Әдебиет • 04 Мамыр, 2022

Жүрек сұлтаны

2577 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жер жаралғалы адамзат баласы бас қатырған ортақ құндылықтар сарқылған емес. Жаратушының адамдарға, табиғатқа, ғаламға жасырған қазыналары саналы адамның жұмбағына айналды. Әр ғасырда еркін ойлы перзенттер дүниеге келіп отырды. Мәселен, б.з.б. 528 жылы Будда ілімі тараса, б.з.б. 525 жылы Пифагордың математикалық мектебі құрылды. Б.з.б. 479 жылдары Конфуций ілімі өрістеп, 1399 жылы адамзатты өзін тануға шақырған дана Сократ көз жұмды. Аталған тұлғалардың барлығына тән бір ынтықтық болса, ол – өзін білуге деген құмарлық болатын.

Жүрек сұлтаны

Ал Руми... Ол дара қонған, жарығы аспан мен жерге тең түскен шоқжұлдыз іспетті еді. Міне, тоғыз ғасыр бойы ол біздің жүрегімізге махаббат пен мейі­рімнің дәнін егіп келеді. Бүгінде Еуро­пад­а кітап таралымы мен оқылымы жағынан Шекспирмен деңгейлесіп, Шығыста толағай мұрасы Құран мен ха­дистен кейінгі қастер тұтар құн­ды­лық саналған алып тұлға шөлдеген жүректерге су бүркіп, талапты ердің жанына сәуле құюда. Замана тұсбағарының анық есімі – Мәуләнә Жәләләддин Мұхаммед Балқы Руми. Мәуләнә сөзін араб тілінен «Мырзамыз» деп аударсақ, Руми сөзінің жалғануы тегін емес-тін. Ақын өмір сүрген Анадолы түбегі сол тұста Шығыс Рим империясының құрамында болатын.

Руми 1207 жылы қазіргі Ауғанстан мем­ле­кетінің Балқы аймағында дү­ние­ге келді. Балқы аумалы-төк­пе­лі кезеңде ғылым мен білімнің өр­кен жайған өңірі еді. Румидің әкесі Баха­уад­дин Велед заманының озат һәм еркін ойлы ғалымы болды. Әділдік үшін күресуге келгенде алдына жан сал­майтын, дүмше молдаларды аяусыз шенейтін Бахауаддин мырза Хорезмшах әмірлерін сұсымен сескендірген еді. Әрі ғалымның шұңғыл білімі мен шешендігі өзге ғалымдардың қызғаныш атты қы­зыл итін оятты. Философия мен логиканы дәлел етіп, пайғамбардан мұра қалған жүрек ілімін кейін шегерген оспадар ғалымдарға айтылған сынның соңы дауға ұласып, наразы топ билік адамдарын Румидің әкесіне айдап салады. Салдарынан әкесінің қанаттас досы Маждэддин Багдадиді хорезмшах билігі Әмударияға батырып ажал құштырады. Замандастарының қорлығына ыза болып, жаны күйген Бахауаддин мырза Балқыдан біржола қоныс аударуға мәжбүр болады. Зерттеушілердің дере­гін­ше ғалым жолда Бағдатқа аялдап, әрмен қарай Меккеде қажылық сапарын өтеген. Мұнан соң Анадолыға бет алып, селжұқ сұлтаны Алауаддин Кей­кубадтың шақыртуымен Коняға тұрақ­тай­ды.

Отбасымен бірге түрік даласына қо­ныс аударған Румидің жасы небә­рі 14-те ғана болатын. Оның ақыл-ойы мен дүниеге һәм Құдайға деген көзқа­ра­сының орнығуы осы өлкеден бастау алды. Ақын бір ғана діни біліммен шектелген жоқ, жаратылыс білімдерімен қатар сол замандағы Аттар, Санаи сынды даңқты шайырларды ұстаз тұтты. «Аттар – менің рухым, Санаи – менің көзім», деді бірде. Мәснәуи еңбектерін оқи отырып, жүрек сұлтанының тек Құранды ғана емес, Інжіл, Тәурат, Зәбүрді жақсы білгенін аңғару қиын емес. Сонымен бірге парсы, грек, түрік тілдерін меңгереді. Ақынның даналыққа малынған алты томдық мәснәуилер жинағы мен «Естелік қазынасы» кітабы поэзия тілімен жазылса, «Диван-и кебир» кітабы проза түрінде мысал-насихаттар арқылы көрініс тапқан. Бір қызығы, Руми өзін ақын деп санаған жоқ, ол жер бетінің атағы мен мақтанынан әлдеқашан шалғайға ұшып, жүрек құсы көз жетпеске самғап кеткен-тін. Содан да «Естелік қазынасында»:

О, бауырым!

