Елорда • 05 Мамыр, 2022

Балаларға шапағатшы шаһар

506 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өскелең ұрпақтың өресі биік, өмірі жарқын болуы үшін мемлекет тарапынан шарапатты іс-шаралар атқарылып жатыр. Бүгінгі балдырғандардың бақытты балалық шағына баса назар аударатын бас қаламызда да елеулі істер жолға қойылған.

Балаларға шапағатшы шаһар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға ерекше көңіл бөлу керек екенін жет­кізіп, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. «Балалар – мемлекетіміздің жар­қын болашағының кепілі. Сон­дық­тан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақ­­ты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық ш­а­ғы – біздің жалпыұлттық мін­де­тіміз», дейді Президент.

Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Балалар жылы қалай атап өтіледі? Қандай және қан­ша іс-шара жоспарланған деген сұрақты қалалық білім басқар­ма­сына қойдық.

Бүгінгі таңда елордалық бі­лім басқармасы балалар жылы ая­сын­да өткізілетін 7 бөлімнен тұ­ра­тын 100-ден аса іс-шараны қам­титын қалалық жоспарды әзір­­леп бекітті. Олардың ішінде «Білімді бала», «Отбасы – қа­уіп­сіз мекен», «Дені сау бала», «Жетім­сіз ел», «Жайлы мекен», BALA QORǴAÝ, BALA_TIME.KZ сияқты жобалар бар екен. Жақында елорданың тө­рін­де «Роза Бағланова атын­да­ғы «Қазақконцерт» мем­ле­­кеттік концерттік залында балалар жылына орай ұйым­дас­тырылған балалар мен жасөс­пірімдерге арналған ең ауқым­ды жоба – «Шаттық-2022» бай­қа­уы ұйымдастырылды. Бұл жоға­ры­да­ғы айтылған сөзіміздің дәлелі болса керек.

з

«Бүгін біз Балалар жылына арналған «Шаттық-2022» кон­курсының қортындылап отыр­мыз. Бұл байқау 15 жыл қата­ры­нан ұйымдастырылып келеді. Биыл­ғы жарысқа 4 мыңнан аса бала қатысты. Осыған орай жеңім­­­­­­паздар жиналған гала-кон­­­­церт өтті. Баса айта кететін жайт, біз осы концертпен Балалар жы­­лы­ның басталуын жариялап отыр­мыз. Қалада балаларға ар­нал­ған ауқымды іс-шаралар өткі­зіледі», деді қалалық білім бас­қар­масының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Иә, балалардың алақайлап асыға күтетін, ауыз толтырып ай­рық­ша айтатын ауқымды жоба­сы­ның жолға қойылып, тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жат­қанына – 15 жыл. Биылғы бай­қауда қатысушылар 9 аталым бойынша бақ сынап, нәти­же­сінде 47 үміткер алтын медаль иеленді. Ерекше ескеретін жайт, Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы жеткіншектердің жетекшілерін де назардан тыс қалдырмай, оларды да марапат­та­ды. Күні-түні күш салып, дарынды оқушысын дамытып, до­да­ға қосқан ұстаздардың ұмыт қалмағаны көпшіліктің көңіліне қуаныш ұялатты.

Аталған фестивальде оқушы­лар мен студенттер отбасы, махаббат, достық, жасампаздық, бей­бітшілік тақырыбы аясында адамзаттық құндылықтарды сахналады. Халықтық би өнерін жаңаша бейнелеп, эксклюзив шығармашылық композияция­ларды көрермен назарына ұсын­ды. Оларға балет пен театр әртіс­те­рі қолдау көрсетіп, бір сахнада өнер көрсетті.

Елорданың ертеңіне ерекше серпін беретін жалынды жас­тардың, озат шәкірттердің қа­та­ры жыл өткен сайын артуда. Халықаралық білім бәйгелерінен олжалы оралған оқушылар да жетерлік. Мемлекеттің мерейін асырған алғыр балаларды мек­те­бі мен мұғалімдері мақтан тұ­тады. 2022 жылдың 18-22 сә­уі­­рінде жалпы білім беретін пән­­дер бойынша оқушылардың рес­публикалық олимпиадасының қортынды кезеңі өтті. Оған елор­далық мектептердің 9-11 сынып­та­рының 193 оқушысы қатысты. Нұр-Сұлтан қаласының құрама командасы 93 жүлделі орынға ие болып, кезекті рет жоғары білім деңгейін көрсетті, оның ішінде 24 алтын, 29 күміс және 40 қола медаль бар.

Жақында «Астана дарыны» да­рындылықты дамыту және пси­хо­логиялық сүйемелдеу ор­та­лығы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің білім басқармасы мен «Дарын» республикалық ғы­лыми-практикалық орта­лы­ғы­ның, Zerde-Lider оқыту ор­та­лығының қолдауымен, химия және биология пәндері бойынша 7-8 сынып оқушылары арасында I аймақтық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін мара­паттау рәсімін өткізді. Атал­ған іс-шара да еліміздегі Бала­лар жылын мерекелеу аясында ұйымдастырылды. Олим­пиада теориялық және прак­ти­калық негізде 2 кезең бойынша өтті. Олимпиадаға Аты­рау, Маңғыстау, Павлодар, Қара­ғанды, Шығыс Қазақстан, Ақмо­ла, Қостанай облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының ко­мандалары қатысты. 149 жас зият­кер химия және биология пәндері бойынша күрделі олимпиада есептерінің шешімін табуда бар білімін көрсете отырып, додаға түсті. Дәлірек айтсақ, химия пәні бойынша 84 оқушы қатысты, оның ішінде: 7 сынып – 32 оқушы, 8 сынып – 52. Биология пәні бойынша – 66 қатысушы: 7 сынып – 40 оқушы, 8 сынып – 26. Интеллектуалдық сайыстарға қатысу мектеп оқушыларына олар­дың тұлғалық өсуі мен дамуына, өмірде табысқа жету үшін қажетті жаңа білім алуға, өз бетін­ше ойлауға, қабілеттері мен қы­зы­ғушылықтарын анықтауға көп­теген мүмкіндік береді.

