Экономика • 04 Мамыр, 2022

Қайта өңдеу ақсап тұр

312 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр Павлодар облы­с­ының агроөнеркәсіп ке­шенінде оң нәтижелер тіркеліп, салаға жауапты басшылар сүйінші сұрап, мәре-сәре күй кешкені рас. Әрине, еңбек – шаруаныкі. Өңірде соңғы 30 жылда алғаш рет 1 млн тоннадан астам дәнді дақылдар жи­налды. Картоптың да түсі­мі мол. Қоймаға 600 мың тонна «екінші нан» жө­нел­тілген-ді. Пысықай бизнес­мендер құр жатсын ба, жер­гілікті картопқа амери­ка­лық компания басшылы­ғының назары түсіп отыр.

Қайта өңдеу ақсап тұр

Инвестордың ниеті зор

Жасыратын несі бар, бәлен­бай тонна картоп жинадық деп бөр­кімізді аспанға атқа­ны­мыз­бен өңірде қайта өңдеу саласы ақ­сап тұр. Павлодар­лық­тар­дың сұ­ранысын артығымен қам­тамасыз етеміз деп алып, мамыр-маусым айларында жер­гілікті дүкен сөрелерінен пав­лодар­лық картоп­ты таппай қаламыз. Бар болса да, бағасы аспандап кететіні шындық. Тұрғындар қал­таға салмақ салса, амалсыздан М­ысыр­дан жеткізілген картоптан дәм тататыны рас.

Қайта өңдеу саласын бекерден тілге тиек еткеніміз жоқ. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, америкалық ком­пания павлодарлық билік ұйымдастыра алмай отырған қайта өңдеу саласында нәпақа табуға ұсыныс білдіріпті. Әрине, жергілікті басшылар меймандарды қуана қарсы алғаны анық. Жылдың соңында «қайта өңдеу саласында ірі жоба жүзеге асты» деп есеп беруге жақсы емес пе?

«Champion Foods» компания­сы­ның вице-президенті Джона­тан Буринг облыс әкімі Әбіл­қайыр Сқақовпен кездесіп, жоба­ның жай-жапсарын талқы­ла­ды. Америкалық компания пав­лодарлық картопты өңдеуге және экспорттауға мүдделі. Облыс әкімі бизнесменге еліміздегі кар­топ­тың үштен бірі Павлодар об­лы­сында өсірілетінін айтты. Ин­вестор одан хабардар болған соң келіп отырған шығар. Әйтпесе, алыстан ат терлетіп келудің не қажеті бар?

– Павлодарлық картоп – Қазақ­станда ғана емес, одан тыс жер­лерде де танымал бренд. Біз­дің облыс жыл сайын 600 мың тоннаға жуық азық-түлік картобын өндіреді, бұл – өңір қажеттілігінен 7 есе артық. Біз картопты сапалы сақтау үшін барлық жағдайды жасаймыз. Өңірдегі картоп қоймаларының қуаты 400 мың тоннадан асады. Облыста 4 тұқым өсіру шаруа­шылығының болуы жо­ғары сапаны қамтамасыз етеді. Басты басымдықтардың бірі – қайта өңдеу саласы, – деген аймақ басшысы ынтымақтастықтың алғышартын жасады.

Өз кезегінде «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының АҚШ-тағы өкілі Ғалымжан Матаев «Champion Foods» компа­ния­­сының Луизиана, Техас қала­ларында, АҚШ-тың портты қа­ла­ларында, сондай-ақ Қытайда, Үндістанда және Парсы шығанағы елдерінде азық-түліктің алдыңғы қатарлы жеткізушісі екенін хабарлады. «Қазіргі уақытта ком­панияның тапсырыс қоржыны 2 млрд доллардан асады. Осы компаниямен байланыс орнатудағы негізгі мақсат – Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдері мен картопты қайта өңдеуді және жүйелі экспорттауды ұйым­дастыру», дейді ол.

Джонатан Буринг павло­дарлық картоптың климаттық жағ­дайлары мен сапалық пара­метр­лерінің АҚШ-тың кейбір штаттармен ұқсастығын атап өтіп, жергілікті өнімді шет елдерге саудалауға, маркетинг бағытын реттеуге дайын екенін жеткізді. Алғашқы жүздесудің әңгімесі осындай. Алдағы уа­қытта қос тарап байланыс орната ма, оны уақыт көрсетер.

 

Суармалы алқабы бар шаруалар қор болмайды

Облыстағы картоптың үлесі жайлы сөз қозғалса, Набережное ауылындағы «Андас» шаруа қо­жалығы ойға оралады. Был­тыр мұн­да 1 100 гектарға картоп отыр­­­ғызылған-ды. Биылғы меже де сол шамалас. Мұнда әр гек­тар­дан шамамен 40-60 тонна, кейде 70 тонна өнім жиналатынын ескерсек, шаруашылықтың облыс былай тұрсын, өзге өңір­лерді ұзақ уақыт картоппен қамтуға мүмкіндігі зор.

Егіс алқабынының жай-күйін шаруашылық басшысынан гөрі агроном жақсы білетіні анық. Бұл ретте, бас агроном Мұхтар Бексейітовті әңгімеге тарттық.

– Егіс алқабына жылдағыдай кар­топтың «Гала» және «Импала» түрі отырғызылады. Соң­ғысы – ерте пісетін сорт. Бас­ты­сы, өсімдікке күтім керек. Осы ретте, жаз бойы 6-7 рет өң­деу жұмыстары жүргізіледі. Өсім­діктің жапырақтарын бақылап, кейде қалай өсіп жатқанына көз жеткізу үшін қазып та көреміз. Минералды тыңайтқыштардың қолданылуы маңызды. Алдыңғы жылдары зиянды құрттар, арам­шөптер ара-тұра кездесті. Ты­ңайтқыштар арқылы жағдай тұрақ­талды. Ерте пісетін картоптың мерзімі 60, 70, 90 күнге дөп келеді. Бір гектардан 40 тонна өнім жиналса, оның өзі орташа көрсеткіш. 60-70 тонна өнім жиналса – еңбегіміздің ақтал­ғаны. Картоп толығымен суармалы ал­қапта жатыр. Суармалы жердің пайдасы айтпаса да түсінікті ғой. Қуаңшылық орын алған уақытта табиғатқа тәуелді болмайсыз, – дейді М.Бексейітов.

Бас агроном картоптың «Гала» сұрпы өте сапалы әрі өнім­ді екенін айтты. Ауылда бір түптен 4-5 картоп шық­қан­да мәз болушы едік. Мұнда бір түптен 20-дан астам картоп түйнегі жиналатынын естігенде аң-таң болдық. Көктемде отыр­ғызылған 1 картоптан ірі-ірі мол өнім алынуы қарапайым тұр­ғындар үшін таңсық дүние, әрине. М.Бексейітов бір түптен шамамен 30 картоп алынса, өнім­нің сапасы төмендейтінін айтты. Яғни көп жиналды екен деп қуануға болмайды.

Шаруаларға өнімді жинай сала сатқан тиімді. Қоймаң болса, көкөністі сақтап, нарықта сұраныс артқан кезде босатуға да болады. Бірақ тұрақтандыру қорымен байланыс орнатқысы жоқ. Қор ұсынған баға өзге сатып алушылардан артық емес. Яғни қормен байланыс орнатудың ар­тық­шылығы бай­қал­майды. Ке­лі­сімге келсең, өнім­ді өз қой­маң­да сақтауың керек. Бұл – үл­кен жауапкершілік, дейді шаруа­шы­лық өкілдері. Себебі мемлекет қаржысын алғаннан кейін өнімнің сапасын жіті қадағалау қажет. Өзге де талап­тары жетерлік. Оны айтып отыр­ғанымыз тегін емес. «Андас» шаруа қожалығы бұл істе аузы күйгендердің бірі екен. Содан болар, қазір республика былай тұрсын, Ресей, Қырғызстаннан келген сатып алушылармен байланыс орнатуда.

Мұнда картоптан бөлек, 200 гектарға сәбіз егіледі. Ерте пісе­тін «Абака» және «Каскад» гиб­рид­ті түрлері тамыр жая­ды. Әу бас­та кәсібі 50-60 гектар жер­ден басталған шаруа­шы­лық­тың тыныс-тіршілігі, іздені­сі, ғы­лым­­ға ден қоюы, жаңашыл­дығы мақ­тауға тұрарлық. Қазір мұнда тауар­лы сүт фермасының құрылысы жалғасуда. Ендігі жерде өсімдік шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамытуға ниетті.