Отырысқа мемлекеттік органдардың өкілдері, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» сарапшылары қатысты. Эксперттік клубтың қатысушылары референдумның Жаңа Қазақстанды құрудағы негізгі рөлін талқылады. Сондай-ақ дауыс беру қорытындылары елдегі қоғамдық-саяси жағдайға қалай әсер ететініне талдау жасады.
Іс-шараны жүргізген «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Самат Нұртаза республикалық референдумға толыққанды дайындық басталатынын атап өтті.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев 1995 жылдан бері Конституцияға бірнеше мәрте өзгеріс енгізілгеніне тоқталды. Оның айтуынша, жаңадан ұсынылып отырған өзгерістер Ата Заңдағы кей баптарды нақтылау емес. Керісінше Парламенттің, саяси партиялардың, сонымен қатар азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға бағытталған үлкен реформа болмақ.
«Фундаменталды өзгерістер енгізілмек. Бұл аса маңызды іс деп есептеймін. Сол себепті референдумның болғаны халықтың саяси мәдениетін арттыруға септеседі. Тәуелсіз елдің жаңа ұрпақтары өсті. Олар үшін Конституцияға өзгерістерге өзінің үлесін, одан бөлек өзінің ұсыныстарын беру мүмкіндігін айқындау қазіргі таңда өте өзекті. Бұл саяси реформаларды өзгертуде референдумның енгізілуі – қоғамдағы саяси-мәдениетті көтеруге, азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға, сонымен қатар саяси аренада көптеген өзгерістер әкелетін бастама», деді Е.Бейсенбаев.
Сенат аппараты басшысының орынбасары Максим Споткай өз сөзінде бұл референдумның өзгеше болатынына сенім білдірді. Оның айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде туғандар тұңғыш рет осындай үлкен саяси мәселеге араласпақ.
«Кейбір баптарға ғана емес, Конституцияның әрбір үшінші бабы өзгеріске ұшырайды. Бұл – ауқымды жұмыс, ауқымды реформа деп айтуға толық негіз бар. Сондықтан Президент осы реформа, осы толықтырулар мен өзгерістерді тек Парламент арқылы емес, жалпыұлттық референдум арқылы енгізуді ұсынып отыр. Бұл – өте маңызды саяси шешімдердің бірі. Жалпы, Жаңа Қазақстан қағидасы – жоғарыдан түскен саяси инновация емес. Бұл – шынымен де халқымыздың қиындықтан өткенін, қайғылы қаңтар оқиғасының тікелей нәтижесі деп айта аламыз. Сондықтан әділ, демократиялық Қазақстанды құру – биліктің ғана емес, халықтың қажеттілігі, уақыт талабы», деді М.Споткай.
Спикердің сөзіне сүйенсек, нақты бағыттар саяси жүйені демократияландыру, суперпрезиденттік формадан, ықпалды Парламенті бар жүйеге көшуді қамтиды. Саялау жүйесін жетілдіру, мәслихаттардың рөлін арттыру да маңызға ие болмақ.
Amanat партиясы қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы, саясаттанушы Ерлан Ахмеди де Жаңа Қазақстан үшін референдум өткізудің маңызына екпін берді.
«Жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру барысында, азаматтар тікелей ерік білдіру арқылы мемлекеттік құрылыстың маңызды мәселелері бойынша дауыс берген кезде тікелей демократия құралдарын пайдалану қажет. Мен әлемдегі ең дамыған он елдің қатарында болатын демократиялық бәсекелі мемлекет құра аламыз деп санаймын. Саяси реформаларсыз, мықты институттарсыз мемлекет ешқашан табысты болмайды», деп қорытындылады спикер.
«ҚҚДИ» КеАҚ Стратегиялық талдау тобының жетекшісі Ләззат Нұрқатова Президенттің Конституцияға түзетулері бойынша республикалық референдум өткізу туралы ұсынысын қолдады. Оның айтуынша, бұл елдің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын айтарлықтай өзгертуге мүмкіндік береді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі барлық саяси жүйені түбегейлі өзгертуге кірісті. Біз күшті парламенті бар президенттік республиканың табалдырығында тұрмыз. Мемлекет басшысы айтқандай: «Біз әртүрліміз – біз теңбіз» қағидаты саяси жаңғырудың іргелі компоненті деген пікірді ұстанамыз». Саяси жүйе мен ел өмірін жаппай либерализациялау басталды. Мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың өзге де моделі құрылады. Бұлар Ата Заңның жаңа редакциясында айқындалатын болады. Халықтың өзі Референдум арқылы таңдау жасауы дұрыс», деді Л.Нұрқатова.