«Балалар жылы» аясында жүзеге асқан жобаға жүздеген жеткіншектің жеке жұмыстары қойылған. Өнерден өрнек іздеген өрендердің өмірді қабылдауы да әртүрлі. Заңғар көкке қол созған асқар таулар, қызғалдағы құлпырған жазира жоталар, айнадай тұнық айдын көлдер олардың арманына қанат бітірген.
«Бірге жасаймыз» жобасы мен «Сен суретшісің» шеберханасы кескіндеме мектебі ретінде 10 жыл бойы қалалық және аудандық көрмелерге белсенді қатысып келеді. Жас суретшілерге арнап Қазақстан мен Украинаның белгілі бейнелеу өнер шеберлері шығармашылық сабақтар, түрлі пленэрлер өткізуді дәстүрге айналдырған. Мектеп түлектері бүгінде тек Алматы қаласының ғана емес, сонымен қатар АҚШ, Англия, Аустралия және басқа да елдердің көркемсурет колледждері мен жоғары оқу орындарының студенттері.
Ең бастысы, аталған шығармашыл орта өнерге немқұрайды қарамайтын, өз дарындарын шыңдағысы келетін түрлі жастағы адамдарды біріктіре алды. Себебі шығармашылық ұшқынын әрбір адам бойынан табуға болады. Кенеп бетінде сенімді сырғыған қылқалам қимылынан түрлі жолақтар, бояулар мен бейнелер пайда болып, соңында тамаша бір картинаның дүниеге келуін бақылау да бір ғанибет. Күні кеше өнерден алшақ жүргеніңмен бүгін өзіңді кескіндеме өнерінде байқап көрген тіпті де бөлек. Балалар шығармашылығын қолдау, ата-аналар мен оқытушылардың өзара қарым-қатынастарын дәріптеу мақсатында ашылған көрме шаһар тұрғындары мен қонақтарына осындай керемет әсер сыйлайды.
Бейнелеу өнерінің барлық түрін қамтыған туындылар жас шеберлердің ішкі әлеміндегі толқынысын паш етеді. Қаншама жазықсыз жандар жапа шеккен әскери қақтығыстар, әлемдегі геосаяси тұрақсыздық балалардың да көңіл алаңына айналған. Адамзатты бейбіт өмірге шақырған картиналарда балалар жыламаса, ата-аналар аман болса деген әппақ тілек жатыр. Бірлік пен ынтымақты ту еткен кенеп жағындыларынан тазалықтың иісі аңқиды.