13 Сәуір, 2014

Хакасия парламентінің төрағасы Қазақстаннан кешірім сұрады

311 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

00-00-shtygashov-1

Ресей Федерациясындағы Хакасия парламентінің төрағасы Владимир Штыгашев Қазақстан халқы тарапынан түсініспеушілік туғызған өзінің  ЖК Президиумындағы айтқан сөздеріне қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады. Еске сала кетейік, жергілікті басылымдардың бірі Жоғары кеңес төрағасының мына бір сөзін келтірген болатын: «Шығыс Қазақстан облысы, немесе кенді Алтай. Кенді Алтай әр кезде де Ресей құрамында болған. Қазақстанның өз жері негізі аз еді. Осы жерді беру жөнінде шешім қабылданды, сол кезде өтіп кеткен... Біз Қазақстанға  5 облысты бердік...». Парламент баспасөз қызметі оның сөздерінде ешқандай саяси астар болмағандығын айтып сендіруге тырысты. Енді Штыгашев бұл мәселеге қатысты өзінің жеке пікірін білдіріп отыр. Оның мәлімдемесін Хакасия басшысының әкімшілігі таратты: «Жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары таратқан менің бірқатар пікірлерім екіұшты түсінік қалыптастырғанына өкініштімін. Мен тату-тәтті әрі көпұлтты ұжымы бар балалар үйінде тәрбиелендім. Ол соғыстан кейінгі уақыт болатын. Содан бері көптеген өзге ұлтты достарыммен әлі күнге дейін қарым-қатынасымды үзген жоқпын. Біз ортақ тіл табысып, бір-біріміздің дәстүрімізді және түпкі шыққан ұлтымызды құрметтедік. Ресей империясының, кейін КСРО-ның шекарасы қалай өзгергендігі туралы тарихи тұрғыдағы ой-пікірлерім осындай оғаш қабылданғанына қатты таңқаламын. Ешбір мемлекетке, соның ішінде Қазақстанға тарихи құқық пен аумақтық наразылық туралы ешқашан айтқан емеспін. Олар біздің көрші, біздің досымыз және әріптесіміз. Менің сөздерім ел арасында түсініксіздік туғызып, бауырлас халқымыздың көңіліне қаяу түсіргені мені қатты қынжылтады. Егер мен өзімнің сөздеріммен біреуді лажсыз ренжітсем, шын көңіліммен кешірім сұраймын». Сәкен Майлыбай. Дереккөз: ҚазАқпарат.