан жас кадрлардың кәсіби біліктілігін көтердік. Бұл орайда біздің алғысымыз шексіз. Ал қазіргі таңда, біз Сәтбаев қаласында екінші жобамызды жүзеге асыра бастадық. Бұл – халықтың тұрмыстық қажетін өтеуге арналған кәсіпорын. Кәсіпорынның атауы – «Индустриялық қызмет көрсету кешені». Біздің ойымызша, өмір сүру сапасы қызмет көрсетудің сапасымен өлшенеді. Әрине, мұны кадрсыз шешу мүмкін емес. Біз «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында, дуалды оқыту жүйесі негізінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы жақсы кадрларды оқытып шығардық. Қазіргі таңда кәсіпорындағы жұмысшылардың 55 пайызын жастар құрайды. Біз Түркиядағы кәсіпкерлермен бірлесіп, жеңіл өнеркәсіпке арналған тігін құрал-жабдықтар шығаратын боламыз, тоқыма өнеркәсібін дамытатын боламыз. Бұл жоба негізінде 200 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Тобықтай түйінмен алғанда, біздің кәсіпорындарымыз бәсекеге қабілетті», деді «Ютария ltd» ЖШС бас директоры. Осылай дей келе, ол мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласына көрсетіліп жатқан қолдауы үшін Елбасыға алғысын жеткізе келе, шағын және орта бизнес саласы, ол жүзеге асыратын бизнес жобалар өз кезегінде ел экономикасының өрістеуіне зор ықпал ететінін атап өтті. Отырысты қорытындылаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерліктің экономиканы алға жылжытатын қозғаушы күш екенін тағы бір еске салып өтті. «Шағын және орта бизнес – мығым орта таптың іргетасы. Бүтіндей алғанда, бізде бұл секторда оң өзгерістер қалыптасуда. Өткен жылдың қорытындысында бизнеспен айналысушылар саны 8 пайызға өсіп, 2,6 миллион адамды құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі 9 триллион теңгеге жетіп, 3,3 пайызға өсті», деген Елбасы сонымен бірге, осындай оң ағымдармен қатар кейбір келеңсіз жайттардың бар екендігін де жасырмады. Экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі соңғы жылдары ішкі жалпы өнімнің 17 пайызы деңгейінде тоқтап тұр. Кәсіпкерлік субъектілер санының көптігіне қарамастан, республикалық бюджетке түсетін кірістердің 70 пайызын бар болғаны 400 ірі салық төлеушілер ғана қамтамасыз етуде. Яғни, барлық бизнесмендердің 0,2 пайызы ғана осыншалық қомақты үлес қосып отыр. Оның үстіне негізгі капиталға салынатын ішкі жеке инвестициялардың өсу қарқыны ІЖӨ өсу қарқынынан кейін қалып келеді. Егер дағдарыс алдындағы кезеңде олардың ІЖӨ-ге үлесі 18,4 пайызды құраса, 2013 жылдың қорытындысында ол бар болғаны 13 пайыз болды. Тікелей шетелдік инвестициялардың келуі 2013 жылы 9,7 миллиард долларды құрады. Бұл 2012 жылғы көрсеткіштен 4 миллиард долларға аз. Осы жағдайларды баяндай келе Мемлекет басшысы алдында тұрған негізгі міндет бизнес үшін ОЭСР елдерінің деңгейіндегі жағдайды қалыптастыру екендігін атап көрсетті. Осыған қол жеткізу үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Соның ішінде мемлекеттік реттеу шараларын айтарлықтай жетілдіре түсу міндеті алға қойылып отыр. «Мен осы бағыттағы түбегейлі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. 2015 жылдан бастап жоспарлы тексерулер өткеннің үлесінде қалады. Біз мұндай мораторийді бірінші рет жариялап отырғанымыз жоқ. Бірақ, оны алған кезде шағымдар шабуылына қайта тап болып жатамыз. Демек, мәселеге қайта оралып жатпас үшін Үкіметке менің Жарлығымды сапалы орындауға күш салу керек», деп атап көрсеткен Елбасы үстіміздегі жылы рұқсат беру және құлақтандыру жүйесін түбегейлі оңтайландыру, туралы заң қабылданатынын еске салды. Сондай-ақ, рұқсат беруді автоматтандыру да аяқталады. Бұдан былай барлық нормативтік актілер жобалары бизнеске қатысты реттеу ықпалы жөніндегі тесттен өткізілетін болады. Демек, барлық мемлекеттік қызметтің бизнес-үдерісін жан-жақты талдаудан өткізу қажет. Бұл жұмысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік өкілдіктерін қатыстыра отырып, жергілікті жерден бастаған жөн болады. Әкімдіктер оларға толықтай қолдау жұмыстарын көрсетуі қажет. Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметке жергілікті органдармен бірлесе отырып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен өзара әрекеттестіктің регламентін бекітуді тапсырды. «Палата бизнесмендердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға белсене қатысуы тиіс. Мұны, мысал үшін, Президенттің бизнесті қорғау сайтына келіп түсіп жатқан шағымдар мен өтініштерді қарауға, оның қатысуын қамтамасыз ету ісінен бастауға болады. Мұның өзі жағдайды бағалау жұмыстарын мемлекеттік органдарға тәуелсіз жүргізуге мүмкіндік берер еді», деген Қазақстан Президенті сөздің келесі кезегінде елімізде Бизнес-Омбудсмен қызметі енгізілетіндігін, өндіріске немесе инфрақұрылымдық жобаларға елеулі қаржы салған ұлттық инвесторлардың оның дербес қорғауында болатындығын мәлімдеді. Сонымен қатар, Ұлттық қордан экономиканы дамыту үшін 1 триллион теңгенің бөлінетіндігін айтты. «Тек биылғы жылдың өзінде экономикаға 500 миллиард теңге бағытталатын болады. Мұның 100 миллиард теңгесі шағын және орта бизнеске, 250 миллиард теңгесі проблемалық несиелер мәселесін шешу, 150 миллиард теңгесі индустрияландыру және инфрақұрылым жобаларына бағытталады. Бұл қаржы келесі аптада бөлінеді. Қаржыны жұмсауды қадағалап отыратын комиссия құрылатын болады», деді Елбасы. Сонымен қоса Мемлекет басшысы қолжетімді көлеңкелі рынокты дамыту, яғни қаржы секторын долларланудан арылту үшін ынталандыру пакетін әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Мұндай инвестициялардың ішкі көздеріне Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері ықпал еткен болар еді. «Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесе отырып, бірінші маусымға дейін Қор активтерін инвестициялау, соның ішінде банктердің ұзақ мерзімді депозиттерін орналастыру стратегиясын әзірлеуді тапсырамын», деді Н. Назарбаев. Мемлекет басшысы сонымен қоса 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, халықтың кірісін жалпыға ортақ декларациялаудың енгізілетіндігін, мұнан кейін шығындарды декларациялаудың қолға алынатындығын да еске салды. «Бұл шара біздің экономикамыздың үлкен бөлігін көлеңкеден алып шығып, бізді дамыған елдердің экономикалық транспаренттілік деңгейіне жақындатады. Көлеңкелі экономика – экономиканы тұрақты дамытудың бірінші жауы және сыбайлас жемқорлықтың ең жақын досы. Барлық дамыған елдер тек ХХІ ғасырдың басында ғана жалпыға ортақ декларациялау үдерісін аяқтап, оны жолға қойды», деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаевтың атап көрсеткеніндей, әлемдік тәжірибе жалпыға ортақ декларациялау режімін енгізу алдында капиталды амнистиялаудың жалпыға ортақ шарасын жүргізу қажеттігін көрсетіп отыр. Осыған орай Мемлекет басшысы Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесе отырып, үстіміздегі жылдың бірінші маусымына дейін капиталды амнистиялау туралы заң жобасын өз қарауына енгізуді тапсырды. «Біздің мұның алдындағы қолданған әдістерімізден бір айырмашылығы, бұл акция жалпыға ортақ декларациялауды енгізгенге дейін әрекет етуі тиіс. Бағдарламаның шынайылығын, жеделдігін, құпиялылығын және нарыққа сәйкестігін қамтамасыз ету қажет», деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Қуатты кәсіпкерлікті дамыту үшін қазақстандық бизнеске жаңа экспорттық бағыттар қажет. Сондықтан экономикалық интеграция негізгі маңызға ие болады. «Біз бұған саналы түрде барудамыз. Бүгінгі күні ешкім де тұйық кеңістікте өмір сүріп жатқан жоқ. Егер, Ресей рыногы біздің алдымыздан барлық бағыттар бойынша ашылатын болса, біздің елімізде өнім өндіру кезі келгенде 8 есе өсетін болады», деген Елбасы қалыптасқан кәсіпкерліктің маңызды бір белгісі оның өзін-өзі реттегіштік қасиетке ие болуы екендігін атап көрсетті. Сондықтан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тиісті заңды әзірлеуге белсене кірісуі керек. Мемлекет өз кезегінде өзін-өзі реттеуші ұйымдарды бақылау жасауды жүзеге асыра отырып, рыноктың барлық субъектілеріне бақылау жасаудан бас тартуы тиіс. Осылай деген Елбасы 2009 жылғы дағдарыс кезінде мемлекеттің экономикаға қатысушылығын арттыруға мәжбүр болғандығын еске салды. «Қазір жеке сектордан шығудың уақыты жетті. Жекешелендірудің екінші толқынын жүргізу ісін де осы себептен қолға алып отырмыз. