Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті елімізде білмейтін адам жоқ. Шап-шағын ғана томпиған, қараторы жүзінен мейірім төгіліп тұрған жан. «Тұңғыш Олимпиада чемпионы» деген тау қопарардай атағы бола тұрса да, қарапайым. Ешқашан асып-тасқан емес. Қашанда бірқалыпты. Тәуелсіздік алған жылдары Жәкеңнің де жағдайы аса мәз емес болатын. Тегін адам Олимпиада чемпионы болмаса керек-ті. Алланың нұры түскен жан қазір бақуатты. Шаруашылығы өрге домалап, мерейі тасып тұрған облысымыздағы беделді кәсіпкерлердің бірі.
Екеуміз ойламаған жерден кездесіп, біраз әңгімелесіп қалдық.
«Алғаш, орта мектепті бітірген жылы оқуға түсу үшін Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарына баруға жағдайым келмей, Семейге бардым, – дейді балуан. Шешем жиған-терген тиын-тебенін дорбаға салып, шалбарымның ышқырына түйіншектеп, байлап берген болатын. Семейге келгеннен кейін де жататын орын таппай темір жол бекетіне екі-үш күн түнедім. Сөйтіп жүріп, жалдап тұратын бір үй таптық. Институтқа құжаттарымды өткізіп, Ертістің жағасына барсам бір шал отыр. Ол өзенге шомылатын жастардан ақша жинап, оларды жүзуден жарыстырады екен. Мен де барып, үш сом бердім. Әлгі шал менің түр-түрпетіме қарап сен жарысқа қатынаспай-ақ қой, деп ақшамды қайтарып жатыр. Қоярда-қоймай, суға жүзуден жарысатынымды айтып, ақшамды қайта өткіздім.
Шомылушылардың арасында жарыс басталды. Малтып келемін. Артыма қарағаным жоқ. Жағаға жеткенде бір-ақ тыныс алдым. Артыма қарасам, жарысушылар көп артта қалып қойыпты. Мен оқ бойы озық келдім. Әлгі қария отыз бес сомды санап берді. Ол кезде отыз бес сом көп ақша! Ертесіне де солай. Күніне Ертіске барып, шомылып, суға жүзуден жарысқа қатынасамын. Қатынасқан сайын бірінші орынды жеңіп аламын. Қалтама күніне отыз бес сом түседі.
Бір күні әлгі қария менен «Қай жерденсің?» деп сұрады. «Таластанмын», дедім.
Сынақ емтихандарынан да қысыла-қымтырыла өттім. Оқуға түсіп үйге келсем, маған әкем сенбейді. Мал баққызып қойды. Институттан оқуға шақыру қағазы келгенде барып, бір-ақ сенді».
Жақсылық судың астында дем алмай үш минут елу сегіз секунд жата алады екен. Бұл екі секундты есептемегенде бақандай төрт минут қой! Керемет емес пе?! Тыныс алу жүйесі, өкпесі ерекше жаратылған десе де болады. Кәсіпқой суға жүзушілердің кез келгені олай су астында жата алмайды. Мәскеуде Олимпиадаға дайындалғанда Серік Қонақбаев барлығымыз бассейнге түсеміз. Сонда олар таң қалатын. Кейде қызыға да қарайтындай көрінетін маған, деді.
Мен өзім судың астында 45 секунд әрең жата аламын. Ал, 4 минут дем алмай жату деген шынында да ғажап!
Жәкеңнің көңілі әлі де дархан. Жергілікті халыққа қарайласып, анда-санда қайырымдылық та көрсетіп отырады. «Ауыл деген алтын бесік қой. Еңбек етемін деген адамға жұмыс табылады» деді ол бірде ағынан жарылып...
Марат ҚАШҚЫНБАЕВ.
Алматы облысы,
Балқаш ауданы,
Бақанас селосы.