Ұлтты жігерлендіру, батырлық пафос, жаңалыққа ұмтылу ұлы революциялық жырларда тамаша көрініс тапқан. Бізге намысын найзасына қайраған зар заман ақындары, оның ұшар басындағы өр Махамбеттің асқақ болмысы елестейді. Олардың көпшілігі шын мәнінде халық рухына айналды, уақытпен бірге түрленіп, жадына сіңді. Небір термелер, жанына байыз таптырмайтын жасампаз жырлар, кешегі Желтоқсан оқиғасындағы «Қара бауыр қасқалдақ» әні секілді халықтың ішкі сеніміне тіреу болған, идеялық тұрғыдан терең туындылар өмірге келді. Біз бүгін осы мақаламызда тарихта айшықті із қалдырған, француз революциясының жемісі «Марсельеза» шығармасы жайында аз-кем әңгіме өрбітпекпіз. Ұлы туындылардың қоғам санасында булығып-буырқанған сәті қашанда бір ғажаптың бастауы іспетті көрінеді.
Бірінші француз революция әлемге алғашқы ұлы революциялық әнді сыйлады. Оның нақты авторы болғанымен, «Марсельезаны» тарихтың өзі жазған деп баға берсек болатындай. Тіпті оны орыс ақыны Владимир Маяковский:
«Дауылдағы он шақты жүк тиелген баржалар сияқты,
Баррикадалардың үстінде,
Қалқиды шуылдаған Марсель маршы...» деп қызыға жырлайтыны бар. Ол ол ма, атақты мүсінші Француа Рюдтің Париждегі Жұлдыздар алаңындағы биік рельефті «Марсельез» (1833-36) мүсінін ауыз толтырып айтуға болады. Ерекше туынды елдікке ұмтылған елдің еркіндігінің еншісіндей.
Алайда бастапқыда ән мүлдем басқаша аталды, өйткені ол Марсельде емес, Страсбургте дүниеге келген еді. Дәл сол жерде 1792 жылы сәуірде Солтүстік Рейн армиясы жас Француз Республикасына қауіп төндірген Аустрия мен Пруссия әскерлеріне тойтарыс беру үшін жиналды. Страсбург мэрі Фредерик Дитрих Рейн армиясын шабыттандыратын жауынгерлік ән жазуды қалады. Бұл ұсыныспен ол бекіністерді салудан бос уақытында музыка ойнауды жақсы көретін капитан Клод Джозеф Руже де Лислге жүгінді.
Сол елең-алаң кезеңде айналадағы ауа патриоттық сезімге толы болды, ал Руже де Лисл оларды шабыттандырғаны сонша, бір түнде якобиндерді шақырған плакатта: «Қаруға азаматтар! Отанға қауіп төніп тұр! Тәжі бар деспоттар дірілдей берсін! Ақырғы деміміз қалғанша азат халық болып, бүкіл адамзат игілігі жолындағы бар ұмтылысымызға бағыт-бағдар берейік!» деп жазылды. Бұл азаттықты аңсаған, жаңа өзгерістерге қадам басуды қалаған халықтың намысын әлдилей түсті.
Жазушы Стефан Цвейг «Бір түннің данышпаны» кітабында осы беймаза шақты былайша суреттейді: «Капитанның тағдыры бір түннің ішінде өзгерді. Оған өлмейтіндердің ағасы болуды тапсырды. Көшеден және газеттерден терілген ұрандардан және дайын сөз тіркестерінен құралған әннің алғашқы екі жолы оған сұмдық серпін берді. Творчестволық ойдың нәтижесінде тағы бір шумақ пайда болды. Оның сөздері де мәңгілік әуенмен үндесіп жатты.
Алға, иық тіресе!
Отан үшін біздерде бағыт бар дүр,
Алға, қымбатты бостандық,
Бізді қайта-қайта шабыттандыр».
