Агенттік екі қаулының жобасын ұсынып отыр. Алғашқысы – «Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін бекіту туралы». Қаулы аясында банктер үшін қамтамасыз етілмеген қарыздар, кепілмен қамтамасыз етілген қарыздар және ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті мөлшерлемесін жеке айқындау үшін бірыңғай формуланы енгізу көзделіп отыр.
Бұдан былай жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін анықтау үшін қорландыру құны, несие тәуекелінің деңгейі, операциялық шығындар, пайыздық маржа секілді экономикалық факторлар ескеріліп, соның нәтижесінде банк қарызы бойынша ЖТСМ-ның шекті мөлшері бекітіледі.
Екінші қаулы – микрокредиттер бойынша сыйақының шекті номиналды мөлшерлемесін белгілеуге қатысты. Қаулының жобасы Микроқаржылық қызмет туралы заңның 4-бабының 3-1-тармағына сәйкес әзірленген және 50 АЕК-ке дейінгі сомаға және 45 күнге дейінгі мерзімде берілетін микрокредиттер бойынша сыйақының шекті номиналды мөлшерлемесін 5,5 пайыз деңгейінде белгілеуді көздейді.
Қазір банктер мен микроқаржылық ұйымдардың несиесі бойынша ең жоғары шекті жылдық тиімді мөлшерлеме 56 пайызды құрайды. Бұл ретте онлайн микрокредиттер бойынша 45 күнге дейін және 50 АЕК-тен аспайтын мерзімге 25 пайыз мөлшерінде шекті номиналды мөлшерлеме қолданылады.
Қаулы мәтінінен аңғарғанымыз, егер ұсыныс жүзеге асса, онда микронесие бойынша сыйақының шекті номиналды мөлшерлемесі 4,5 есе төмендейді, яғни несие де 4,5 есе арзан бола түседі. Алайда бұл тек 45 күндік несие үшін. Егер микронесиені бір жылға берер болса, онда ставка басқаша есептеледі: 12 (бір жыл) : 1,5 (бір жарым ай) = 8. Осы 8-ді ұсынылып отырған 5,5%-ға көбейтеміз, сонда 44% болады. Бұл 44% – жылдық ставка.
«Осыған байланысты сыйақының шекті номиналды мөлшерлемесінің ұсынылып отырған мәні банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша ЖТСМ ең жоғары шекті мәндерін біріздендіруге мүмкіндік береді», деп хабарлайды агенттік.
Жоба бірінші кезекте азаматтардың банктік қарыздар және микронесиелер бойынша құқықтарын қорғау үшін қолға алынып отыр, делінеді агенттік мәлімдемесінде. Жоба аясында Ұлттық банктің 2019 жылғы 26 қарашадағы №209 қаулысына өзгеріс енгізілмек.
Жоғарыдағы сірескен мәтіндерді қарапайым тілге айналдырар болсақ, ендігі кезекте ЖТСМ банк секторының сапасына байланысты белгіленбек.
«Меніңше, ұсынылған тәсіл жеткілікті объективті және қолданысы өте қарапайым. Бірақ банктердің пайыздық табысынан айырылуы мүмкін болғандықтан қаулы жобасы банк лоббилері тарапынан қарсылыққа ұшырауы ықтимал. Нарықта белсенді ойыншылардың азайғанын ескеретін болсақ, бәсекенің төмендеуіне байланысты банктерде портфель сапасын жақсартуға қатысты ынта жоғалады. Дегенмен қадағалаушы мейлінше қатал әрекет етіп, банктердің мемлекетке алақан жаюының жолын кесуі керек деп есептеймін», дейді сарапшы Берік Бейсенбеков.
Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаевтың айтуынша, қазір ипотекалық несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 25 пайыз. Бұл өте көп.
