Руханият • 04 Мамыр, 2022

Алғашқы қазақ киносы

4399 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бала күнімде халық батыры Амангелді Иманов туралы түсірілген фильмді сан мәрте көрдім. Бірақ оның ұлттық кино тарихындағы алғашқы қазақ фильмі екенінен хабарсыз едім. Одан сол кездегі саясаттың «лебі» соғып тұрса да, қазақ киносының тарихы осы туындыдан басталады. Фильм 1938 жылы түсіріліп, 1939 жылы 25 қаңтарда премьерасы өтті.

Алғашқы қазақ киносы

Сол жылдардағы ел өкіметі көрнек­ті жазушылар Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсіреповке Амангелді Иманов туралы материал жинап, сценарий жазуға тапсырма берді. Сондай-ақ олардың қасына Кереку өңірінде туған белгілі қаламгер Всеволод Ивановты қосады. Қаламдары жүрдек үш суреткер аз уақыт ішінде сценарийді жазып, даяр етеді. Енді киноны түсіру керек.

Осы жерде көрнекті публицист, қо­ғам қайраткері, кезінде Мемлекеттік кино комитетінің төрағасы болған Камал Смайыловтың «Амангелді –тұңғыш қазақ фильмі» атты мақа­ла­сынан үзінді келтірейік:

«Қазақстан мен Ленинград арасында бір-бірімен жасасқан шарт бар-тұғын. 1934 жылы Киров келіп қайт­қаннан кейін, олардың арасында өнеркәсіп, ғылым мен өнер саласында екіжақты байланыстар өрбіген. Қазақстан өкіметі Ленинград киностудиясынан осы фильмді қоюға жәр­дем сұрады. Режиссер М. Левин мен оператор Х.Назарьянц бастаған кино тобы келіп, «Амангелді» филь­мін түсіруге кірісті. Фильм оқиғасы Торғай жерінде өтсе де, жақын жерде, Алматының айналасына түсірілетін болды. Әйгілі Суықтөбені кино адамдары сонда «игере» бастаған. Одан кейін сол жерде талай фильмдер («Жамбыл», «Алдар көсе», «Шоқ пен шер», т.б.) түсірілді» дейді Камал ағамыз.

Қазақ өмірінен түсірілген тұң­­ғыш киноға ең талантты деген актерлер таң­­дап алынды. Олардың дені алғаш құрылған Қазақ театрының тарландары еді. Айталық, Амангелді рөліне Елубай Өмірзақов бекітілсе, батырдың әйелі Балымды – ғажайып биші Шара Жиенқұлова ойнады. Сонымен қатар фильмдегі басқа рөлдерде – Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Рахметолла Сәлменов, Қапан Бадыров ойнады. Осы фильмге белгісіз сарбаз болып Шәкен Айманов та түскен. Музыка­сын А.Жұбанов пен М.Гнесин жазған. Суретшісі – Қ.Қожықов.

Фильмге Амангелді Иманов бас­та­ған 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі арқау болды. Осы көтерілістің басталуына үстем елдің отаршылдық саясаты ғана емес, пат­шаның 1916 жылғы 25 маусымдағы майданның қара жұмысына 19 бен 43 жас аралығын­дағы қазақ ер-аза­маттарын шақыру жар­лығы түрт­кі болды. Осыған байланыс­ты елі­міз­дің әр өңірінде халық бас көтерді. Со­ның ішінде Торғай дала­сын­дағы қарсылық үлкен көтеріліске ұласып, оған Қызылорда, Қостанай, Ақтөбе, Ақмола, Семей аймақтарынан адамдар қосылып, ғылыми деректерде халық батырының соңынан ерген көтерілісшілер саны 50 мыңға жет­кендігін айтады. Көтерілісшілер жанында әскери кеңес жұмыс істеген. Бас сардардың соңынан ерген сарбаздар мұздай қаруланған жазалаушы отрядқа қарсы тұрып, тойтарыс береді. Кинода осы оқиғалар нанымды бейнеленген. Ақыры, Амангелді батыр әйелі Балымның қолында жан тапсырады.

Қайбір жылдары осы киноны «Қа­зақ­тың алғашқы дыбыстық көркем фильмі деп санай аламыз ба?» деген түрлі пікірлер туғанда, оған Камал Смайылов тұщымды жауап беріпті.

«Санай алмаймыз, дегендер – біріншіден, оны қойған режиссер мен оператор қазақтар емес, екіншіден, ол басқа киностудияның базасында түсірілген» (ол кезде қазақ киностудиясы құрылмаған) деген «дәлел» айтады, екінші жағынан бұл фильмнің сценарийін жазған қазақ жазушылары, ойнаған қазақ актерлері, музыкасы қазақша, ол қазақ өмірін, қазақтар­дың тұрмыс-салтын, киім-жиһаздарын алғаш рет экранда көрсетеді. Демек, ол – тұңғыш қазақ фильмі, қазақ кино­сының тарихы содан басталады» деп қадап айтыпты қайраткер.

Сондай-ақ Камал ағамыз жоғарыда айтып өткен мақаласында аталған туын­дының сценарийін жазған Ғабит Мүсірепов пен фильм редакторы Қасым Тоғызақовтың естелігін келтіреді.

«1936 жылы Мәскеуде қазақ өне­рінің бірінші декадасы болғанда Сталин басшыларды қабылдап: «Сендердің Чапаевтарың бар ма?» деген көрінеді. Ол кезде «Чапаев» киносы шығып, жер-көкті дүбірлетіп жатқан кезі. Сонда «бар» деп біздің адамдар кімді көрсеткен көрінеді.

Қасым Тоғызақов: Амангелдіні.

Ғабит Мүсірепов: Жоқ. Әліби Жан­гелдинді. Ол сол топтың ішінде екен. Сонда Сталин: «Жоқ, ол емес, − депті. – Анау, әлгі Торғайдың, тургайский комиссар, тургайский» деп бір-екі қайталайды. Біреуі айтады қағазға қарады деп, біреуі айтады қараған жоқ деп. Сөйтіп есіне түскенде «Иманов» депті. Содан барып басталып кетті.

Қасым Тоғызақов: Сонда Аман­гелдіні білетін болған-ау ол кісі?!

Ғабит Мүсірепов: Соны мен жете білмеймін, бірақ білген. Біз сол арада Всеволод Ивановты тауып алдық. Біз екеуміз де кино заңын білеміз деп ойлай алмаймыз. Сосын «Ленфильммен» шарт жасастық. Жұрт декададан елге қайтты. Бейімбет екеуміз Батпаққара жағына, «Амангелдінің еліне кеттік қой. Содан соң Бейімбет екеуміздің очеркіміз 14-15-нөмірге басылды» дейді.

Бір өкініштісі, фильм түсіріліп жат­қанда, соның басы-қасында жүр­ген жазушы Бейімбет Майлинді Қарақас­тектен ұстап әкеткен. Сол жылы Ғабит Мүсіреповті де тұтқындауға ордер беріп қойған күні «Правда» газетінде «Амангелді» сценарийі жарық көріп, сыршыл суреткер аман қалған.