Үкімет • 06 Мамыр, 2022

Ұлттық қорды тиімді пайдалану керек

218 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысында «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға түзетулер енгізілді.

Ұлттық қорды тиімді пайдалану керек

Атап айтқанда, «Қазақстан Респуб­ли­касының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» және «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралды.

Осы құжаттарға сәйкес, Ұлттық қордан рес­публикалық бюджетке кепілден­дірілген трансферттің мөлшері 2022 жы­лы 4,03 трлн теңгеге дейін ұлғай­тылады. Бұл қаражат елдің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын одан әрі қамтамасыз етуге жұмсалады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, жыл басынан бері ел экономикасы өсуінің оң серпіні байқалған. Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны қаңтар-ақпан айларында 3,5 пайызға артқан. Ведомство басшысы келтірген деректерге сүйенсек, жыл басы­нан бері мұнайдың орташа бағасы бар­реліне 98 долларды құраған. Ал Дү­ние­жүзілік қаржы ұйымдары 2022 жылы «қара алтын» құны 74-105 доллар аралығында болады деп болжам жасап отырған көрінеді.

«Макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 доллар деңгейінде айқындалды. Осыны ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 3,9 па­йыздан 2,1 пайызға дейін төмендетілді. Номиналды ішкі жалпы өнім 91,5 трлн теңге көлемінде бағаланды. Бұл мақұлданған болжамнан 4,5 трлн теңгеге жоғары. Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 72,2 млрд долларға дейін көбейеді. Импорт 40,2 млрд долларды құрайды. Инфляция 8-10 пайыз аралығында болады», деді Ә.Қуантыров.

Министр 2022 жылы Республикалық бюджеттің кірістері 10,2 трлн теңгеге жететінін атап өтті. Бұл бекітілген жос­пардан 955 млрд теңгеге жоғары. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруға бағытталмақ.

Бұдан кейін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасап, рес­пуб­ликалық бюджеттің жай-күйін баяндады. Ведомство басшысының айтуынша, бюджет түсімдері 2,7 трлн теңгеге ұл­ғайып, 15,8 трлн теңгені құрамақ. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 3,3 пайызына теңеседі.

«Республикалық бюджеттің шығыс­тары 18,8 трлн теңге көлемінде болады деп жоспарланып отыр. Шығыстар 2,7 трлн теңгеге көбейіп, мына басым бағыттарға жұмсалады. Бірінші, Прези­денттің тапсырмаларын іске асыруға 1,8 трлн теңге қарастырылған. Бұл күш құрылымдары мен төтенше жағдайлар органдарының жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын күшейтуге бөлінеді. Сондай-ақ өңірлер мен бизнесті қолдауға, халықтың табысын арттыруға, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономиканы әртараптандыруға жұмсалады.

Екінші, макроэкономикалық көрсет­кіштердің өзгеруіне байланысты 173 млрд теңге сомасында қосымша қаржы қарастырылды. Аталған қаражат есебінен әлеуметтік шығыстар индекстеледі және теңгенің долларға қатысты бағамының өзгеруіне байланысты шығындар қаржы­ландырылады.

Үшінші, бағдарламалық құжат­тар­дың іс-шараларын және шұғыл мін­деттемелерді орындауға 476 млрд теңге бағытталады. Бюджетті нақтылау нәтижесінде нақты сектор мен өңірлерді қолдау күшейтілді. Бұны бюджет шы­ғыстарының құрылымы көрсетіп отыр. Яғни, шығыстар өсімінің басым бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға кетеді», деді Е.Жамаубаев.

Министр келтірген деректерге сүйенсек, бұған қосымша 1,3 трлн теңге бөлініп отыр. Тиісінше, аталған салаға арналған шығыс 3,4 трлн теңгеге тең. Жалпы шығыстың 18 пайызына жетті.

