Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Елімізде бұл бағытта жүйелі саясат жүргізіліп, экологиялық ахуалды нығайту дамудың негізгі басымдығы ретінде қарастырылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Астанада өткен өңірлік экологиялық саммитте бұл саланың түйткілі тек климат мәселесімен ғана шектелмейтінін атап өтті.
Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесе ұйымдастырылған форумда: «Қазіргі экология тек климат мәселесімен шектелмейді. Бұл – адамзат тіршілігінің түп негізі. Яғни әңгіме таза ауа мен сапалы суға, бүлінбеген топырақ пен сенімді азық-түлік жүйесіне, қоғамның тұрақтылығына, ұрпақтың келешегіне қатысты болып отыр. Жалпы, ақыл-ойдың тұнықтығы, қоғамдағы үйлесім мен адами бақыт та осыған саяды. Ал экология дегеніміз – жер бетіндегі тіршілікке жауапкершілікпен қарайтын саналы өмір салты. Елдеріміз тұтас экожүйеде өмір сүреді. Өзен-көлдер де, табиғи ландшафтар да, климаттық қауіп-қатерлер де баршамызға ортақ. Ең бастысы, жауапкершілікті теңдей бөлісеміз. Орталық Азия мен көршілес аймақтар ұқсас экологиялық сын-қатерлерге тап болып отыр. Атап айтқанда: су тапшылығы мен су ресурстарын тиімсіз басқару, шөлейттену, мұздықтардың еруі, ауаның ластануы, биоалуантүрліліктің жойылу қаупі. Қазақстан экологиялық жауапкершілік мәселесіне заңнамалық деңгейде айрықша мән береді. Жаңа Конституциямызда қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалды», деді.
Ата заңның 31-бабында «Мемлекет адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды» деп жазылған. Қоршаған ортаны қорғауды әркім өзінен бастағаны жөн. Бұл тұрғыда еліміз экологиялық таза энергия өндірісін нығайтуды жіті қолға алды. Биоалуантүрлілікті бүлдіруге емес, керісінше, қорғап, табиғи қалпында сақтауға баса мән беріліп жатыр. Игерусіз қалып, тозуға айналған жерді тыңайтып, қалпына келтіру, су ресурстарын басқару жүйесіне реформа жүргізу, тіршілік нәрін үнемдеу саясатына көшу көзделген. Қоршаған ортаны қорғау мәселесінде өңірлік ынтымақтастықты нығайту да мақсат етілген. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бүгінде электр қуатының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 15 пайыздан аспақ. Қазба байлыққа бай елдердің бірі ретінде, оның ішінде мұнай мен газ қоры мол мемлекет ретінде көміртегісіз энергетиканы өрістетуді қолдаймыз. Бұл да – қоршаған ортаны қорғаудың бір тетігі. Жылу электр стансаларын «таза көмір» технологиясына көшірудегі мақсат та айқын – энергетикалық ірі нысандардан қоршаған ортаға тарайтын зиянды заттарды азайту.
Президент табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және «жасыл» даму моделіне көшу мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Президент тапсырмаларын іске асыру аясында Экология және табиғи ресурстар министрлігі бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырып жатыр. Мәліметтерге сүйенсек, былтыр еліміздегі ең ауқымды экологиялық бастамалардың бірі – елді мекендерге 15 млн ағаш егу жоспары толық орындалған. 2021–2025 жылдары республика көлемінде 18,1 млн-нан астам ағаш егілді. Бұл көгалдандыру шарасы ғана емес, өндіріс нысандары шоғырланған қалалардағы экологиялық ахуалды жақсартып, ауа сапасын арттыруға және халықтың қолайлы өмір сүруіне мүмкіндік берді. 2020 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы алдағы 5 жыл ішінде орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн түп ағаш отырғызуды тапсырған еді. Президент тапсырмасына сәйкес 2022 жылы 61,7 мың гектар аумаққа ағаш отырғызу жоспарланса, іс жүзінде 66 мың гектар аумаққа көшет егілді. Осылайша, жыл сайын жоспар межеден артық орындалып, көгалдандыру ісіне ерекше мән беріліп келеді.
Қашанда «жұмыла көтерген жүк жеңіл». Кейінгі жылдары жалпыұлттық үрдіске айналған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қоршаған ортаны қорғауда қуатты бастамаға айналды. Мәселен, былтыр акцияға 6,4 млн-нан астам азамат қатысып, 2,8 млн-ға жуық ағаш көшеті отырғызылды. 795,8 мың тонна қоқыс жиналып, мың гектардан астам аумақ тазартылды. Бұл – елдегі экологиялық мәдениеттің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанының айқын көрінісі. Алдағы кезеңде министрлік алдында бұдан да ауқымды міндет тұр. 2026 жылы 2 млрд ағаш отырғызу бағдарламасын жалғастыру, орман тұқымбақтарын кеңейту, орман өрттерін ерте анықтау жүйесін дамыту және экологиялық цифрландыруды күшейту жоспарланып отыр.
