Қазақстан • 05 Мамыр, 2022

Үйірлі шегірткелер үрей туғызады

949 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстанның әртүрлі табиғи-экономикалық аймақтарында шегірткелердің 270 түрі тіршілік етеді. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы егістіктері мен ауыл шаруашылығына пайдаланатын алқаптарға жыл сайын үйірлі шегірткелердің 15-20 түрі қауіп төндіреді. Алайда олардың тек 10-15 түрі ғана астық және техникалық дақылдардың, көкөніс пен бау-бақша егістерінің, мал жайылымдары мен шабындық жерлердің аса қауіпті зиянкестері болып саналады. Республикамыздың әртүрлі аймақтарда шегірткелердің тіршілік ету және көбею ошақтары баршылық.

Үйірлі шегірткелер үрей туғызады

Шегіртке зиянкестері үйірлі және саяқ болып екіге бөлінеді. Соның ішінде үйірлі шегірткелер ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауіпті зиянкесі ті­зі­міне енгізілген. Оларға қамысты қо­ға­лы жерлерге қоныстанған ел аузында көк­қасқа шегіртке деп аталатын Азия­лық (Locusta migratoria migratoria), құм­ды-шағылды шөлді жерлерде марок­калық (Dociostaurus maroccanus) және ита­лия­лық (Caliptamus italicus) шегірткелер жатады.

Шегірткелердің үйірлі түрлерінің не­гізгі сипаты артқы аяқтарының ірі, секіруге бейім және мұртшасының қысқа болуы тән. Олар саяқ шегірткелерге қа­рағанда таралу тығыздығына байланыс­ты өздерінің фенотипін, физиологиясын және өмір сүру образын өзгерте алатын қабілетке ие. Сонымен қатар олардың дернәсілдері ойдым-ойдым ошақтарда шеру құрып, ал имагосы, яғни ересек шегірткелер бірнеше мыңдаған шақырым арақашықтыққа дейін ұшып барып басқа жерлерді мекен ете алады.

Ерте көктемде топырақ температурасы қолайлы жиынтыққа жеткен кез­де жұмыртқалары жер бетіне шыға бас­тайды. Көктем-жаз айлары бойына дер­нәсілдері (личинкалары) 5 даму сатысынан өтеді. Жаздың соңғы айлары мен күз айының басында аналық шегірткелер жұмыртқаларын топырақ қабатына салып, өздері өмір сүрулерін тоқтатады.

Шегіртке зиянкестеріне қарсы жыл сайын жүйелі түрде химиялық өңдеу жұ­мыстары жүргізіліп жатқанымен, зиян­кес популяцияларын біржола құртып жіберу мүмкін емес, тек олардың сан мөл­шері азайтылып отырады. Жыл са­йын­ғы химиялық күрес жұмыстары ұйым­­дастырылып, қаншама адам жұмыл­ды­­рылып, қаражат бөлініп жатқанымен олардың таралу ареалы кей жылдары өр­шіп кетеді. Бұл жерде «неге» деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауапты бір­неше саты бойынша қарастыруға болады:

Біріншіден, шегіртке «көшпенді» зиян­кес, яғни ол бір жерде ғана тұрақтап тұр­майды және ол жаппай миграция жа­саған кезінде бірнеше мыңдаған ша­қырымды артқа тастап ұша алады. Сон­дық­тан оған қарсы күрес шараларын көр­шілес тұрған аудан, облыс, тіпті шекара­лас ел болып бірлесе жүргізу қажет.

Екіншіден, қазір дүние жүзінде болып жатқан ғаламдық жылыну, күн сәулесі белсенділігінің артуы, су қорының азаюы, жағалаулардың құрғап қалуы мен теңіз жағалауында жаңа аралдардың пайда болуы сияқты табиғи құбылыстар зиянкес ареалын арттырып отыр.

Үшіншіден, осы саладағы көптеген ғалым шегіртке зиянкесінің  әрбір 11-12 жыл сайын саны көбейіп шарықтау шегіне (пик) жетіп барып қайта бәсең­дейтінін алға тартады. Бұл да әлі толық зерт­теу жүргізетін, шала пайымдау, де­ген­­мен дәл мүшел болмағанымен, шын­дыққа жанасатын құбылыс.

Осы саладағы көптеген ғалым шегіртке тұқымдастарының жаппай көбейіп немесе депрессияға ұшырауын күн сәулесінің белсенділігімен байланыстырады. Кейінгі жылдарға көз жүгіртер болсақ, С.Сейфуллин атындағы аграрлық университеттің профессоры, жаратылыс ғылымдарының докторы В.К.Ажбеновтың көптеген еңбегінде шегіртке тұқымдастарының жаппай көбею кезеңдері 1909-1912, 1924-1927, 1931-1933, 1944-1947, 1953-1956, 1967-1970, 1977-1982, 1988-1991, 1996-1999 жылдарға сәйкес келеді екен. Содан кейінгі жаппай көбею 2012-2014 жылдарға сәйкес келді.

Зиянды шегірткелердің санын азайту – мем­лекет назарында тұрған бү­гін­гі таңдағы басты мәселе болып отыр. Үкімет қажетті ұйымдар құрып, мате­риал­дық-техникалық шаралар мен ғылыми зерттеулерді қолдап, ауыл шаруашылы­ғы алқаптарын зиянды ағзалардан қор­ғау мақсатында бюджеттен жыл сайын қаражат бөліп отыр.