Келесі күні-ақ ән жарыққа шықты, бірақ олар ойлағандай ерекше толқу тудырмады. Дегенмен ұлы шығарма Францияның оңтүстігі Марсельде екінші рет жаңа кейіпте дүние есігін ашты. Тіпті онда Отан қорғауға сақшылар да жиналды. Шеруде еріктілердің бірі, медицина факультетінің студенті Франсуа авторын ешкім білмесе де, баршаға ессіз ұнайтын әнді қайта-қайта шырқады. Ән бірден хитке айналды, көп ұзамай оны Марсель отряды жауынгерлік мотивпен орындап, Париж көшелерімен жүрді. Осылайша, «Марсель әні», яки «Марсельеза» астананы басына көтерді. Ал 1792 жылы 10 тамызда «Марсельезамен» рухтанған француз әскерлері Тюильри патша сарайына басып кірді.
Қараңызшы, әннің шын авторы Ружер де Лислдің саяси көзқарасы өз әрекетіне мүлде қарама-қайшы болған екен. Ол негізінен монархияға бет бұруды қалаған жан еді. Соған қарамастан Францияға адал болуға ант беріп, Наполеон жеңілгеннен кейін тағына қайта оралған Людовик XVIII ұнамды болуға тырысқан. Бірақ түптін түбінде кедейліктен қайтыс болды. Ең өкініштісі, осы әнге тапсырыс берген Барон Дитрих революционерлер қолынан қаза тапты.
Десе де тарих өз әділдігін жасады. 1795 жылы шілдеде Конвенцияның депутаты Жан Делри былай деп мәлімдеді: «... Мен Марсельдің мәңгілік даңқты әнұранын бүгінгі хаттамаға толығымен енгізуді және әскери комитетке оны орындауға бұйрық беруді ұсынамын. Марсель әнұранының авторы Руж де Лислдің есімін құрметпен енгізуді тапсырамын» деп хаттамаға бекітті. Сөйтіп «Марсельеза» туындысы патриоттық сезімге толы революцияның ажырамас бөлігі атанды.
Аталған ән 1830 жылғы шілде революциясының баррикадаларында және 1871 жылғы Париж коммунасы кезінде тыңдалды. Оған үнемі мемлекет тарапынан тыйым салынып отырды, кейін қайтадан рұқсат етілді. Кейде тіпті оны революциялық рухтан тазартуға тырысты. Сондықтан франко-пруссия соғысы басталғанда оның мәтіні бүгінгі күннің тақырыбына сәйкес өзгертілді: «Біз шеруге шықтық, прусстарды жеңу үшін Рейн жағасына барамыз» деген сөздермен әрленді. Бірақ уақыт әділ болуға тырысқандай, 1879 жылы «Марсельеза» ақыры Француз Республикасының мемлекеттік әнұраны болып жарияланды. Міне, революцияның нәтижесі.
Енді қызықты қараңыз, рас, бұл ән әнұранға тым ауырлау естіледі. Тым агрессивті һәм және милитаристі. Оның үстіне басқа елдердің монархтары қатысатын халықаралық салтанаттарда революциялық әнді қалай орындауға болады? Бірақ бұған француздар бас қатырмады да. «Патшалар осы ән кезінде бас киімін шешу керек пе?» деп сұрағанда: «Әр патша Марсельеза орындалғанда басын емес, бас киімін ғана шешетініне қуануы керек» деп әзілдеді.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Уақытша үкімет Марсельезаны ұлттық әнұран етті. Мүмкін бұл дәстүр Қазан төңкерісінен кейін де сақталып қалар ма еді, егер әннің лайықты қарсыласы болмағанда. Қарт тарихтың қай қылығы есте қалады дейсіз. Осы әннің желісімен 1942 жылы «Касабланка» кинокартинасы да түсірілді. Мұның бәрі отансүйгіш ұлттың демократияға ұмтылуы ғана емес, халықшыл басшыны аңсаудан туған арманшыл мұраты еді. Революциядан эволюцияға бағыт-бағдар осылай жасалса керек…