Экология • 04 Мамыр, 2022

Қақпақ өмір сыйлайды

575 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қоқысқа тастай салатын қақпақ біреудің өмірін сақтап қалатынын білесіз бе? Кәдімгі бөтелкенің пластмасса қақпағы қатерлі ісікке шалдыққан балаларға өмір сыйласа, екінші жағынан табиғатты аз да болса тазартуға септеседі. Жуықта кітапхана қабырғасынан ашылған «Жасыл үйде» қақпақ жинау акциясы басталған.

Қақпақ өмір сыйлайды

Қазақстан көлемінде қолға алынған қайырымдылық шарасынан өскемендіктер де тыс қалған жоқ. «Щербаковтың жасыл үйінде» жиналып жатқан қақпақтарды волонтерлер қайта өңдеуге жібереді. Ал қақпақтарды қабылдап алған зауыт өкілдері төленуі тиіс қаржыны қатерлі ісікке шалдыққан балалардың шотына аударады екен. Рас, ақшалай көмек көрсете алмасаңыз, қақпақ өткізіп, науқас балаларға өмір сыйлаңыз. Көшеден жинамай-ақ, күнделікті тұтынған шырынның, сүттің босаған құтыларының қақпақтарын жеке ыдысқа салып, толған кезде «Жасыл үйге» апарып өткізуге әбден болады. Алайда бір ғана жерге жинақталмай, қала мектептері де қайырымдылық шарасына қолдау көрсетсе, құба құп болар ма еді. Мектептер ғана емес, мүмкіндігі бар мекемелердің барлығы ат салысса артық болмас.

– Үйде ыдысқа бөтелкелердің қақпақтарын жинақтап отырамыз. Толған кезде осы кітапханаға, «Жа­сыл үйге» алып келіп өткі­земіз. Осы акция мектебімізде қолға алынса, әр оқушы апарып өт­кізер ме еді, – дейді 7 сынып оқу­шысы Айлин Дәурен.

Иә, кітапхана қызметкерлері де қақпақ жинайтын нүктелерді көбейту керегін айтады. Бұл акция көршілес мемлекеттерде бұрыннан жүргізіліп келеді екен. Ендеше, қарапайым ғана қақпақ жинап, неге қайырымдылық жа­самасқа?!