Ауданда соңғы төрт жыл көлемінде «Бизнес бастау» жобасы аясында 324 адам арнайы оқудан өткен. Бұл бұрын беймәлім болып келген, сынағы ауыр, сыры мол бизнес әлемінің қыр-сырын мейлінше меңгертуге септігін тигізген шара еді. Жұмыс істеймін деп талпынған жанға кәсіптің аз емес екені белгілі. Әсіресе табиғаты тамылжыған Сандықтау ауданында ауыл шаруашылығы, туризм саласында мүмкіндік аз емес. Ақтылы мал бағып, ақық дән тербетуге әбден болады. Халыққа қызмет көрсету саласында да сұраныс жетіп артылады. Тек қана адал еңбегіммен ырыздығымды молайтамын деген ынта болса жеткілікті. Осы орайда мемлекет тарапынан зор көмек көрсетіліп отырғанын айта кетудің артықтығы болмас.
Арнайы курстан өтіп, бизнес әлеміне қажетті біліммен қаруланған 115 адам жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Ойға алған шаруалары оңынан оңғарылса аз дүние емес. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 400 млн теңге көлемінде қаражат берілген. Әншейінде іс бастауға алғашқы қаржымыз жоқ деп дағдарып отырғандар үшін айта қаларлықтай көмек емес пе? Қамқорлықпен қанаттанған жанның бірі – аудан тұрғыны Гаухар Тілеубаева. Алдымен аудан орталығына ненің қажет екенін сараптаған. Өзінің ойынша, өтімдісі – азық-түлік.
– Киім-кешектің, өзге де бұйымның жылдам өте қоймауы мүмкін, – дейді кәсіпкер, – ал азық-түлік күнделікті тұтынылады. Жобаны дайындаған кезде жаңылыспаған екенмін. Алғашқы бетте жұмысымды жолға қоюға септігін тигізіп отыр. Былтыр 6 пайыз өсіммен 3 млн теңге жеңілдетілген несие алдық. Алдағы уақытта дүкенде сатылатын азық-түліктің түрін тұтынушылардың сұранысына қарай көбейте түсуді көздеп отырмыз.
Осындай мемлекеттік бағдарламалар талабы бар жанның табысын еселеп, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан ел ішіндегі жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізбек. Ауданда мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде жұмыссыздар саны жылдан-жылға қысқарып келеді. Жұмысын жаңа бастағанымен, ісі алға басқан кәсіпкерлердің талпынысын көріп, өзгелердің де ұмтылатындары анық.
– Былтыр 615 адам жұмысқа орналасты, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының қызметкері Алмас Балташев, – орталыққа көмек сұрап келген адамдардың барлығын жұмыспен қамтып отырмыз. Жыл басынан бері өтініш беріп жатқандар да жетерлік. Ең бастысы, жергілікті жерде адамдардың жұмыс істеймін деген ынтасы бар. Ынта болса, алынбайтын қамал жоқ.
Аудан бойынша соңғы төрт жыл ішінде 183 кәсіпкер мемлекеттік грантқа ие болды. Оларға 80 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Алдағы уақытта да ілкімді іске ұйытқы болатын шаруа жалғаса бермек.