Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында өңірде өткен «Қауіпсіз жол» іс-шарасында да бірталай заңбұзушылықтың беті ашылды. Жалпы алғанда, жол ережелерін бұзу, жылдамдықты арттыру және қарсы қозғалыс жолағына шығудың дерегі көп. Үш күннің ішінде Жамбыл облысы аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4 мыңнан астам дерегі анықталған. Оның ішінде 5 адам көлік жүргізу құқығынан айырылса, 11 жүргізуші мас күйінде ұсталған. Сонымен қатар көлік құралын басқару кезінде телефонды пайдаланғаны үшін 187 адам жауапкершілікке тартылған. Ал 293 жүргізуші көлікте қауіпсіздік белдіктерін тақпаса, 18 жүргізуші жолда төтенше жағдай тудырған. Мұның барлығы да қоғамда тілсіз жаудан келетін қауіптің көбейіп тұрғанын көрсетеді.
Бүгінде жол ережесін бұзғандарға полицейлер шара қолданып жүр. Дегенмен үш күннің ішіндегі ғана дерек осындай болғанда, жыл бойғы көрсеткіштерді елестетудің өзі қиын. Бір анығы, қазіргі кезде көлік мәселесіне қатысты осы сияқты заңбұзушылықтар көбейіп кеткен. Сол сияқты, тиісті құжаттарсыз көлік құралын басқарған 180 жүргізуші анықталып отыр. Ал 304 жаяу жүргінші белгіленбеген жерден өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Полиция қызметкерлері тексеру жүргізген осы үш күннің ішінде 85 көлікті айыптұраққа қойып, оларды пайдалануға тыйым салған. Осы орайда, облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полковник Рахымберді Әшкеев жамбылдықтарға жолдарда абай болуды, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы керегін айтты.
Қазіргі кезде күрежолдарды айтпағанда, қала ішіндегі қозғалыстың өзі қиын. Күнделікті көшеде жүрген кез келген тұрғын заңбұзушылықтың куәсі болып жатады. Сондай-ақ бүгінде Тараз қаласының ішіндегі бағдаршамдар да күрделі мәселеге айналған. Сәл жел тұрса жалп етіп өшіп қалатын жарықтың кесірі бағдаршамдарға да тиюде. Одан кейін әрине, әншейінде асығыс жүретін кейбір көлік жүргізушілері жол тәртібін бұза бастайды. Сол секілді, күрежолдардағы және қала ішіндегі кейбір бейнекамералардың тозуы, істен шығуы да жол ережесінің бұзылуына әкеліп соғып отыр.
Жалпы, Жамбыл облыстық полиция департаментінің зерделеуінше, жол-көлік оқиғалары жол қозғалысы ережелерін жиі бұзу салдарынан орын алады екен. Енді қала сыртындағы жолдарда қалааралық тасымалдарды жүзеге асыратын жүк техникалары мен автокөліктерге де ерекше назар аударылды. Себебі облыс «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқандықтан, аймақ арқылы еліміздің әр өңіріне және шет елдерге қатынайтын ауыр жүк көліктерінің саны көп. Бұларға да болашақта бір бақылау болуы керек-ақ.