Бауырмал бас қала ерекше балаларға да баса назар аударып, олардың қоғаммен тығыз байланысып, қоршаған ортада еркін өмір сүруіне де толық жағдай жасауда.

«Қаланың 90 мектебінде пандус бар. 21 мектепте лифт және көтер­гіштер орнатылған. 76 мек­­теп санитарлық тораптармен жаб­дық­талған. 81 мектепте ша­­қыру батырмалары бар. 74 мек­теп­те бедерлі жолақтар, жол­дар белгіленген. 72 мектепте тұт­қалар мен сүйеніштер бар. 73 мек­тепте кабинеттерге, асха­наға, кітапханаға және т.б. үй-жай­ларға кеңейтілген есік ойық­тары орнатылған. 80 мектепте арнайы жазулар, табличкалар, пик­тог­ра­ма­­лар бар», деді қала­лық білім басқармасының маман­да­ры.

«Денешынықтыру» пәні бо­йын­ша дене жүктемесінен бо­са­­тыл­ған балалар және мүмкін­ді­гі шектеулі балалар үшін бұ­қа­ра­лық спорт түрлерімен айналысу үшін спорт секцияларына тегін бару мүмкіндігі беріледі.

«2018 жылы халықаралық дең­гейдегі мамандандырылған пара­лимпиадалық жаттығу орта­лы­ғы пайдалануға берілді. Ол тек паралимпиадашылар үшін ғана емес, Нұр-Сұлтан қаласының барлық мүгедек адамдары үшін де спортпен шұғылдануға қол­жетімді. 2019 жылдың 1 қаң­та­рынан бастап мүмкіндігі шек­теу­лі Нұр-Сұлтанның барлық тұр­ғындары мүгедектік тобы мен жасына қарамастан спортпен тегін айналысуға құқылы. Ор­та­лықта голбол, отырып ой­нау волейболы, арбадағы тен­­нис және бочче бо­йынша спорт­тың ойын түрлері залы бар, пауэрлифтингке арналған кәсі­би аймақ жабдықталған. Күш жаттығуларына арналған бейім­дел­ген тренажерлер 811 шаршы метрлік орталықта паратаек­вон­до сабақтарына арналған 423 шаршы метр зал бар. Спорт бас­қар­ма­сының жанында «Мү­ге­дек спортшыларға арнал­ған балалар-жасөспірімдер спорт мек­тебі» КММ жұмыс істей­ді. Қабылдау мынадай мүге­дектік түрлері бойынша жүр­гізіледі: «тірек-қимыл аппараты зақымданған», «көру мүше­лері бұ­зылған», «есту мүше­ле­рі бұ­зыл­ған», «зияткерлік мүм­кін­дік­­тері шектеулі». Спорт секция­ла­­рында спорттың 18 түрі бойынша 430 спортшы шұғылданады, оның ішінде 114-і – 18 жасқа де­йінгі балалар. «Алау» мұз са­райында І, ІІ, ІІІ дәрежелі мү­ге­дек балаларға жеңілдіктер ұсы­нылады», деді Нұр-Сұлтан қала­сының білім басқармасы өкіл­дері.

Өткенде елордада инк­люзивті черлидингтен ашық рес­пуб­ли­ка­лық турнир ұйым­дас­ты­рылды.

«Бүгін біздің орталықта па­ра черлидингтен Қазақстан Рес­пуб­ликасының ашық чемпио­на­ты өтіп жатыр. Біздің жа­рыс­қа 220-дан аса ерекше бала қатысуда. Жарыстың негіз­гі мақсаты – мүм­кіндігі шек­теулі балаларды ор­таға бейім­деу, пара­лим­пиа­да­лық спорт түрлерін дамыту. Спортшылар Қазақ­стан­ның түрлі аймақтарынан келді. Нақтырақ айтсақ, олардың арасында Ақ­мо­ла, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының қаты­сушылары бар», деді Пара­лим­­пиадалық жаттықтыру орта­лы­ғының баспасөз хатшысы Нұрғали Жұмағазы.

Қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, сынға түсті. Мысалы, А тобында – есту қабілеті бұзылған (құлағы естімейтін, нашар ес­титін) спортшылар, B тобы – көру қабілеті бұзылған спортшылар (нашар көретін, зағип), С тобы – соматикалық аурулары бар спортшылар (эндокриндік жүйе аурулары, қант диабеті, ішкі ағзалардың болмауы және т.б.), D тобы – тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар (арбада отырғандар, т.б.), Е тобы – бұлшықет дамуы бұзылған спорт­шылар (полиомиелит, сер­пім­ділік, церебралды сал ауруы), F тобы – психикалық және ақыл-ой кемістігі бар спортшы­лар (ақыл-есі кем, аутизм спект­рі­нің бұзылуы, даун синдромы), G тобы – өсудің бұзылуы (ахондропла­зия), H тобы – аралас топтар (әр­түр­лі топтардың спортшылары) бар.

Нұр-Сұлтан қаласы әкім­дігінің мәліметінше паралимпиадалық жат­тығу орталығына ай са­йын ерек­ше қажеттіліктері бар 4 мың­­нан аса адам келеді. Олар спорт­тың 18 түрімен айналысады және бейімделген жаттығу залына барады. Мұнда пара черлидинг бойынша жаттығулар өткізіледі. Орталықтың барлық қызметі тегін.