Талбесік • Бүгін, 09:40

Алматыда сирек өсімдіктер қоры жасалады

5 мин
оқу үшін

Алматының Ботаникалық бағы бұған дейін де кез келген жерден кездесе бермейтін сирек өсімдіктерге бай болатын. Алайда бақты қайта жаңарту жұмыстары оның тынысын ашып, бүгінде тұрғындар мен қала қонақтары жиі келетін тыныштық пен табиғат мекеніне айналып келеді.

Алматыда сирек өсімдіктер қоры жасалады

Мәселен, 2020 жылдан бері баққа үш миллионнан астам адам келген болса, былтырдың өзінде келушілер саны 600 мыңға жуықтаған. Жұрт бұл жерге тек серуендеу үшін ғана емес, сирек өсімдіктерді тамашалап, көрмелерге, дәрістер мен кон­церт­терге қатысу, сондай-ақ қала­ның қақ ортасындағы табиғат аралында тынығу үшін де келеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг барысында бақтың ғылыми қызметкерлері сирек коллекция­лар, оранжереяны жаңғырту жұмысы және алдағы жоспарлар туралы айтып берді.

Қазір Бас ботаникалық бақтың қорында өсімдіктердің 5 мыңнан астам түрі, формасы мен сұрпы бар. Олар 14 коллекциялық учаске мен экспозицияда орналасқан. Мұндағы ең ерекше өсімдіктер­дің бірі – Халықаралық «Қызыл кітапқа» енген көне метасеквойя. Динозаврлар дәуірінен бері сақталып келген бұл ағаш Орталық Қытайдың таулы аймақ­тарында ғана өседі. Қылқан жапы­рақты болғанымен, оның жұмсақ қылқандары мен ұсақ бұтақтары қыс мезгілінде түсіп қалады.

– Мұнда келгендер Алматыда метасеквойя өсіп тұрғанын біл­генде қатты таңғалады. Бұл ағаш Қытайдың жекелеген аймақ­тарында ғана сақталған. Біз мұндай өсімдіктерді көп­шілікке көрсетіп қана қоймай, оларды болашақ ұрпаққа сақтап қа­луымыз керек. Ботани­ка­лық бақ­тың бүгінгі басты міндет­тері­нің бірі де осы, – деді дендрология зертханасының ғылыми қыз­меткері Светлана Набиева.

Көктемде келушілердің ерекше назарын аударатын тағы бір өсімдік – жапырақты афлатуния. Сәуірдің соңы мен мамырдың басында ағаш қалың гүлге оранып, гүлдеу кезеңі екі жарым аптаға дейін созылады. Бұл өсімдік Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген, жойылып кету қаупі бар түрлер қатарына жатады. Сонымен қатар ботаникалық бақта өткен ғасырдың 30–40-жылдары отырғызылған, Қызыл кітапқа енген сағақты емендер аллеясы да сақталған.

«Альпинарий» учаскесінде елімізде сирек кездесетін гүлді-сәндік және эндемикалық өсім­діктер жинақталған. Мұнда 280 түр өседі, олардың 32-сі сирек кездесетін өсімдіктер санатына кіреді. Олардың қатарында Алатау бәйшешегі, еліміздегі ең ерекше қызғалдақтардың бірі саналатын Регель қызғалдағы, сондай-ақ Грейг пен Альберт қызғалдағы бар.

– Көпшілік ботаникалық бақ­қа сирек өсімдіктердің гүлде­ген шағын көру үшін келеді. Көк­темде келушілер өзіміздің қыз­ғал­дақтар мен басқа да энде­мика­лық өсімдіктерді тамашалай­ды. Әрқайсысы сиреп бара жатқан өсімдіктерді өз көзімен көргісі келеді. Біз оларды сақтап қана қой­май, барынша көп адамға таныс­тыруға тырысамыз, – деді дендрология зертханасы­ның ғылыми қызметкері Ботагөз Билібаева.

Ботаникалық бақ жаңа коллекциялар мен экспозиция­ларды дамыту жұмыстарын жал­ғастырып жатыр. Алдағы жос­парлар қатарында реликті өсім­діктер учаскесін құру, сәндік гүлдейтін бұталар коллекциясын қалыптастыру, шырмалып өсетін өсімдіктер учаскесін қайта жаңарту бар. Сонымен қатар мамандар «Арқалан» петроглифтер паркінде дала шөптерінің коллекциясын жасақтап жатыр.

Брифинг барысында мамандар оранжереяның жай-күйіне де арнайы тоқталды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, құжат жаңа нормативтік талаптарға сәй­кес­­тендіріліп, мемлекеттік сарап­­та­мадан өткізіледі. Сарап­тама аяқталғаннан кейін реконструкция жұмысы басталады.

Экология және табиғи ресурс­тар министрлігінің қолдауы­­мен «Ботаникалық бақ достары қоры» жеке қоры құрылып, тір­келді. Қаржыландыру көздері де айқын­далып, жаңарту жұ­мыс­ын ­аяқ­­­тау үшін қорға қа­жетті қаражат бөлініп жатыр. Оран­жереяны 2027 жылдың шілде айында пайдалануға беру жоспарланған.

Реконструкцияға дайындық барысында ботаникалық бақ қызметкерлері өсімдіктер коллекциясын сақтап қалу үшін бар күш-жігерін жұмсауда. Коллекцияның бір бөлігі жылыжайға көшірілген. Олардың қатарында шағын көлемді өсімдіктер де бар.

– Оранжереядағы барлық өсім­­дікті барынша сақтап қа­луға тырыстық. Көшіруге болатын түрлердің бәрі қазіргі жылы­жайға орналастырылды. Жөн­деу жұмыстары аяқталғаннан кейін бұрынғы коллекцияларды қысқа мерзімде қалпына келті­ріп, оларды жаңа өсімдіктермен толықтыруды жоспарлап отырмыз. Жаңартылған оранжерея келушілер үшін бұрынғыдан да қызықты болады деп сенеміз, – деді Светлана Набиева.

Ботаникалық баққа деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Тек 2025 жылдың өзінде мұнда 593 326 адам келген. Олардың шамамен 30 пайызы – мектеп оқушылары мен студенттер. Сонымен қатар өткен жылы бақты 30 мыңға жуық шетелдік турист тамашалаған.

Бүгінде Ботаникалық бақ әлдеқашан жай ғана серуендейтін орын болудан қалып, дәрістер, көрмелер, экологиялық фестивальдар, волонтерлік бағдарла­малар және классикалық музыка концерттері тұрақты түрде өткізілетін мәдени-танымдық орталыққа айналып келеді.

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Берлинде бас қосқандар

Таным • Бүгін, 11:18

Ұшақ қонатын күн алыс емес

Аймақтар • Бүгін, 11:17

Жалғыздықты жеңген мейірім

Аймақтар • Бүгін, 11:14

Елдос татамиге оралады

Спорт • Бүгін, 11:08

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 11:05