«Осындай ынталандыру орта мерзімде елдің дамуына оң мультипликативтік әсер етеді. Әлеуметтік блоктың шығыстары 581 млрд теңгеге ұлғайтылып, 8,6 трлн теңгені немесе бюджеттің жалпы шығыс­тарының 46 пайызын құрайды. Қосымша қаражат әлеуметтік төлемдерді индекс­теуге, медициналық көмек көрсетуге, еңбек нарығын дамытуға және жастарды қолдауға бағытталады.

Күш құрылымы шығыстары 446 млрд теңгеге артып, 2,2 трлн теңге сомасында жоспарланған. Жалпы көзделген шығыстардың 30 пайызға жуығы нысаналы трансферттермен өңірлерге беріледі. Олардың жалпы сомасы 818 млрд теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер 475 млрд теңгені құрайды. Нақтылауды ескере отырып, өңірлерге республикалық бюджеттен жалпы шығыстардың 5,5 трлн теңгеден астамы бағытталады», деді Е.Жамаубаев.

Жалпы алғанда, республикалық бюджетке ұсынылған түзетулер Мемлекет басшысының азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындауды көздейді. Олардың қатарында халықтың табысын арттыру бағдарламасын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды, өңдеу өнеркәсібі мен кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі бағдарламаны іске асыруды қаржыландыру мәселелері бар. Бұдан бөлек, қаңтар оқиғасының салдарын жою, күш құрылымдары мен төтенше жағдайлар органдарының жауынгерлік дайындығы мен жабдықталуын арттыру, өңірлерді дамыту бағыттарына да баса мән берілді.

Мәулен Әшімбаев Сенат отырысында халықты жұмыспен қамту мәселесіне қатысты пікір білдірді. Сенат Спикері бұл бағытта ескі тәсілдерден арылып, әлемдегі озық үлгілерге басымдық беру керек екенін айтты.

«Халықтың табысын арттыру – ең маңызды мәселе. Бұл бағытта Үкімет жаңа бағдарламаны қолға алып, қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл саладағы кешенді жоспарды іске асыру үшін 197 млрд теңге бөлінеді. Осы ретте уақытша жұмыс орындарын ашу, төлемақы төлеу сияқты ескі тәсілдерге жол бермей, жаңа басымдықтарды қолға алуымыз керек. Халықаралық тәжірибелерді зерделеп, кедейшілікпен, жұмыссыздықпен күресте нақты нәтижеге жеткен елдердің озық үлгілерін ескеруіміз қажет. Бұл Жаңа Қазақстан құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болары сөзсіз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжа­новты алдағы уақытта Палата отырысына шақырып, осы бағыттағы жасалып жатқан жұмыстарды, қолға алынатын жаңа тәсілдерді және оларды іске асыру үшін сенаторлар тарапынан көрсетілетін қолдауды пысықтап алуды ұсынды.

Аталған маңызды заңдар жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев ішкі және әлемде болып жатқан оқиғалар ел эко­номикасына кері әсерін тигізіп отыр­ғанын айтты. Бүгінде шикізат бағасы өскенімен, Қазақстан импорттайтын тауарларға инфляцияның арта түскені белгілі. Логистикаға қатысты проблемалар да өзекті. Сенат Төрағасы осындай күрделі жағдайға қарамастан мемлекет экономиканы қорғау үшін қажетті шараларды қабылдап жатқанын және өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ ол биылғы ел бюджетінің шамамен жартысы әлеуметтік салаға жұмсалатынына назар аударды.

«Бүгін қабылданған түзетулердің нәтижесінде сәуір айынан бастап зейнет­ақы мен әлеуметтік төлемдер қосымша 4 пайызға индекстеледі. Мұндай қа­дам 4 миллионнан астам адамға игі әсерін тигізеді. Жалпы алғанда, зейнет­ақының орташа мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өседі. Халықтың табысын арттыру бағдар­ламасы бойынша Кешенді жоспарды іске асыру үшін 197 млрд теңге бөлінеді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыруға 238 млрд теңге қарастырылды. Экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі де ұлғаяды. Осы шаралардың бәрі экономикамызды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Нақтыланған республикалық бюджетте бизнесті қолдау және өңірлерді дамыту бағдарламаларын қаржыландыруға да баса мән беріліп отыр.