Аса қауіптілер қатарына енген үйірлі шегірткелердің жаппай көбейген кезде ауыл шауашылығына тигізер залалын, сонымен қатар шекаралас елдерге ұшып таралу қаупін ескеріп, олармен күрес шаралары республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Ал саяқ шегірткелерге қарсы жүргізілетін іс-шаралар жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.

2021 жылы республикалық бюджеттен 2 млрд тенге бөлініп, пестицидтер сатып алу және барлық болжамдалған 626,121 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалды.

2022 жылы бюджеттен 1,9 млрд тенге бөлініп, аталған қаражатқа шашылатын пестицидтер, оларды сақтау, тасымалдау және қолдану қызметтері сатып алынды. Үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеуден өтетін алқап болжам бойынша 997,27 мың гектар болса, оның 760,688 мың гектары итальян прусына, 201,002 мың гектары азиялық шегірткеге қарсы жүргізіледі және 35,58 мың гектары мароккалық шегірткеге қарсы Түркістан және Жамбыл облыстарында күрес шаралары басталып кетті.

Республика бойынша жүргізілген мониторингтік зерттеу нәтижелері көр­сетіп отырғандай, шегірткелердің фа­залық жағдайы туралы көрсеткіш 2021 жылға дейін үйірлі шегірткелердің қоныстану аймағы бәсеңдеген болса, 2022 жылдан бастап көтеріліп келе жатқанын байқауға болады. 2025 жылға қарай үйірлі шегірткелердің қоныстану ареалы 1 546,94 гектарға дейін өседі деп болжамдалып отыр.

Биылғы өңдеу жұмыстарына 165 бірлік арнайы бүріккіш техника, со­ның ішінде 116 жерүсті желдеткішті бүрік­кіш, 26 аэрозольды генераторлар, 16 борт аса жеңіл авиация және 7 ұшақ жұ­мылдырылады.

Бүгінгі таңда Еуропа, Ресей және Қытай өндірушілерінен болжамдалған көлемге арналған Локустин, Вантекс, Регент, Грен голд сапалы пестицидтері сатып алынды, мердігер компаниялар анықталып, келісімшарттары жасақталды. Оңтүстік өңірлер марокколық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына кірісті, ал қалған аймақтар бойынша жоспарға сәйкес зиянкестің көктемгі күбіршік кезеңіндегі зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Өңдеу жұмыстарына қа­жетті препараттар химиялық өңдеулер басталғанға дейін жеткізілетін болады.

Ал зиянды шегірткелердің ошақта­рын анықтау-зерттеу мақсатында GPS-нави­гаторлар, GPS-трекерлер және FitoKZ гео­гра­фиялық ақпараттық жүйесіне тіркел­ген (ГАЖ) планшеттерді пайдала­нады.

Басқа мемлекеттермен шекаралық аймақта шегірткелердің таралып, дамуын болдырмау мақсатында келісімдер жасалып, бірлесе жасалатын жұмыс жос­парлары бекітіліп, сала мамандары бір-бірімен апта сайын фитосанитарлық ахуал жөнінде мәлімет алмасып отырады.

Ауыл шаруашылығына жаппай кө­бейіп кеткен жылдары саяқ шегірт­ке­лер­ден де келер залал аз емес. Соған байланысты, шегірткелердің бұл түрлерімен күресу шараларын ұйымдастыру мақса­тын­да жергілікті бюджеттен қаржы бө­лінеді. Биыл саяқ шегіркелер 269,24 мың гектар алқапта болжанып, жергілікті бюджеттен 659,9 млн тенге қаржы бөлінді.

Республика аумағында саяқ шегірт­ке­лердің таралуына соңғы 10 жылда жүргізілген талдау жұмыстары көрсет­кен­дей, 106,37 мың гектардан (2011) 239,285 мың гектарға (2022), яғни шегірткелердің бұл түрімен қоныстанған алқаптың да жылдан-жылға артып келе жатқанын байқатады.

Шегіртке зиянкестерінің жаппай таралуын, егістік жерлер мен жайылым, шабындықтардың оталуына жол бермеу мақсатында жергілікті жерлерде же­дел әрекет ету штабтары құрылып, жұмыс жоспарлары бекітілді. Облыстық аумақтық инспекциялар мен жергілікті атқару органдары бірлесіп, шегіртке зиян­кестерімен уақтылы және сапалы күресу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау қажет.

Жоғарыда айтылғандарды қорытын­дылай келе, тұтқиылдан шабуыл жасайтын аса қауіпті зиянкес – шегірткелерге қарсы күресті уақтылы және сапалы жүргізу үшін жергілікті жерлерде:

- аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес жөніндегі жедел әрекет ету штабтардың жұмысын жалғастыру;

- ауыл шаруашылығы тауар өндіруші­лері арасында шабындық жерлер мен жайылымдарда немесе басқа да ауыл шаруашылығы жерлерінде шегірткелер көрінген бойда тиісті органдарды ақ­параттандыру, химиялық өңдеу жұ­мыс­тары жүргізілетін жерлерде мал жаюға, шөп шабуға жол бермеу және басқа да іс-шаралар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

- әрбір облыс, аудан, округ әкімдік­тері­нен қажетті зерттеу шараларын жүргізуге адам бөлу, су жеткізуге және басқа да шараларға жәрдемдесу;

- күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда автокөлікпен қамтамасыз ету жөнінде жадынамалар тарату сұралады.

Шегіртке зиянкестерінің шекара маңындағы аумақтарға көшіп қонуын болдырмау үшін шекаралас аймақтарға ерекше назар аударылуы қажет.

 

Алмабек МАРС,

Ауыл шаруашылығы министрлігінің

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы