14 Сәуір, 2014

Софияда бокстан жастар арасындағы чемпионат басталды

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

14-04-14-box-world-1

Бүгін, 14 сәуір күні Болгарияның астанасы София қаласында бокстан жігіттер мен қыздардың жастар арасындағы әлем чемпионаты басталды. Бұл туралы ВКонтакте әлеуметтік желісіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Чемпионатқа әлемнің 90 елінен 522 боксшы қатысқалы отыр. Олардың арасында Қазақстанның командасы да бар. Мұнда біздің еліміздің намысын 10 жігіт, 3 қыз қорғамақшы. Бұл екі команданың да сайысқа толық құраммен қатысатынын көрсетеді. Біріншілікте сондай-ақ Әзербайжан, Ұлыбритания, Венгрия, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Украина, АҚШ және Өзбекстан құрамалары толық құрамдарында өнер көрсетеді. Ал қыздар арасындағы бәсекеде бірден 20 елдің командасы барлық үш салмақ бойынша өнер көрсетеді. Мұның өзі де рекорд болып табылады. Бұған осы чемпионаттың бір жағы лицензиялық болғалы тұрғаны да оң әсер еткен сияқты. Ол биылғы жылғы тамыз айында Қытайдың Нанкин қаласында өтетін Екінші Жастар Олимпиялық ойындарына жолдама да алып береді. Өткен жылғы жастар чемпионатында Қазақстан құрамасы жалғыз қола медальды қанағат тұтуға мәжбүр болып еді. Оны 75 килоға дейінгі салмақтағы Дәулет Байғабатов жеңіп алды. Ал биылғы жылы Ғалымбек Кенжебаев жетекшілік ететін жастар құрамасы көрсеткішті жақсартуды жоспарлап отыр. Команда құрамында Азияның жасөспірімдер арасындағы екі, жастар арасындағы қазіргі бес чемпионы бар. Чемпионат қазір басталып та кетті. Оның күндзгі сессиясы Астана уақытымен 18:00-де, кешкі сессиясы 22:30-да жүреді. Осы кезге дейін қазақстандықтар сапынан 52 килоға дейінгі Оразхан Ергеш шығып, итальян Винченцо Колелланы 3:0 етіп ұтты. Бүгін бізден шаршы алаңға ешкім шықпайды. Ал ертең 56 килодағы Сұлтан Зәуірбек бутандық Тшеринг Самдруппен, 60 килодағы Абылайхан Жүсіпов АҚШ өкілі Очоас Исидромен қолғап түйістіреді. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: egemen.kz. Фото: egemen.kz.