«Жалпы бөлінетін қаржының және жоспарланған жұмыстың нақты нәтиже беруі маңызды. Республикалық бюджеттің әр теңгесі орнымен бөлініп, тиімді жұмсалуға тиіс. Ұлттық қордың да қаржысын дұрыс пайдаланған жөн. Бюджет тапшылығын сырттан қарыз алып қаржыландыру мәселесін қайта пысықтаған абзал. Қарызды көбейте бермей, бар қаражатты дұрыс пайдалану қажет. Сондықтан бюджетті қараған кезде нәтиже бермейтін науқандық шараларды қаржыландыруға жол берілмеуі керек. Үкімет мүшелері, әкімдер, басқа да лауазымды тұлғалардан алдағы уақытта осы мәселелерді ескеруді сұраймыз», деді Сенат Спикері.

Сенаторлар мәселені талқылау барысында бюджет қаражатының жұмсалуын сапалы бақылау ісіне де баса мән берді. Депутаттар аталған заңдарды қолдай отырып, Үкімет мүшелерінің назарын бірқатар маңызды мәселелерге аударды. Олардың қатарында экономиканың өсуін қамтамасыз ететін шаралар қабылдау, мүгедектігі бойынша зейнетақыны ин­дек­с­теу, елдегі макро және микроэко­но­ми­калық жағдайды бағалау және болжау жұ­мыстарын жетілдіру, сондай-ақ, сырт­қы қарыздар мен Ұлттық қордан бері­ле­тін трансферттер көлемінің өсу қар­қы­нын төмендету сияқты нақты шаралар бар.

Депутат Мұрат Бақтиярұлы Үкімет қолда бар қаражат шеңберінде жұмыс істеуді үйренуі қажет екенін алға тартты. Ұлттық қордан берілетін тұрақты трансферттер болашақта кері әсерін тигізуі мүмкін. Сенатор Ұлттық қор ақшасының орнына бұрын бекітілген бюджеттерді тиімді пайдалануға болатынын атап өтті. Атап айтқанда, жұмыспен қамтуды дамыту бағдарламасына бөлінетін қаражат тиімділігінің төмен екеніне алаңдаушылық білдірді. Депутаттың айтуынша, соңғы он жылда жұмыспен қамту бағдарламаларына 1 трлн теңгеге жуық қаржы жіберілген. Алайда елімізде жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны азайған жоқ.

«Жұмыспен қамтуға бағытталатын бюджет қаражаты жыл сайын артқанымен нәтиже аз, жұмыссыздар қатары азаятын емес. Таяу арада еліміздегі кәсіптік-орта арнаулы және ЖОО бітіретін 300 мыңға жуық жас еңбек нарығына шығады, ал нарық қажеттілігі 190 мың адам ғана. Бұл – үлкен мәселе. Жұмыс орындарын көбейтпей, бұл мәселені шешу мүмкін емес», деді депутат.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар «Республикалық рефе­рен­дум туралы» Қазақстан Республи­ка­сының Конституциялық Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» конституциялық заң жобасын қарады. Бұл құжат республикалық рефе­рендумның қорытындысын шығару кезінде бюллетеньдерді жарамсыз деп тану қағидалары бойынша өзгерістерді қарастырады. Сондай-ақ референдумға қатысу кезінде азаматтың дауыс беру рәсімін нақтылайды.

Заң жобасын қарау кезінде депутаттар құжатқа түзетулер енгізуді ұсынды. Сенаторлардың ұсынысы бойынша заңның 3-бабының 2-бөлігі өзгертілді. Сенат енгізген түзетуде «Мемлекеттің тәуел­сіздігін, Республиканың біртұтас­тығы мен аумақтық тұтастығын, оны бас­қару нысанын, Республика қызметінің түбе­гейлі принциптерін өзгерту» мәсе­лелері референдумға салынбайды деп көр­сетілген. Құжат осындай түзетумен Мәжіліске қайтарылды.