Бұған бұлтартпайтын дәлелді ІІМ-нің құрметті ардагері Дүйсенбек Ғайсин алға тартып отыр. Оның айтуынша, елімізде жыл сайын жол-көлік апатынан үш мыңға жуық адам көз жұмады. Ал 18-19 мың адам дене жарақатын алады. Мәселен, былтыр 14 мыңға жуық жол апатынан 2 270 адам мерт болса, 18 096 жолаушы зардап шеккен.
– Адамдар жарақат алмайтын жол-көлік оқиғалары кездеседі. Мұндай жағдайда көліктердің соқтығысқаны туралы есеп жалпы статистикаға қосылмайды. Мұндай оқиғаның саны өте көп. Ал көліктері жол апатына түскен адамдардың моральдық күйзелісі мен отбасына келетін материалдық шығынын салмақты қаржымен өлшеу мүмкін емес. Осының өзінен елімізде жол апатының қазіргі жағдайын қарусыз соғысқа теңеуге болады, – дейді Д.Ғайсин.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке сүйенсек, биылғы үш айда 79 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 25 адам қаза тапқан. Ал 98 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Шетелдерде тіркеуде тұрған көлік құралдары 32 жол апатына себепкер болған. Соның салдарынан 13 адам қаза тауып, 38 адам зардап шекті. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – елді мекендерде қозғалыс жылдамдығын арттыру, қарсы бағытқа шығу. Өңірде жол-көлік оқиғасы көп тіркелетін апаттық-қауіпті учаскелер анықталды. Оның ішінде «Доссор – Құлсары – Бейнеу» тас жолының 18 шақырымы қауіпті аймаққа жатады.
– Жол апаты зардабының есебін жүргізу тәртібінде кемшіліктер бар. Сол кемшіліктер түзелсе, статистикадағы жарақат алғандар саны төмен түсіп, қаза тапқан адамдар саны бірнеше жүзге көбейіп кетуі әбден мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өткен жылғы мәліметі бойынша, Қазақстан – әлемде жол апаты көп болатын бес елдің бірі. Жол бойындағы өлім коэффициенті әр 100 мың адамға шаққанда 24,5-ті құрайды. Жолдағы өлім қаупі Еуропа елдеріндегі көрсеткіштен он бір есе жоғары екен, – дейді ардагер полицей.
Қара жолдың бойында көлік апатының жиілеп, талай ғұмырдың үзілуі, кейбірінің мүгедектік қамытын киетіні баршаны алаңдатып отыр. Бұл мәселеге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы сәуірде назар аударып, ІІМ жеке құрамымен кездесуде жол апатының алдын алуды тапсырды. Бірақ жол апатының азаяр түрі көрінбейді. Жолдағы апаттың жиілеуінің себебі неде? Оның алдын алу мүмкін бе? Осы сауалдарды кезінде мемлекеттік автоинспекцияда жұмыс істеген Дүйсенбек Ғайсинге қойған едік.
– Жол апатының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алайда нақты мақсатқа жеткен жоқпыз. Арты өкінішке ұласатын қанды жол апаттары азайған жоқ. Сонау 1936 жылдан бері жол қозғалысын реттеумен айналысқан мамандандырылған МАИ, жол полициясы аталған техникалық құрылымдар жойылды. Оның ішкі құрылымдары бөлшектелген. Саланың кәсіби мамандарының біразы қызметтен кетті. Қалғандары басқа құрылымдарға жіберілген. Кәсіби мамандықты, кәсіби білгірлікті қажет ететін лауазымдарда талапқа сәйкес келмейтін басқа мамандықтың иелері жұмыс істейді. Осындай себептер жол қозғалысын ұйымдастыруда елеулі кемшіліктердің орын алуына ықпал етіп отыр. Жасалған эксперименттің сапалы нәтиже бермегені көрініп тұр. Жол апатының алдын алу шараларына жеткілікті мән берілмегендіктен, мемлекеттік деңгейде түбегейлі шара қабылдау қажет, – деген ардагер бірнеше ұсынысын алға тартты.