Былтыр экологиялық заңнаманы жетілдіру бағытында да маңызды шаралар іске асырылды. Атап айтқанда, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты жаңа заң қабылданды. Бұл құжат орман көміртегі офсеттерін дамытуға, орман өрттері кезіндегі ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге және туризм нысандарына инфрақұрылым тарту мәселелерін жүйелеуге мүмкіндік береді. Экологиялық кодекске енгізілген өзгерістер қоршаған ортаны қорғау шараларын қаржыландырудың жаңа тетіктерін қалыптастырды. Енді табиғатты қорғау іс-шаралары эмиссия төлемдерімен қатар, экологиялық талаптарды бұзғандардан өндірілетін айыппұлдар мен келтірілген залалды өтеу қаражаттары есебінен де жүргізіледі.
Қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату мақсатында 2025–2035 жылдарға арналған жаңа тұжырымдама бекітілді. Нәтижесінде қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыру, экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу және заманауи инфрақұрылымды дамыту көзделіп отыр. Алдағы уақытта Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыттарының құрылысы басталады. Жалпы, инвестиция көлемі 293,3 млрд теңгені құрайтын үш келісімге қол қойылды. Болашақта бұл кәсіпорындар Еуропалық өнеркәсіптік эмиссиялар стандарттарына сәйкес жұмыс істейді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қалдықтарды басқару жөніндегі жаңа тұжырымдамасы осы саладағы көптеген мәселені жүйелі түрде шешуге бағытталған. Қалдықтарды есепке алудың нақты болмауы, бірыңғай нормативтік-құқықтық базаның жоқтығы, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу деңгейінің төмендігі (25–26 пайыз), тағам және құрылыс қалдықтарын өңдеу инфрақұрылымының жеткіліксіздігі қайта өңдеуді экономикалық тұрғыдан тиімсіз етіп келді. Тұжырымдама негізінде радиоактивті қалдықтардан басқа барлық қалдықты толық өңдеу, өнеркәсіптік қалдықтарды қайталама айналымға тартуды 10 пайызға арттыру көзделген. Сондай-ақ коммуналдық қалдықтарды полигондарға жөнелту көлемін кемінде 10 пайызға азайту жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмалары аясында әзірленген құжаттың негізгі миссиясы – қоршаған ортаны қорғау. Қуанарлығы, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін азайту бағытында нақты нәтижелер бар. Ірі кәсіпорындардағы зиянды шығарындылар көлемі 148 мың тоннаға, яғни 6 пайызға төмендеді. Сонымен қатар 91 ірі кәсіпорынның 78-і автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйесін енгізді. Бұл эмиссияларды нақты уақыт режімінде бақылауға мүмкіндік береді.
Цифрландыру бағытында да маңызды жұмыс атқарылды. Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың ұлттық деректер базасы платформасы әзірленді. «Tabigat.gov.kz» интерактивті картасы іске қосылып, орман кесу, стихиялық қоқыс орындары мен табиғи ресурстарды пайдалану үдерістерін ғарыштық мониторинг арқылы бақылау мүмкіндігі енгізілді. Сондай-ақ су тасқынын болжауға арналған «Tasqyn» ақпараттық жүйесі жетілдіріліп, экологиялық мәселелер бойынша тұрғындармен жедел байланыс орнатуға мүмкіндік беретін «TazaQazBot» Telegram-чат-боты кеңінен қолданылып келеді.
Орман және жануарлар дүниесін қорғау бағытында да бірқатар маңызды шаралар қабылданды. Жамбыл облысында жалпы аумағы 74,8 мың гектарды құрайтын «Мерке» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі құрылды. Елімізге тағы 7 бас Пржевальский жылқысы әкелініп, табиғи ортаға 66 бас құлан қайта жіберілді. Сонымен қатар «Арал орманы» резерватын құру, «Жасыл белдеу» мекемесін қалыптастыру, қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығын ашу, жолбарысты тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру бағдарламасы жалғасып, елімізге тағы 8 бас әкелу жоспарланған. Ресей Федерациясымен бірлескен жоспар аясында 4 жолбарыс жеткізілді.
Былтырдан бастап Каспий теңізінің экожүйесін зерттеу және қорғау бағытында Қазақ Каспий теңізі ғылыми зерттеу институты жұмысын бастады. Сонымен қатар еліміз Жасыл климаттық қордың аккредитациясынан өтіп, халықаралық «жасыл» қаржыландыру мүмкіндігіне жол ашты.
Тілсіз жау өрттен сақтану шаралары да күшейтіліп келеді. Министрліктің мәліметінше, орман және табиғатты қорғау мекемелеріне 355 бірлік арнайы техника сатып алынды. Бұдан бөлек, кәдеге жарату алымдары есебінен қосымша 35 млрд теңге бөлініп, 1052 бірлік өрт сөндіру техникасымен толықтыру көзделіп отыр. Бүгінде 66 өрт сөндіру автокөлігі, 162 шағын орман өрт сөндіру кешені, 71 трактор жеткізілді. Қалған техникалар жыл соңына дейін алынбақ.
Табиғатты қорғау, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – қашанда маңызды міндет.