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл үдеріске белсене қатыса отырып, оның ашықтығын қамтамасыз етуге қосымша қуат беруі қажет. Бізге мемлекеттің рыноктық ортадағы әрекеті қашан және қалай жүретіндігі туралы айқын картинаның болуы маңызды», деді Елбасы. Осы ретте алдымыздағы ЭКСПО-2017 көрмесі көптеген бизнесмендер үшін үлкен мүмкіндіктердің терезесін ашатындығын еске салды. «Алдын-ала бағалаулар бойынша ЭКСПО құрылысының бірінші кезегінде ғана миллион метр кабель өнімдері, жарты миллион тонна цемент, ірі көлемде арматуралар мен кірпіштер қажет етіледі. Мұның бәрін біз өзіміз шығара аламыз. Сондықтан «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасына көрмеге әзірлік жұмысына бизнестің белсенді қатысуы туралы арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын», деді Н.Назарбаев. Қазір индустрияландыру бағдарламасының екінші кезегіне әзірлік жұмыстары аяқталу үстінде. Осыған орай Елбасы біздің ұлттық салаларымызды: мұнай-газ, тау-кен металлургия, ауыл шаруашылығы салаларын дамыту қажеттігін, нақ осы салаларда біздің экономикалық артықшылықтарымыздың шоғырланғандығын еске салып өтті. Мақсат – бұл салаларды бәсекелестікке қабілетті және жоғары өнімді ету. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібін, ең алдымен, мұнай өңдеу, мұнай химиясы, машина жасау, ауыл шаруашылығы, тағам өнімдерін өңдеу өнеркәсібін дамытудың маңызы зор. Бұл істерде дәстүрлі салалар арқауында экономиканы әртараптандыру болып табылады. Елбасы сонымен қатар, туризм мен қызмет көрсету секторын дамыту, ғылымды қажет ететін экономика негіздерін қалыптастыру ісіне де мән беру қажеттігін ескертті. Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін жоғары білікті техникалық мамандар қажет болады. Қазіргі күні жоғары оқу орындары студенттері мен техникалық өндірістік оқуды ұйымдастыру қатынасы 50/50 болып отыр. Ал экономикасы дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 40/60. Егер біз техникалық мамандықтардың жеткілікті санын әзірлемесек, онда индустрияландыруда табысқа жете алмаймыз. Бүкіләлемдік банктің мәліметі бойынша, 192 елдің тек 16 пайызында ғана экономикалық өсім нақты капиталмен, 20 пайызында – табиғи байлықтармен, ал 64 пайызында адами ресурстармен қамтамасыз етіледі екен. Осыған байланысты Мемлекет басшысы кәсіптік және техникалық білім беруге үздік әлемдік стандарттарды енгізу қажеттігін атап көрсетті. «Қазіргі қолданыстағы кәсіптік-техникалық білім жүйесін дуалдық оқытуға толық көшіру қажет. Қазақстанда жаңа инфрақұрылымдарды және алдыңғы қатарлы колледждер желісін дамыту керек. Бұл Білім және ғылым министрлігінің, бүтіндей алғанда, Үкіметтің міндеті. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл реформаға белсене қатысып, түлектердің сапасын тәуелсіз бағалау ісін бастағаны жөн», деген Қазақстан Президенті салалық ассоциациялар жанынан жұмыс берушілердің арнаулы орталықтарын, сондай-ақ ауылдық жерлердегі істерін енді бастаған кәсіпкерлер үшін бизнес-мектептер құру қажеттігін айтты. Осы ретте ұмытылған жүйе – тәлімгерлік мәселесін қозғап, қалыптасқан бизнесмендердің өз істерін енді бастағандармен тәжірибе бөлісу дәстүрін енгізуге екпін түсірді. Мұның өзі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бір түрі болып табылатындығын айтты. Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының барлық жүргізген жұмыстары ендігі жерде Бүкіләлемдік банктің «Бизнесті жүргізу» рейтингісі аясында бағаланбақ. Осы жағдайды баса көрсеткен Мемлекет басшысы 2016 жылы осы рейтинг бойынша алдыңғы қатардағы 30 елдің ішіне ену міндетін алға қойды. «Бізде бұл мәселеде екі проблемалы сала бар. Олар құрылыс пен халықаралық сауда. Мәселен, «Халықаралық сауда» индикаторы бойынша біз ең соңғы орындардың біріндеміз. Демек, кедендік әкімшіліктендірудің қазіргі қолданыстағы жүйесі түбегейлі реформалауды қажет етеді», деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасына аталған бағыттар бойынша қажетті қаржыландыруды қарастыра отырып, бірыңғай бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Бұл бағдарламаның бірыңғай операторы ретінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы белгіленді. Мемлекет басшысы өз сөзін қорытындылай келе отандық инвесторлардың қалыптасып, дамуына мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетіліп келе жатқандығын, ендігі кезек инвесторлардың өзіне келгендігін, олар отандық экономиканы дамытуда негізгі тұтқалардың біріне айналғандығын атап көрсете келе, қалыптасып отырған қалталы бизнес иелерін өз қаржыларын елімізді көркейту үшін жұмсауға шақырды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше