Жүздеген жас латынның «U» әрпі түрінде сапқа тұрып, алда келе жатқан жарыстардың ұрандарын мәнерлеп оқып шықты.
Жұрттың назарын айтулы оқиғаға бұруды көздеген қызықты шараға волонтерлердің ең белсенді бөлігі тартылды. Олардың басым бөлігі Қазақстанның жоғары оқу орындарынан, алайда арасында алыс және таяу шетелден келген азаматтар да бар.
«Біздің волонтерлар – бірінші кезекте Универсиаданың көңіл ауанын жасайтын жігерлі жастар. Ендеше, қыз-жігіттеріміздің қонақтарды қарсы алуға дайын екенін көрсеткіміз келді. Флешмобтар көмегімен біздер үлкен доданы атқарып салуға кіріскен мемлекетіміздің мерейін асыра түскіміз келеді. Сондай-ақ, мұндай іс-шаралар жастарды біріктіріп, командалық рухты көтереді», – деді «2017 жылғы Алматыдағы XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция» МҚ еріктілермен жұмыс жүргізу департаментінің басшысы Абылай Қондыбаев.