Пікір • 06 Мамыр, 2022

Мәні зор шешім

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы еліміздің саяси өмірі үшін мәні зор шешім қабылдады. Президент ұсынысымен Конституцияның 33 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып, референдум жарияланды. Президенттің бұл ұсынысы елдегі саяси реформаларды іске асыруға жол ашады. Себебі халық елінің болашағы үшін маңызды мәселеде өз ой-пікірін айтуға құқылы.

Мәні зор шешім

Сондықтан барлық қазақс­тандықтар референдумға бел­сенді қатысуы керек. Мен де әріптестеріммен бірге Мем­лекет басшысының бастамасын толық қолдаймын. Әрі Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ретінде Президенттің қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды саналатын жерге иелік ету мәселесін шешу қажеттігіне арнайы тоқ­талып, «Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық» деген норманы Конституцияда біржола бекітуі бүгін ғана бас­талған іс емес екенін айтқым келеді. Себебі бұл бағытта ел Президенті жүйелі жұмыс істеп келеді. Мәселен, өткен жылы Парламентте «Жер кодексі» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Президент жерді шетелдік азаматтарға сатуға және жалға беруге тыйым салған шешім қабылдағаны баршаға мәлім. Енді міне, «жердің және табиғи ресурстардың иесі – халық» деген норманы Конституцияға кіргізіп, халық игілігі үшін жер мәселесін Ата Заңмен бекітіп жатыр. Мұның бәрі Мемлекет басшысының маңызды мәсе­лелерде жүйелі бағытты ұстанып келе жатқанының бір дәлелі. Жер – ата-бабадан келе жатқан мұра. Біз де өз кезегімізде жерді, жер қойнаулары мен табиғи ресурстарды ұқыпты пайдаланып, келер ұрпаққа аманат етуіміз керек. Бұл Жаңа әрі Әділетті Қазақстанның басты ұстанымына айналуға тиіс.

Саяси қадам ішінде қол­дауға тұратын өзгерістің бірі – Пре­зиденттің саяси бей­та­рап­тылығының заң жүзінде бекітілуі. Егер Мем­лекет басшысы ешбір саяси партияның мүшесі болмаса демократиялық қоғамда көп партия жүйесі дамиды. Өз кезінде бұл сайлау жүйесін өзгертуге ықпал етеді. Әр адам өз болашағын айқындайды, көзқарасын біл­діреді. Нәти­жесінде, сайлауға көпшілік белсенді қатысып, сайлау адал өтеді. Осындай функция­лар арқылы халық пен биліктің арасы жақындай түседі. Заман талабына сай қолға алынған реформа саяси жүйенің түлеп, қуаттана түсуіне жол аша­ды. Жалпы, мемлекеттік бас­қарудың тиімділігі артады.

 

Аманғали БЕРДАЛИН,

Мәжіліс депутаты