«Мұндай пайыздық ставканы төлеуге біздің халықтың қалтасы көтермейді. Жарайды 25 пайызыңыз номиналды мөлшерлемеде – 18-20 пайыз көлемінде болар. Мұның өзі көп. Егер бізде пайыздық ставканы төмендете алмаса (бәрі базалық ставкаға байланып тұр деп), онда тұрғын үй нарығын қатаң бақылауға алу қажет. Ал мемлекет құрылыс компанияларын бағаны өсірмеуге көндіре алмайтын болса, онда ставканы төмендетуге тура келеді. Мәселен, кез келген бағдарлама арқылы банкке барып ипотека рәсімдегіңіз келеді. Жарайды, олар номиналды ставканы (барлық шығынды қоса алғанда) 18-19-дан асырмас. Соның өзінде бұл біз үшін қымбат. Егер бізде баспана арзан болса, мұндай пайызға шағымданбасақ та болар еді. Бірақ бізде үй де қымбат, ставка да жоғары. Сонда сіз бүкіл табысыңызды қосқанда ай сайынғы төлемін әрең жабуыңыз мүмкін. Ал егер борыштық жүктеме коэффициенті ережесін (ай сайынғы төлем клиент табысының 50 пайызынан аспауы керек – ред.) сақтайтын болса, онда жағдайыңыз тіпті қиын – сізге кепіл болатын қосалқы қарыз алушы іздеп кетесіз», дейді сарапшы.
ЖТСМ дегеніміздің өзі – несие төленетін мерзім кезіндегі клиенттің банкке төлейтін барлық сомасының жиынтығы. Оған сыйақы мөлшерлемесінен бөлек комиссия, сақтандыру, бағалау, делдалдар қызметі және кредитордың басқа да төлемдері кіреді. Егер банк, МҚҰ немесе басқа қаржылық ұйымдары бұл ставканы көтеретін болса, онда заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Мөлшерлеме беріліп отырған займ сомасы мен мерзіміне байланысты белгілі болады. Қай жағдайда да банк (сондай-ақ МҚҰ, өзге де қаржы ұйымдары) бекітетін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56 пайыздан асып кетпеуі керек.
ЖТСМ мәселесі неліктен көтеріліп отыр? Бұған жауап беру үшін, алдымен ел азаматтарының несие жүгі тым ауырлап бара жатқанына тоқталған абзал.
Бірінші несие бюросының мәліметінше, жыл басынан бері тұтынушылық несиелеу 124 млрд теңгеге өскен. Қазақстандықтар қаңтарда – 425, ақпанда – 644, наурызда 549,4 млрд теңге несие рәсімдеген. Бұл өз кезегінде төлем қабілетінің әлсіреу тәуекелін де жоғарылатып отыр. Мемлекет азаматтарды несие қиындығынан құтқару үшін «жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын әзірлеуді қолға алған еді. Сондықтан негізгі заңнамалық өзгеріс екі маңызды бағыт бойынша жүруі керек дейді сарапшылар. Оның бірі – ЖТСМ-ді есептеу формуласы және қарыз алушының қарыз жүктемесінің коэффициенті. Қазіргі сәтте ЖТСМ есептемесіне тек сақтандыру сыйлықақысы ғана енгізілген. Ал қарыз беру кезінде клиент төлеуге тиісті банктің өзге де шығындары бұл ставка ішіне кірмеген. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ЖТСМ есептеу формуласына займ беру кезінде төленетін бүкіл шығындар кіруі керек деп санайды. Бұл бұлт артынан күн шыққандай етіп, займ беру ісіндегі күңгірт, бұлдыр әрекеттер мен шығындардың көзін жояды. Ал жоғарыда бұл шешімнен кейін банктердің тулауы мүмкін деп отырғанымыз – ЖТСМ-ға бүкіл шығын біткенді қосақтау банктердің пайыздық табысының төмендеуіне әкеліп соғуы ықтимал.
2022 жылдың қаңтарындағы дерекке сүйенсек, екінші деңгейлі банктердің несие портфеліндегі тұтынушылық несие үлесі 30 пайызға жеткен.