Еліміздің Қарулы Күштерінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында біз осы қызметтің көпке көріне бермейтін кей қырын ашып көрсетуді ниет еткен едік. Құрылған күнінен бастап қастерлі Тәуелсіздігіміз бен ел күзетінде тұрған Тыл қызметінің де арқалаған жүгі ауыр, жауапкершілігі салмақты. Бұл қызметтің өзіне тән ерекшелігі мен қыр-сыры жайлы мәлімет берген Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов Тыл қызметінің тыңғылықты жұмысты қажет ететінін алға тартты.
Мәселен, генерал-майор әскердің келбетін келістіріп, оң беделін қалыптастыруда әскери киім үлгісінің маңызы ерекше екенін айтады. «Әскери киім үлгісі Отан қорғаушының оң келбетін қалыптастыруда ерекше рөлі бар. Біріншіден, ол қоғамда белгілі бір мінез-құлық үлгісін қалыптастыруға ықпал етеді. Біраз әріптестерімнің бала күнгі арманы әскери қызмет ету болғанын және бұл арманы үйіне әскери формада келген адамды алғаш көргеннен кейін пайда болғанын жақсы білемін. Екіншіден, этикалық-эстетикалық тұрғыдан да әскери киім үлгісінің қызметтік мәні ерекше. Киім іс-қимылға ыңғайлы және климаттық жағдайлар ескеріліп, маусымға сәйкес болуы керек», дейді ол.
Рас, әскери киімнің мемлекеттің имиджін қалыптастырудағы орны орасан екені даусыз. Мәселен, жыл сайын қазақстандық әскери қызметшілер халықаралық оқу-жаттығуларға, Армия халықаралық ойындарына, БҰҰ күштері құрамындағы бітімгершілік миссияларға қатысады. Мұнда да шетелдік әріптестердің назарын аударатын бірінші нәрсе – киім-кешек пен оған тігілетін керек-жарақтар. Әскери киім үлгісі арқылы елдің тарихи ерекшеліктері мен халықтың ұлттық дәстүрлері жеткізіледі.
Қазіргі әскери киім үлгілері бірден пайда болмағаны да түсінікті. Жалпы, әскери киім тігу кезінде ескерілуге тиіс бірнеше маңызды фактор бар. М.Таласов алғашқы жылдары экономикалық қиындықтарға байланысты Қарулы Күштерді киім-кешекпен қамтамасыз ету мүмкіндігі шектеулі болғанын жасырмады. Сондықтан алдымен Кеңес дәуірінен бастап қоймаларда қалған киімдерді пайдалануға тура келген.
«Бұдан өзге, біз заттай мүлікпен қамтамасыз етудің отандық жүйесін құруды қолға алдық. Киімге, аяқ киімге және оған қажетті заттарға қойылатын талаптар әзірленді. Бұл ретте климаттық жағдайлар мен халықтың антропометриялық көрсеткіштері, сондай-ақ шетелдердің озық тәжірибесі ескерілді. Әскери қызметшілерге арналған нысанды жасау кезінде Ұлы дала нышандары, қазақ батырларының әскери өнер дәстүрлеріне қатысты элементтердің пайдаланылғаны да маңызды», дейді генерал-майор.
Қарулы Күштердің өткеніне көз тастасақ, 30 жыл ішінде әскердегі киім үлгісінің үш рет ауысқанын аңғаруға болады. Мәселен, 1999 жылы теңіз әскерінің салтанатты киімі де, күнделікті киімі де қара түсті болған. 2010 жылы Қарулы Күштердің Тыл басқармасы отандық дизайнер Құралай Нұрқаділованың авторлық үйімен бірлесіп, тек сапалы емес, сонымен қатар эстетикалық сипатымен ерекшеленетін киім-кешек үлгілерін әзірлейді. Қазіргі таңда қазақстандық әскери қызметшілер осы форманы киіп жүр.
Күнделікті киім үлгілеріне келер болсақ, Құрлық әскерлерінің әскери қызметшілері даланың жусаны түстес, Әуе қорғанысы күштері – қошқыл көк нысанды, Әскери-теңіз күштерінің күнделікті киімі – қара, салтанатты киім үлгісі – ақ.
Генералдың айтуынша, бас киім үлгілерінде төбесі биік қалпақ азайған. Металл фурнитура ауыстырылды. Погондарда ою-өрнек қолданылды, ал жоғары офицерлер құрамында мерейін, даңқын арттыратын белгілермен өрнектеліп үйлесім тапқан.
Әскери қызметші әйелдердің салтанатты киім үлгісі де тамаша тігілген. Көк түсті костюм мен ақ етік, басқа пилотканың орнына – шляпа.