Жаратқанға деген

махаббат пен атақ-даңқ,

Бір-бірімен ешқашан үйлеспейді.

Егер сен махаббатты таңдасаң,

Даңқтың есігінде тұрма, – дейді.

Адамзатты алғаусыз сүйген алып жү­рек жер бетінің ешқандай «жұл­ды­зын» жатсынбай жанына алуға, қапсыра құшуға даяр еді.

Тағы кел, тағы кел, не жасасаң да

қайта кел,

Кәпірсің бе, отқа табынарсың,

пұтқа табынасың ба,

Тағы кел...

Біздің есігіміз үмітсіздік есігі емес;

жүз рет тәубеңді бұзсаң да

қайта кел!

Сірә, махаббат ұғымы бір ғана ай­мақ­пен шектелмесе керек, шектелсе ол дертті махаббат. Махаббат – тұтас сүю, өртене сүю. Сүйген ада­мың­ның кемшіліктеріне «жаның ашып, ішің күю». Шығыс мәдениеті жү­рек культін алға қояды, содан да жа­ратылысқа махаббат­сыз көзбен қа­рау­ды мансұқтайды. Сопы Аллаяр «Ма­хаб­батсыз адамнан қаш», десе Қожа Хафиз «Өлмес өмір – шын махаббаты барға бұйырар бақ», дейді ал Абай хакім «Ма­хаббатсыз дүние дос, хайуанға оны қосыңдар» деп шорт кеседі.

Румидің рубайлары аз да саз інжу-маржандарға толы. «Күннің адамы болуға талпынба, ақиқаттың адамы болуға талпын, өйткені күн ауысар, ақи­қат ауыспас...». Тағы бір рубайында: «Өлгеннен соң мазарымызды жер­ден іздемеңіз, біздің мазарымыз жақ­сы­лар­дың жүрегінде!», дейді көре­ген­дік танытқандай...

«Руми парсы ма әлде түркі ме?», деген сауал әр тұстан қылаң беретіні бар. Ұзын-сонар энциклопедияларында Шыңғыс хан мен Әмір-Темірді моңғол деп бұрмалап, әдебиеті мен тарихында түркілерді өркениеттен тыс «варвар­лар» етіп көрсетуге құмар Еуропа мәде­ниетінің салқыны Румиге де тигені жасырын емес. Ақынның орыс тіліндегі қай кітабын ашсаңыз да, «парсы ақыны», деген сөзге кезігесіз. Біріншіден, Руми он төрт жасынан түрік жерінде жетіліп, сол жерде жанын Хақ тағалаға тапсырды. Бұл факт. Екінші дәлеліміз бұлтартпас дәлел. Әр зерттеуші сан тарапқа тартқанымен, автордың кесімді сөзінен артық дәлел болмаса керек. Ақынның өз тегі хақында нақты төрелік айтқан рубайын түрік тілінен жолма-жол аударып көрелік:

Шетелдік демеңіздер,

мен осы елденмін.

Сіздердің жерлеріңізде өз

ошағымды іздеймін.

Дұшпан секілді көрінсем де,

дұшпан емеспін,

Хиндише сөйлеймін

бірақ тегім – Түркі!

Жүрек сұлтаны өзін «тудыру» ар­қылы тұтас бір дәуірді дүниеге әкелді. Оның соңынан ерген шәкірттері мен жолын ұстанушы білімдар қауымда есеп жоқ. Бір ғана мәснәуилер жи­на­ғы Еурпопада Гомердің «Ил­лиадасы», Дантенің «Құдіретті коме­диясы», «Игорь жасағы  туралы жыр», Шекспирдің пьесаларымен қа­тар қо­йылатын баға жетпес туын­ды. Жа­нына ем іздеген адамдар бұдан кейінгі ғасырларда да жүрек сұлта­ны­ның ха­уы­зынан кәусар бұлағын татып, дер­тіне шипа таба бермек...