Қазақстан • 05 Мамыр, 2022

Әлем әзілдері – қазақ тілінде

585 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы аясында «Дәуір» баспасынан шыққан «Әлем әзіл әңгімелер» атты аударма кітапқа шетелдік сатирик-юмористердің таңдамалы шағын туындылары топтастырылыпты.

Әлем әзілдері – қазақ тілінде

Әрбір халықтың жан дү­ниесі оның күлкі-сықақ, әзіл-оспағынан да көрінеді. Белгілі бір халықтың сатира-юморында оның бүкіл тарихы, күрес жолы, әр дәуірдегі көңіл күйі көрініс табады. Сан қырлы сатира-юморынан сол елдің болмыс-бітімін, тұрмыс-тіршілігін, ең аяғы, қай қоғам қандай дәрежеде ғұмыр кешіп жатқанын да бағамдауға болады. 1976 жылы сатирик-драматург Қалтай Мұхамеджанов түріктің ғажап сықақшысы Әзиз Несинмен орыстың белгілі актері Аркадий Райкиннің өнер кешіне барады. Қалағаң шығармашылық кешті көріп отырған Әзиз Несиннен бей-жайлығын сұрағанда: «Әрине, Райкиннің жақсы-ақ актер, бірақ әр қоғамдағы әр халықтың күл­кісінің өз нысаны, мақсаты, әш­кере етер кесел-кесірі болады. Біз­дегі қоғамның нысанасы басқа, осы тұрғыдан алсақ, сіздердегідей майда-шүйдеге күлетін дәрежеге біз әлі жеткен жоқпыз» депті.

Әр елдің сатира-юморы сол халықтың тұрмыс-тіршілігіне, болмысына орай жазылып, соған сай өз мақсат-мүдде өресінен табылатыны сөзсіз. Ал түрік сатирасының дарабозы Әзиз Несиннің де шығармалары біз­дің қоғаммен үндесіп, оның уытты сатирасының қазақ оқыр­манының талғам-талап үде­сінен шығып жатуы қуан­тады. Түрік әзілінің бізге аударма арқылы жетіп жатуы да құптарлық дүние. Әзиз Несинді бұған дейін қазақ сатириктері аударып келгені белгілі. Ал қалың оқырманға ұсы­нылып отырған жинақта оның тың шығармаларының ауда­рылып берілуі құптарлық нәрсе.

Негізінде жинақ орыс са­тирик-юмористерінің туындыларын көбірек қамтыған. Ертеректегі классик Михаил Зощен­кодан тартып, орыс сати­рик-жазушыларының бетке ұстарлары Михаил Жванецкий, Михаил Задорнов, Лион Из­майлов бастаған Аркадий Ар­канов, Виктор Коклюшкин, Ар­кадий Инин, Герман Дробиз, Павел Асс, Семен Альтов, Леонид Французов, Евгений Голубев, Анатолий Тушкин, Лев Лайнер, Юрий Ищенко, Александр Хорт сияқты басқа да сатира сардарлары шығармаларының жи­наққа енуі кітаптың мазмұнын аша түсіп, қалың оқырманның қызығушылығын арттырады. Жинақтағы әңгімелерді оқып отырып қоғам қайшылықтарын шенеген тапқыр тақырыптарға, оғаш оқиғаға орай құрылған суреттемедегі пенде болмы­сындағы ұқсастықтарға риза боласың. Әңгімелердегі кере­ғар қылықтар біздің де болмы­сымызға жат емес.

Осы туындыларды аударған сатирик Берік Садырдың көр­кем әдебиеттің сатира-юмор жанры­на үзбей атсалысып келе жатқанына қырық жылдан асты. Ұсынып отырған «Әлем әзіл әңгі­мелері» атты жинаққа бір кездері баспасөз беттерінде жа­рияланған аудармаларының өзін сұрыптап топтастырыпты. Қазақ сатирасының белді өкі­лінің талғамынан шыққан шетел әзіл әңгімелерінің аудармасы әдебиетімізге қосылған соқталы дүние болып, қалың оқырман қауым ризашылығына бөленері сөзсіз.

Қай әңгімені алсаңыз да қысқа-нұсқалығымен ерек­шеле­неді. Жарық көрген осы жи­нақтан оқырман бақандай 352 шағын әңгіме оқи алады. Ал соншама әңгімені оқи отырып  қай­таланған тақырып, пішіндес мазмұндағы қос әңгімені кез­дестіре алмайсыз. Бұның өзін автордың кітап құрастырудағы аса жауапкершілігі деп білеміз.

Автор әңгімелерді аудару барысында оқиға желі­сінен ауытқымай, тек кей тіркес-тір­ке­мелерді өз оқырман­дары­мыз­дың талғамына сай беруі құп­тарлық әдіс-тәсіл. Оқиға баян­­­дауда артық-ауыс тұстар жоқ­­тың қасы. Тіл кестесі де ор­нықты, көпшілікке етене жақын қара­пайым да көркем тілмен өрнектеп шыққан.

 

«Егемен-ақпарат»