Осыған орай біз Қорғаныс министрінің орынбасарынан әскери қызметшілерге арналған киімді тігумен және киім-кешек дайындаумен кімдердің айналысатыны жөнінде сұрап білген едік. Генерал Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушылармен тікелей шарт жасалмағанын алға тартты. Өйткені орындаушыны таңдау мен заттай мүлікті жеткізуге шарт жасасу Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктелген. Бұл «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы» заңмен нақтыланған.
«Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары өнім әзірлеуде жоғары деңгейлі отандық шикізаттың айтарлықтай артықшылықтары бар. Бұл фактор отандық өндірушілердің тізімін қалыптастыру кезінде ескеріледі. Сондықтан отандық кәсіпорындар қазақстандық шикізатты қамту пайызын арттыруға ұмтылуда.
Киім-кешектің сапасы ыңғайлы және жылы т.б. талаптарға сай келуі керек. Іс жүзінде бұл әрдайым бола бермейді. Кейде бұл киімдердің тез тозатын, материалы нашар болып келеді», деген генерал сапа мен баға арасында тепе-теңдік туралы ойын да бүкпесіз жеткізді. «Баға мен сапа арасындағы мәселе күн тәртібінен түспейді. Төмен баға бойынша қорғаныс тапсырысын орындаушының белгілі бір кемшіліктері болады. Бұл тұрғыда Қорғаныс министрлігі әзірлеген белгілі бір ұлттық стандарттар бір екенін айтып өткім келеді. Мәселен, 2017 жылы заттай мүлікке 47 жаңа ұлттық стандарт, 2018 жылы 23 стандарт, 2019 жылы тағы 28 стандарт әзірленді. Киім-кешек қызметінің мамандары олардың сақталуын қатаң қадағалайды, сондай-ақ тәжірибеде үлгілерді сынауға қатысады», дейді М.Таласов.
Тыл қызметінің басты бағыттарының бірі – жауынгерлерді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету. Өйткені жауынгердің көңіл күйі, әскери қызметшінің денсаулығы көбіне олардың дұрыс тамақтануына байланысты десе болады. Қарулы күштерде азық-түлік қызметінің қалыптасуындағы маңызды сәттерді атап өткен генерал-майор ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Кеңес армиясының нормаларымен тамақтанғанын айтады.
«30 жыл ішінде азық-түлік рационының нормалары төрт рет өзгерді. 2011 жылы біз бұл жұмысқа ғалымдарды тарта бастадық. Осы мақсатта Қарулы күштердің Материалдық-техникалық қамтамасыз ету бас басқармасы «Қазақ тағамтану академиясы» ЖШС-мен азық-түлік үлестерінің нормаларын әзірлеуге қатысты шарт жасасты. Мамандар шынығуға кететін жүктемелердің, орындалатын тапсырмалардың ерекшеліктері мен әскер түрлерін ескере отырып, жеке тамақтану рациондарын (ЖТР) әзірледі», дейді ол.
Ғылыми мекеменің ұсынысына сәйкес азық-түлік пен сусындардың 85 атауы бойынша азық-түлік рационы мен жеке тамақтану рационының құны есептелген. Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, қолданыстағы үлес нормалары ағзаның қорғаныш күштерін арттыруға және әскери қызметшілердің денсаулығын нығайтуға оң әсер етеді.
Ал «Әскери қызметшінің рационы қаншалықты өзгерді, ол ағзаның қажеттілігін өтей ала ма?» деген сұраққа жауап беру кезінде М.Таласов бұл қызмет түрінде рационның маңызды екеніне тоқталды. «Бұрын құрғақ рационда тек бес тағам түрі, мәселен, печенье, ет және ет-өсімдік консервілері, қант пен шай пайдаланылса, 2017 жылы бекітілген тамақтану рационының калория мөлшері мен ассортименті сол кездегі құрғақ рационнан едәуір асып түседі. Мысалы, жалпыәскери тағамға жартылай ысталған шұжық, ірімшік, бал, банан және апельсин қосылды. Рационның әрбір нормасы «Қазақ тағамтану академиясы ҚБ» ЖШС-мен ғылыми тұрғыдан қарастырылды. Жалпыәскерлерден бөлек, десантшылар, матростар, ұшқыштар және басқа да әскерлер үшін тамақтану нормалары жасалды. Жеке тағам рационының пакеттерінде жетіден онға дейін тағам түрлері бар.
Дегенмен біз бір орында тұрып қалмаймыз. Қазақстандық әскери қызметшілердің бітімгершілік күштер құрамында әлемнің шиеленіскен нүктелеріндегі тәжірибеге қатысуы эстетикалық аспектілер тұрғысынан да азық-түлік үлесін жетілдіру қажеттігін көрсетті. Біз енді осы бағытта жұмыс істейтін боламыз», деді генерал.