Біріншіден, жол қозғалысын реттеу, жолда тәртіп орнату, мемлекеттік жол стандарттары мен техникалық стандарттардың сақталуын қадағалауды қазіргі әкімшілік және жергілікті полиция қызметінің құзырына бөлмей, нақты біреуіне жүктеу қажет. Немесе жаңа құрылым құрып, жауапкершілікті толықтай міндеттеген жөн. Себебі жол қозғалысын реттеу, қадағалау – техникалық, кәсіби білімді қажет ететін қызмет.
Екіншіден, анықталған жол қозғалысына нақты жауапты құрылымның техникалық сәйкестікті, жол стандарттарын қадағалайтын бөлімдеріне жоғары техникалық, автожолдары құрылысы секілді жоғары оқу орындарын бітірген білімді, жол қозғалысын реттеу әдістерін, техникалық стандарттар мен жол стандарттарын жетік меңгерген мамандарды аттестациялау арқылы тағайындаудың маңызы зор.
Үшіншіден, жол қозғалысы мен жол тәртібін қадағалау үшін (жол бақылау инспекторлары) арнайы дайындықтан өткен, жол ережесі мен жол қозғалысы туралы заңды, автокөліктің техникалық жағдайын нақты білетін, ауыр, жеңіл автокөліктерді, мототранспортты еркін жүргізетін, жол қозғалысын реттеуді меңгерген қызметкерлерді шығаруды қолға алу керек. Олар үшін арнайы курстар ұйымдастыру артық етпейді. Өйткені олар халықпен тікелей байланыста болады. Олардың қызметі арқылы полицияға баға беріледі.
Төртіншіден, «Жол қозғалысы туралы» заң және жол ережесіне сапалы сараптамалар жасап, мемлекетаралық стандарттар мен жол қауіпсіздігіне тікелей әсері жоқ, жұмыс істемейтін баптарды қысқарту керек. Бұл халықтың есіне жеңіл және нақты сақталатындай етіп ықшамдауды қажет етеді.
Бесіншіден, автокөлік жүргізушіге үміткерлерді өздігінен дайындалу әдісіне көшіру – қате шешім. Мұндай қате шешім адам өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан, автокөлік жүргізушіні міндетті арнаулы дайындықтан өткізу әдісіне көшіру қажет. Жүргізушілер даярлайтын оқу орындарына қойылатын талаптарды қатайтатын уақыт жетті.
Алтыншыдан, полиция қызметкерлеріне автокөлікті тоқтату, тексеру үшін бірнеше шектеу қойылды. Қазір олар көліктің артынан ілесіп (қуып) жүріп тоқтатпайды. Көлікті тоқтату үшін арнайы таяқшаны пайдалана алмайды. Міне, осындай шектеулерді жоюдың қажеттігі туындап отыр.
Жетіншіден, полиция қызметкерлерінің мәртебесін қайта қарап, техникалық құралдарды (фото-видео) пайдалану құқын заңдастыру мәселесі өзекті болып отыр. Полиция қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіретін, заңды талаптарын орындамаған адамдардың жауапкершілігін қатайту қажет-ақ.
Сегізіншіден, Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп балабақша, орта мектеп бағдарламасына жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру пәнін енгізген жөн. Осы орайда Қазақстан жол қозғалысы қауіпсіздігі ассоциациясына халықты жолда жүру мәдениетіне тәрбиелеу мәселесі міндеттелуі керек.
Тоғызыншыдан, жол ережесін нақты білмейтіні байқалған немесе ереженің ұсақ түрлерін бұзған жүргізушілерді автомектептерге жол ережесін қайталау сабақтарынан (лекция) өтуге жолдау әдісін заңдастыру мәселесін қарастыру қажет.
– Әрине, бұл ескіні аңсау емес. Мұндай талаптар енгізілсе, жол бойындағы қанды апаттарды тоқтатуға, полиция қызметкерлерінің халық алдындағы беделін жоғары деңгейге көтеруге оң әсерін тигізеді. Үкімет пен Ішкі істер министрі осындай ұсыныстарды ескеріп, қара жолды қанға бөктірген жол апаттарына тосқауыл қоюға, алдын алуға ықпал етеді деген сенімдемін. Өйткені бұл ұсыныстар мемлекеттік деңгейде нақты шешімін тапса, талай адамның өмірін сақтап қалар едік, – дейді Д.Ғайсин.