Мәселен, 26 сәуірде Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Қайыршақты ауылдық округіндегі Безымянный көлінде балықтың қырылу дерегі тіркелді. Осыған байланысты аталған су айдынына арнайы құрылған комиссия құрамында «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары жіберілді. Инспекторлар балықтың қайраңға шығып, әлсіреп қалғанын анықтады.
– Балықтың қырылуына қайраңға шығып қалғаны себеп болуы мүмкін. Әлсіреген балықтарды құтқару жұмыстары жүргізілді. Соңғы бес күн бойы Безымянный көліне су келіп жатыр. Өлген балықтарды санитарлық талапқа сай жою қолға алынды, – дейді инспекция басшысы Нұрлыбек Гайсин.
Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының мәліметінше, көктемде балықтар уылдырық шашу үшін қолайлы өріс іздейді. Безымянный көлінде қырылған балық каналға келіп, тіреліп қалған. Сол себептен, балықтардың уылдырық шашу орнына еркін кіруі үшін Қайыршақты округі аумағынан 800 метр канал қазылды. Каналдың тереңдігі – шамамен 1 метр.
Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахияновтың мәліметіне сүйенсек, былтыр су айдындарында 12 тонна балық қырылған. Ал биылғы 26 сәуірде Безымянный көлінен 65 кило өлі балық жиналды. Балықтың қырылу дерегі 29 сәуірде Махамбет ауданындағы Алмағамбет көлінде де тіркелді. Бұл көлде өлген балықтың мөлшері 507 килоны құрады.
– Жайық өзеніне көктемгі тасқын су 24 сәуірде келе бастады. Қазір Индер ауданында Жайық өзеніне таяу орналасқан 22 көлдің төртеуіне су келді. Ал Махамбет ауданындағы 18 көлдің алтауына су шықты. Балықтың қырылуының басты себебі Жайық өзенінің сағасына шығып, су айдынына қайта орала алмауынан болған. Өйткені сағаларға су тез келіп жатыр. Су кері қайтқанда, оттегі де азайған, – дейді Аян Бахиянов.
Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, Махамбет ауданындағы Алмағамбет көліне 10 жылдан бері су шықпаған. Сусыз қалған көлде жыңғыл өсті. Биыл бұл көлге су келді. Көлге сумен бірге шыққан балық жыңғылдың арасында қалып қойған, – деп мәлім етті Артур Сәдібекұлы.
Оның айтуынша, Алмағамбет көлінде балықтарды құтқару жұмысына Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясынан 40 инспектор, Алға ауылдық округінен 8 адам тартылды. Қазір өңірде 200-ден астам су айдыны бар. Оның 70-ке жуығы қауіпті айдын қатарына жатқызылған.